Ресеймен шекаралас өңірлердегі жағдай қандай?

Павлодар облысы шетелдіктер үшін транзиттік қалаға айналды. 

Ресеймен шекаралас өңірлердегі жағдай қандай?

Ресей еліндегі соңғы жағдайларға байланысты Қазақстанға қарай ағылған азаматтар қатары күрт артты. Әсіресе, Омбы, Новосібір, Алтай өлкелерімен шекаралас жатқан Павлодар облысына бағыт алғандар көп, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ресейліктер саны күрт көбейді

Ресей Федерациясында ішінара мобилизациялау басталғаны сол еді, Павлодарға шекараның арғы жағынан келушілер саны бірден көбейді.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұған дейін әдетте бір күнде ары кетсе 15 адам өңірде көші-қон полициясы арқылы уақытша тіркеуге тұратын еді. Бүгінде бір тәулікте 80-90 ресейлікке дейін полицияда тіркеуден өтеді. 

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың сөзінше, жыл басынан бері көші-қон полициясы барлығы 2 742 адамды уақытша тіркеуге қойды. Ал 21-26 қыркүйек аралығында 437 азамат біздің елге уақытша келгенін білдірді. 

"Заң бойынша, қабылдап алушы тарап, яғни шет мемлекеттен келген азаматтардың туыс-туғаны, тамыр-танысы үш жұмыс күні ішінде көші-қон полициясына өзге ел азаматының уақытша тұратын мекенжайын хабарлауы тиіс. Ал шетелдіктің Павлодарда жақын-жұрағаты болмаса, 1414 орталығына қоңырау шалуы керек", – дейді Жасқайрат Қайыров. 

Бұл күндері Павлодардағы халыққа қызмет көрсету орталығына келушілердің қарасы да айтарлықтай көбейді. Мұнда ұзын-сонар кезек болмас үшін қосымша 7 үстел қойылып, құжаттар қабылдайтын мамандар қатары толықты. "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары Арай Қамарованың айтуынша, соңғы бес күн аралығында шетелдің 931 азаматы жеке сәйкестендіру нөмірін алуға өтініш берген. Тек бір күннің өзінде 580 өтініш түсіпті. Бұған дейін бір күнде ЖСН алуға ниетті шетелдіктер саны 50 адамнан әрі аспайтын. Яғни қазақстандық нөмірді алуға ниеттілердің саны да 10 есеге өскенін аңғаруға болады. 

Полиция департаментінің дерегінше, Ресейдің Новосібір облысы мен Успен ауданының, Алтай өлкесі мен Шарбақты ауданының, Омбы облысы мен Железин ауданының арасындағы шекарадан азаматтар жиі өтеді. Жалпы 21-26 қыркүйек аралығында облыстың Ресеймен шекараласатын пункттерінен 13 284 адам біздің өңірге келіп, 5 135 азамат шекараның арғы жағына өткен. Яғни шамамен алғанда 8 мың адам Қазақстанда қалып отыр. 

Қонақ үйлер меймандарға лық толы

Павлодар арқылы біздің елге келген сол шетелдіктерге облыс орталығында уақытша паналайтын орын тапшы. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук ұсынған мәліметке сүйенсек, аймақтағы 83 қонақ үйдің 95-98%-ы бүгінде толық. Сол сияқты 1 226 хостел, жалдамалы пәтерлердің 70%-ында бос орын жоқ. 

"Қонақ үйлерден орын таппай ары қарай кетіп жатқан ресейліктер болуы мүмкін. Олардың барлығын бірдей бақылай алмаймыз. Біздің қолымызда бар дерек – өңірдегі шекарадан қанша адамның өткені және уақытша тіркеуге қанша шетелдік тұрғаны туралы мәлімет қана. Сапаржай, қонақ үйлерді аралап, шетелден келушілерді әңгімеге тартпақ болдық. Олардың көпшілігі Павлодар арқылы басқа қалаларға баратынын айтты. Ал біз келушілер далада қалмас үшін кәсіпорындармен уақытша жатын орындар беру туралы сөйлесіп жатырмыз. Бірақ бұл тек ақылдасу, кеңесу деңгейінде қалып отыр. Әліптің артын бағып, ертеңгі күндері жағдайдың қандай болатынын күтейік", – дейді Олег Крук. 

Шынымен Ресейдің Омбы, Новосібір облыстарынан келген автобустар, басқа өңірлерден келетін пойыздар адамға лық толы. Сапаржай қызметкерлері соңғы уақытта жолаушылардың мұндай ағынын көрген емеспіз дейді. Жергілікті ұялы байланыс операторлары қызмет көрсететін дүңгіршектерде адам көп. Шетелдіктерді әңгімеге тартып, сыр суыртпақтап көруге тырысып едік, олардың мойын бұрғысы жоқ. Көпшілігі "Туристерміз" деп қысқа қайырып жатады. Басым бөлігі – жастар. Олардың бірқатары бейбіт елде өмір сүруді қалаған соң туған жерді тастап кетуге тура келгенін жасырмады. Бірі Астанаға, бірі Алматыға баратынын айтып қалды. Бірақ ертең түгілі қазірдің өзінде қайда барып, не істерін білмейтін қонақтар да кездесті. 

Пәтер жалдау – 1 млн теңге

Шекараның арғы жағындағы азаматтар біздің елге үдере көшкен соң Павлодардағы пәтерлерді жалдау бағасы да шарықтап шыға келді. Ескі бесқабатты үйлердегі пәтер иелерінің өзі бір ай жалға алу үшін 1 млн теңгеге дейін ақы сұрайды. Баға күн сайын құбылып тұр. Айталық, кеше ғана қала орталығындағы екі бөлмелі пәтерді жалдау бағасы 400 мың теңге болса, бүгін иесі krysha.kz сайтында бағаны 450 мың теңгеге дейін көтерді. Бірақ полиция, мемлекеттік кірістер департаменттерінің тұрғын үй нарығындағы мұндай "ойыншыларға" тосқауыл қояр қауқары болмай тұр. 

"Полиция қызметкерлері күн сайын рейдтік шаралар жүргізіп, жалдамалы пәтерлерді анықтайды. Үй иесі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе, ақпаратты мемлекеттік кірістер департаментіне жолдаймыз. Бірақ соңғы күндері рейдтік шаралар нәтижесінде тіркеуден өтпеген жаңа жалдамалы пәтерлер анықталған жоқ", – дейді Жасқайрат Қайыров. 

Үй-күйсіз жүрген шетелдіктерге кейбір кәсіпкерлер қол ұшын созуды жөн деп шешті. Мысалы, бүгін бірнеше мейрамхана иесі, кәсіпкер Айдар Құрымбаев Ресейден келген азаматтарды тегін түскі асқа шақырды. Бірақ оның соңы павлодарлық қоғам белсенділері арасындағы дауға ұласты. Бір бөлігі "қонақжайлығымызды танытып, ас-суымызды ұсынғанда еш сөгеттік жоқ" десе, енді бірі мұндай әрекетті бұрыс көрген сыңайлы. 

Құндыз Қабылденова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу