Ресей рублінің құнын Ресей емес, Қытай белгіледі

11325

Солтүстік көршінің ұлттық валютасы әлемді айран-асыр етті: бүкіл Батыс елдері қаніпезерлігі үшін Ресейді санкциялық соққыға алуда. Ал рубль болса, құлдырау орнына үсті-үстіне "қуаттанып" келеді.    

Ресей рублінің құнын Ресей емес, Қытай белгіледі

Мәскеу биржасында АҚШ долларының бағамы 6 сәуірде – 82,3, 7 сәуірде – 75,9, 8 сәуірде – 75 рублді құрады. РФ Орталық банкі демалыс күндеріне доллар бағамын 74,8 рубль мөлшерінде бекітті.

Осыған қарап, кейбір ресейлік экономистер мұндай қарқынмен валюта бағамы 1998 жылға оралады деп болжауда. Сол кезде Ресей ақшасы деноминацияланған (нөлдерінен айырылған) соң 1 доллар 9,73 рублге тең деген бағам ресми бекітілген.

Рублдің долларға қатысты нығаюы теңгеге де әсер етуде: Қазақстанның ұлттық валютасы ақырындап "шегініп", 400 межесіне бет алғандай.

Дегенмен, ресейлік экономистер мен қаржыгерлердің өзі Ресейдегі құбылысты шындық деп қабылдамау қажеттігін ескертеді.

РФ Орталық банкі доллар бағамын ресми түрде 75 рубль шамасында бекіткенімен, оны Батыс әлемі түгіл, солтүстік көршінің "серіктесі" Қытай да қабылдамай отыр. Соның дәлеліндей, екі ел арасындағы өзара есептесуде мүлдем басқа бағам белгіленген екен. Мысалы, AliExpress, Taobao.com, Alibaba.com және басқасының қожайыны, шың елінің интернет-коммерция бойынша алыбы Alibaba саудада "1 доллар = 117 рубль" деген бағамды қолданатыны мәлім болды.

Ал Еуропа және өзге де дамыған елдер рублді төлем құралы ретінде қабылдаудан бас тартқан. Сонымен бірге көптеген банктер, қаржылық институттар және ақпарат көздері Ресей валютасының ағымдағы бағамын көрсетуді тоқтатыпты.

Қалай болғанда, қазіргі кезде рублдің бағамы Ресей Украинаға басып кіргенге дейінгі деңгейге қайтты. Financial Times "бұл бағам Ресей рублінің қазіргі шын құнын білдірмейді" деп жазды. Оның аналитиктерінің байламынша, Ресей төл валютасын "мемлекетті әлемдік қаржы нарықтарынан оқшаулау, капитал қозғалысына бақылаудың және шектеудің алапат әрі нарықтық экономикаға жат шараларын қолдану арқылы" нығайтты. Әйтпесе, биржа дұрыс жұмыс істеп тұрғанда, 2022 жылғы 7 наурызда доллар құны 153 рублге дейін шарықтаған еді.

Яғни, дәл қазір көршінің ұлттық валютасына қатысты үш үрдіс дамуда: біріншіден, Мәскеу "74,8" деген межені орнатты. Екіншіден, Қытай өз тауарларын Ресейге "117" деген бағаммен өткізеді. Үшіншіден, Батыс елдері рублді ақша деп санаудан қалып барады.

Шындығы қайда, шынайы бағам қандай?

Ресейлік белгілі экономист, бизнесмен Дмитрий Потапенко бүгінде рубль бағамын бәсекелі биржа емес, билік белгілейтініне назар аудартты.

"Сондықтан оның бағамы – мемлекет салған "сурет". Кеңес Одағы 1 доллар – 64 тиын-копейкаға тең деген бағамды белгіледі. "Қара нарықта" валюта одан бірнеше есе қымбатқа сатылатын. Ендеше Орталық банк қазір 1 доллар 64 копейка тұрады деп бекіте салса, ешкім бетін қайтармайды, қолын қақпайды. Өйткені рубль – еркін конвертацияланбайтын ақша құралы. Кез келген валютаның нақты бағамын білу үшін оған не сатып алуға болатынын айқындаған абзал. Ресей батыстық жетекші төлем жүйелерінен қол үзуде. Дегенмен, Қытайдың UnionPay халықаралық төлем картасымен шетелдік маркетплейстерден тауар сатып алсаңыз, қытай жағы қолданатын бағам 100 рубль межесінен әлдеқайда жоғары болады", – деді сарапшы.

Оның бағалауынша, "бүгінде 1 долларға шаққандағы РФ рублінің шынайы бағамы шамамен 105–107-ні құрайды". Бірақ шетелдік компаниялар, сауда және төлем жүйелері тәуекелді есепке алып, бұған өз үстемелерін қосады. Сөйтіп, бағам жоғарылай береді.

Жалпы, жасанды түрде болса да, рублдің күрт нығаюы Ресейде нағыз эйфория туғызды.

"Ақылы аздар "енді АҚШ доллары күйрейді" деп шаттануда. Оларға айтарым: бүкіл жаһандық қаржы әлеміне билігін жүргізетін Бреттон-Вуд жүйесі тұрғанда, долларға түк болмайды. Білгіштер алдымен Халықаралық валюта қорының инфографикасына үңіліп, дүниежүзіндегі барлық тәуелсіз мемлекеттер байлығын, алтын-валюталық қорларын қандай активте сақтайтынын түсініп алуы керек. Сонда доллардың тұғыры мықты екенін аңғарады. Рубль Ресей ішінде "күшейгенімен", халықаралық деңгейде тек әлсірей береді. Себебі, санкциялық қысым ұлғайып барады", – деді ресейлік экономист.

Оның үстіне Ресей сыртқы қарыздарын өтей алмай жатыр. Бұл үшін оған 30 күн берілді және бұл мерзім мамыр айының басында бітеді. Егер Ресей облигациялары бойынша дефолт болса, оның жағдайы не болмақ?

"Дұрысы, Мәскеу шұғыл түрде арнайы әскери операциясын тоқтатып, Киевпен ымыраға келуі қажет. Алайда Кремлдің риторикасы "жеңіске жеткенше" ешқандай бітім болмайтынын байқатады. Агрессия артып барады. Жағдайдың ушыққаны сонша, АҚШ-тың Қаржы министрлігі Ресейден қарызының өтемақысын қабылдамай тастауға ұйғарды. Яғни, Мәскеу төлегісі келсе де, төлемі өтпей қалуы мүмкін. Ресей қаласын-қаламасын, АҚШ оны дефолт болуға мәжбүрлейтін түрі бар. Яғни, бұл жерде біздің, Ресейдің не шешім қабылдайтыны енді маңызды емес, маңыздысы – АҚШ не ұйғарады? Сондықтан мамыр айында Ресейдің техникалық дефолтқа ұшырауы әбден мүмкін. Өйткені 4 сәуірде Ресей облигациялары бойынша 636 миллион доллар берешегін өтеуге тиіс  болатын", – деді Дмитрий Потапенко.

Осы орайда S&P Global Ratings рейтинг агенттігі Ресейдің рейтингін "SD"-ге, "шектеулі дефолтқа" дейін құлдыратты. Агенттік Ресей дефолт болмауы үшін 30 күндік "грейс-кезеңде" еурооблигациялар бойынша берешегін өтеуге тиістігін ескертті.

"Дәл қазір Ресей күйрейді деу әбестік"

Ресейлік қаржыгер, экономист, РФ Орталық банкі басшысының бұрынғы орынбасары Сергей Алексашенко "жасанды нығайту" сыртында рублдің нығаюының табиғи себептері де бар дейді.

"Ресей экономикасының беріктік қоры өзгелер ойлағаннан әлдеқайда жоғары. Әрине, Ресейдің валюталық резервтерінің 60 пайыздайы бұғатталды. Экспорты азаюда. Бірақ қазір мұнайдың да, газдың да, басқасының да бағасы орасан зор, рекордтық шамада екенін ұмытпаған жөн. Нәтижесінде, мұнай, газ, мұнай өнімдерін, көмірді, метал түрлерін және өзгесін сату нәтижесінде Ресейдің биылғы табысы былтырғыдан да көп болады. Әртүрлі бағалау бойынша Ресей биыл былтырғыдан 100–150 миллиард долларға артық табыс табуы мүмкін", – деді ол.

Дегенмен, экс-банкирдің байламынша, бұл жағдай ұзаққа созыла алмайды. Мысалы, әлем елдері ресейлік шикізаттан, тауарлардан жаппай бас тартса, экспорт шектен тыс азайса, шикізат бағасы төмендесе, рублдің тіректері шайқалып, бағам күрт құлдырай бастауы ықтимал.

"РФ Орталық банкі қатаң валюталық шектеулер енгізді. Рублдің ағымдағы және капиталдық операциялар бойынша еркін айналымын тоқтатты деуге болады. Ресейліктер валюталық депозиттерінен доллар мен еуроны ала алмайды, оларды шетелдегі есепшоттарға аудара алмайды. Тиісінше, азаматтар тарапынан долларға сұраныс жоққа теңелді. Орталық банк кеңес кезіндегідей доллар бағамын 64 тиын етсе де, ешкім қой демейді. Алайда бұл бағам ештеңені білдірмейді: ол бағаммен ешкім валюта сатып ала алмайды. Әзірге, Ресейдің валютада табатын табысы валютадағы шығыстарынан артық болып тұрғанда, ресейлік қаржы нарығында қор сақталады. Мұндай жағдайда Орталық банк өзін сенімді сезінеді", – деді С.Алексашенко.

Оның байламынша, бүгінде "Ресей күйрейді, валюталық құрдымға құлайды" деу әбестік болады.

Өз кезегінде, Қазақстанның Ұлттық банкі солтүстік көрші валютасының нығаюының басқа себебін айтып отыр.

"Ресей рублі Ресей–Украина келіссөздеріндегі ілгерілеу, Ресейдің газ жеткізіліміне рублмен ақы төлеу талабын енгізуі және РФ Орталық банкінің капиталды әкетуге шектеу қоюы аясында нығайды", – деп түсіндірді Ұлттық банк.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу