Ресеймен сауда-саттық жасаймыз деп, Еуропаның азуына ілінбейміз бе?

2250

Ресейдің Украина еліне басып кіріп, соғыс жариялағанына, міне, бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында АҚШ бастауымен бүкіл Батыс елдері Ресейге шүйлігіп, санкциялардың 10 пакетін қабылдады. Яғни сауда-саттық көлемі 160 млрд доллардан аспайтын тауарларға 47 шектеу іс-шаралары енгізілді.

Ресеймен сауда-саттық жасаймыз деп, Еуропаның азуына ілінбейміз бе? Фото: inbusiness.kz

Батыс осы талаптарға қарсы шыққан кез-келген ел қатаң жазалатынын ескертті. Ресейге о баста ашық жәрдемдескен, оның саяси бағытын қолдағаны үшін санкциялар астында қалған Беларусь – ескертпенің құр сөз емес екенінің айқын дәлелі. 

Алайда барлық саяси тәуекелдерге қарамастан, Қазақстан Ресеймен сауда-саттықты жалғастырып қана қоймай, оны дамыта түскендей. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық деңгейі бұрын-сонды болмаған көрсеткішке – 35%-ға көтеріліп, 25,6 миллиард долларды құрады. Оған қоса қазақстандық кәсіпкерлер де Батыс елдерінің Ресейге қатысты санкцияларын пайда көріп қалуға тырысқан. 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстан сауда компаниялары солтүстік көршісіне электроника мен телефондарды 575 млн долларға сатқан. Демек бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 есе артқан. Соның ішінде ең көп жіберілетін тауарлар қатарында – 375,4 миллион долларға сатылған компьютерлік техника, мониторлар мен проекторлар. Оның саны бар болғаны бір жыл ішінде 400 есе өсті. Ал смартфондардың сатылымы бес есе өсіп, 140 млн долларды құрады. Тұрмыстық техниканы қазақстандық компаниялар Ресей Федерациясына 59 млн доллардан астам сомаға жөнелтті.

Қайдан? Қалай? Кімге?

Бүкіл әлемнің қарсылығына ұшыраған елмен белсенді қарым-қатынас ертең еліміздің сыртқы саяси өміріне нұқсан келтірмей ме? Оның қандай әсері болмақ?

Жанама кері экспорт мәселелері бойынша Қазақстанның ресми ұстанымы - Ресейге санкциялық тауарларды сатуға тыйым салу. Мұндай тыйымды орындау ретін ҚР Қаржы министрлігі арнайы бұйрықта айқындап, оның жобасын ведомство өткен жылдың жазында жариялады.

"Біз о баста салынып жатқан санкцияларды халықаралық саяси құрал ретінде пайдалануды қолдамайтынымызды, дегенмен оларды айналып өту не бұзу шараларына қолдау білдірмейтінімізді ашық айттық. Сондықтан, Қазақстан үкіметінде дәл осы мәселемен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Тағы бір ерекше атап өтетін мәселе – АҚШ, Батыс елдері мен Ұлыбританиядан Қазақстанға ресми наразылық түскен жоқ", - деді Роман Василенко. 

Министрлік өкілі Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық кейінгі екі жылда анағұрлым артқанын растап, бірақ бұл мәселені қарастырғанда ең алдымен экспорттың артқанына емес, тауарлардың қайдан алынып жатқанына көңіл бөлу керектігін алға тартты. Оның айтуынша, біздің елден жіберілген техниканың дені Қытай, Үндістан сынды мемлекеттерде өндірілген, яғни ешқандай санкцияға ілінбейді. Сондықтан қазақстандық компаниялар халықаралық талаптарға қарсы қылық шығарған жоқ.  

"Соңғы жылдары Қазақстанға келіп түсетін не басқа елдерге жіберілетін тауарлар ағынында біраз өзгерістер орын алды. Қазақстанға тауарлар Еуропа елдерінен бөлек, Қытай, Үндістан, Вьетнам сынды мемлекеттерден тікелей келетін болды. Яғни бұрын барлығы Ресей арқылы жеткізіліп, "ресейлік" экспорт саналса, қазір бәрін тікелей алып отырмыз. Сәйкесінше аталған елдерден елімізге жеткізілетін тауарлар экспорты артты. Сол себепті Қазақстаннан Ресейге жіберілетін тауарлардың саны да ұлғайды, бірақ олардың басым көпшілігі жанағы елдерде өндірілген тауарлар. Өздеріңіз түсінгендей, оларға батыстық санкциялар жүрмейді", - деп түсіндірді СІМ өкілі. 

Дегенмен ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ашық деректерін талдай отырып, Қазақстаннан Ресейге нақты қандай өндіруші елдердің тауарлары экспортталатынын анықтау мүмкін емес екенін түсіндік. Электроника импорты бойынша Статистика көрсеткендей, ҚР ұялы телефондарды, компьютерлер мен тұрмыстық техниканы тек АҚШ пен Еуропадан ғана емес, Азия елдерінен - Қытай, Вьетнам, Түркиядан импорттайды.

Әр түрлі тауарлар топтарының импортындағы батыстық өнімдердің үлесі әр түрлі. Мысалы, 2022 жылғы қаңтар-қазан деректері бойынша ЕО мен АҚШ елдерінен телефондар импортының үлес салмағы осы санаттағы барлық келіп түсетін тауарларлың небәрі 7%-ын құрады, компьютерлер үлесі 16% болса, тоңазытқыштар 24%-ын алып отыр. Осылайша, сауда желілерінің ішкі коммерциялық ақпаратын жария етпей, Қазақстаннан Ресейге еуропалық тауарлар экспортталғанын дәлелдеу қиынға түспек.

Былай тартсам өгіз өледі, бұлай тартсам арба сына ма?

Экспорт мәселесінде Қазақстан тарапынан шикілік болғанымен, Ресейге тыйым салынған тауарларды екінші елдер арқылы жеткізу төңірегіндегі жағдай, жалпы санкциялық шектеулерді орындалуы батыс елдерінің ерекше бақылауында екенін ұмытпаған дұрыс.

Дегенмен батыс елдерінің өзі Мәскеумен үзілді-кесілді барлық байланысты үзді деп айтуға келмейді. Яғни Орта Азия елдерінің Ресеймен белгілі-бір экономикалық серіктестікте болуы – оларды халықаралық қарым-қатынастан ысырып салуға еш негіз бола алмайды. Сонымен қатар, шикізат тапшылығынан экономикалық дағдарыс алдында тұрған Еуропа үшін дәл қазір асы аймақтағы басты серіктесінен айырылу ең тиімсіз қадам.

Халықаралық саяси алаңдағы жағдайға байланысты Қазақстан қазір ЕО-мен серіктестікті одан әрі дамыту үшін оның ығына жығылып, талаптарын барынша қанағаттандыруда. Қазақстанда санкцияға енген тауарлармен сауда-саттық ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ерекше бақылауында. Олар ЕО, АҚШ немесе Ұлыбритания санкцияларына жататын тауарлар тізімі жарияланған traderadar (http://traderadar.kz/) порталын іске қосты. Ал Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті санкциялық тізімдерге кіретін тауарлардың импорты мен экспортына тұрақты мониторингті жүзеге асырады. 

Не дегенмен ЕО тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 160 млрд. доллардан асатын Қазақстанның ең ірі сауда әрі инвестициялық серіктесі болып қала береді. 2022 жылдың 9 айында Еуропалық инвестициялар ағыны 10%-ға өсіп, 8 млрд долларды құрады. ЕО-ның үлесіне Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен 30%-ы тиесілі. 2022 жылы тауар айналымының көлемі рекордтық көрсеткішке жеткені тағы бар, сондықтан Қазақстан үшін осы серіктестікті сақтап қалу өте маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу