Қазақстан мен Ресей достығына кірбің түспейді

1882

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерация президенті Владимир Путинмен екі елдің XVIII өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында кездесті. 

Қазақстан мен Ресей достығына кірбің түспейді

Оренбургте өткен іс-шараға қос мемлекеттің 40 өңірінен жергілікті билік органдарының қызметкерлері, бизнес өкілдері мен қоғамның белсенді мүшелері видеобайланыс арқылы қосылды. Биылғы форумның басты тақырыбы - халықаралық сауданың инфрақұрылымдық шектеулерін алып тастау, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мемлекет басшымы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы кездері халықаралық сауда саласында жаһандық дағдарыстың байқалатынын айтып, бүгінгі форумның маңыздылығына тоқталды. Әріптесі Путинннің осы саладағы шектеулерді жою туралы ойымен келіскендей болды.

"Форум тақырыбының өзі халықаралық саудадағы дағдарыс пен геосаяси белгісіздіктің қазіргі жағдайында зор маңызға ие. Шындығында, барлық шектеулерді алып тастау және саудада өзара тиімді жағдай жасау елдеріміздің сапалы экономикалық өсіміне негіз болады. Сондықтан, бүгінгі кездесуіміздің ерекше маңызы бар", - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті Дүниежүзілік сауда ұйымының дерегіне сәйкес, әлемнің ең дамыған елдері соңғы жарты жылда экспорттық шектеулер енгізу қарқынын арта түскендігіне назар аударды.

"Мәселен, G20 елдері осы жылдың мамырынан қазанға дейін сауда-саттық көлемі 160 млрд доллардан аспайтын тауарларға 47 шектеу іс-шараларын енгізді. Әңгіменің төркіні экспортқа үнемі туындап отырған шектеулер, қосымша лицензиялық талаптар, квоталар мен салықтар жайында болып отыр. Осының аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жаһандық тенденциядан өзгеше болуы қуантады", - деді Президент.

Соған қарағанда қазіргі Ресейдің халықаралық алаңдағы саяси жағдайына қатысты салынған санкциялар мен шектеулерге қарамастан, Қазақстан көрші елмен сауда-саттықты тоқтатпайды, керісінше дамыта түспек. Сонымен оның құны қанша?

Екі ел басшысы екі түрлі жауап берді

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, екі ел арасындағы өңіраралық байланыс барған сайын нығая түсуде. Сөзіне дәлел ретінде мынандай сандық мәліметтер келтірді: қазір барлығы 89 РФ субьектісінің 76-сы қазақстандық серіктестермен тікелей сауда-экономикалық байланыс орнатқан. Ал Астана мен Мәскеу, Алматы-Санкт-Петербург, Дондағы Ростов пен Орал, Ақтау мен Махачқала, Павлодар мен Омск қалалары арасында тұрақты негізде достық тығыз байланыс орнаған. 

“Өңірлердің белсенді өзара байланысы арқасында былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық деңгейі бұрын-сонды болмаған көрсеткішке - 35%-ға көтеріліп, 25,6 миллиард долларды құрады. Соңғы 8 айда сауда-саттық тағы 9%-ға ұлғайды”, – деді В.Путин. 

Қ-Ж.Тоқаев ең алдымен Қазақстан мен Ресей 30 жылда тиімді серіктестік пен мызғымас ынтымақтастыққа қол жеткізгенін алға тартып, әріптесінің сауда-саттық көлеміне қатысты айтқан сөздерімен толығымен келіскендей болды. Алайда екі басшының сандық көрсеткіштерге келгенде берген ақпараттары екі түрлі болды. Біздің Президент оның көлемі 25 миллиардтан аспағанын айтып, соңғы 10 айда тек 5%-ға көтерілгенін жеткізді.

"Өткен жылы Қазақстан мен Ресей арасында тауар көлемі жаңа рекордты мәнге жетіп, іс жүзінде 24,5 млрд АҚШ долларын құрады. Осы жылдың алғашқы он айының қорытындысында да тауар айналымы 5 пайызға өскенін көрсетіп отыр", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Ресейге қазақстандық экспорт түрлерінің де артқанын баса айтты.

"Өткен жылмен салыстырғанда тауарлық позиция саны 640-тан 1 050 атауға дейін артты. Ресейлік өңірлерге жеткізілім 2,5 есеге жуық ұлғайды. Бұл – Алматыдан. Ал мысал ретінде айтар болсақ, Астанадан 5 есеге өсті. Шекара маңындағы сауда да айтарлықтай жандана түсті. Айталық, Ақтөбе облысынан Ресейге жеткізілім - 48, Павлодар облысынан 36 пайызға артты", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанға келетін Ресей экспортының да көлемі ұлғайған. Мұнай өнімдерін жеткізу 35%-ға, болаттан жасалған жартылай дайын өнімдер - 22%-ға, қымбат металлдар экспорты 20 пайызға өскен. Ал бидайды жеткізу көлемі 2 есе асқан. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Қазақстан арасындағы экспорт екіжақты артып келетінін айтқанымен, сандық деректер әртүрлі көрсеткіштерге қатысты болғандықтан, біздің ел нақты нені, қандай көлемде жеткізетіні беймәлім күйде қалды. Ал шекаралас аймақтағы сауда-саттық өндірістің дамуы қазақстандық тауардың көбеюіне байланысты болмауы мүмкін, соңғы батыстың салған шектеулерінен кейін шетел тауарларына деген сұраныстың артуынан болуы ықтимал. 

Қазақстан Президентінің дерегінше, елімізде ресейліктердің қатысуы бар компаниялар мен қазақстандық-ресейлік бірлескен кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде. Олардың саны бүгінде 17 мыңнан асып түседі.

Ресей инвестициясының жалпы құны 17 миллиард долларға жетті

Владимир Путиннің айтуынша, Ресей Қазақстан үшін ең ірі инвестор болып қала бермек. Экономиканың барлық саласында 30-ға жуық инвестиция жобалары бірлесе іске асырылып, Қазақстан экономикасына құйылған ресейлік капиталдың жалпы құны 17 миллиард долларға жеткенін ресей тарапы мәлімдеді. 

Ал Қазақтанның Ресейге құйған салымы 34 пайызға артып, 535 млн долларға жеткен көрінеді. Мемлекет басшысы да кейінгі кездері екіжақты инвестиция көлемінің біршама өскенін атап өтті. 

"Қазақстанға ресейлік инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. Ресейлік инвестиция қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды экономикамызға барынша тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл елдеріміз арасында тиімді экономикалық өзара іс-қимыл қалыптасқанының тағы бір дәлелі. Ресейден Қазақстанға тікелей инвестиция ағыны өткен жылы пандемияға дейінгі деңгейден үштен бірге асып түсіп, 1,9 млрд долларға жетті. Бұған қоса, Қазақстаннан Ресейге инвестиция көлемі де 34 пайызға артып, 535 млн долларға жетті", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Транспорттық-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту қажет

Кездесу барысында қос елдің басшылары сауда-саттықты дамыту үшін алдымен логистикалық мәселелерге көңіл аудару керектігін айтқанымен, басымдық берілген тақырыптар өзгеше. Мысалы, Ресей президенті көбінесе шектеулерге аса көңіл бөлсе, Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа технологиялар арқылы кедендік кедергілерді оңтайландыруға, автожолдарды салу мәселесіне көбірек тоқталды.

“Біріккен тарнспорттық-логистикалық инфрақұрылымға, сауда-саттық пен инвестициялық қатынасқа кедергі келтіретін шектеулерді жоюға аса көңіл бөлінеді. Транспорттық әлеуетті көтеріп, автокөліктерді өткізу қабілетін арттыру мүкіндіктерін кеңейтудеміз, су арқылы үлкен жүктерді тасымалдауды жүзеге асырамыз”, - деді Владимир Путин.

Ресей президентінің ойымен Қазақстан тарапы аса келісе қоймады, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин шекарадағы әкімшілік кедергілердің өзара қарым-қатынасқа тигізіп жатқан зияны туралы өз ойымен бөлісті.

"Көлік дәлізінің табысты дамуына бірқатар инфрақұрылымдық және физикалық емес сипаттағы проблемалар кедергі келтіріп отыр. Бүгінде сарапшылар осындай 40-тан астам кедергіні атап жүр. Салдарынан транзит уақытының шамамен 50 пайызы шекараны кесіп өтуге – әкімшілік процедураларға кетіп жатыр. Осылайша автотасымал мен теміржол тасымалының ұзақтығын екі есе арттыруда", - деді вице-премьер.

Айтуынша, аталған ұрымтал тұстарды жою үшін бірінші кезекте "жұмсақ" инфрақұрылымды жолға қою керек.

"Жекелеп айтсақ, шекарадағы жүк айналымы процесін цифрландыру, кеден процедураларын үндестіру, үйлестірілген тариф саясатын енгізу қажет. Бұл үшін инфрақұрылым шектеулері мен әкімшілік кедергілерді алып тастауға, тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасауға және инфрақұрылымды дамытатын инвестиция тартуға арналған бірлескен жол картасын қабылдау ұсынылады", - деді Серік Жұманғарин.

Мемлекет басшысының айтуынша, әсіресе, шекаралық аймақтардағы логистикалық кедергілерді жою - онда экономикалық аймақтардың пайда болуына үлкен септігін тигізеді. 

"Қазақстан тұрақты сауда, инвестициялық қатынастарды дамытуға мүдделі. Шекаралас аумақтарымызда автомобиль жолдарын салу, логистикалық хабтар мен экономикалық аймақтар құру басымдық саналады. 2019 жылы СҚО-да "Қызылжар" арнаулы экономикалық аймағы құрылды. Жақын арада ол жерде экспортқа бағдарланған заманауи өндірістер пайда болады. Осы арнаулы экономикалық аймақтың қызметі екі елдің шекаралас аумақтарының кооперациясына жақсы серпін бере алады деп санаймын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Қазақстан Президенті форумда көтерілген мәселелердің барлығы жақын арада шешілетініне, екі ел арасындағы ынтымақтастық одан ары өрбитініне сенім білдірді.

"Қазіргі пікірталас елдеріміз арасындағы тең және өзара тиімді әріптестікті нығайтуға бағытталған жаңа бастамаларды әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін", - деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу