Қазақстанда жер учаскелеріне құқық берудің электрон форматы енгізілгеннен кейін, жер комиссиялары институты таратылады. Заң жобасын Сенат мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүліктің кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.
Республикалық маңызы бар қалалар, Астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде ғана электрондық форматта жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылданды.
Бұл ретте жерге тиісті құқық беру Қазақстан Республикасының жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларынан және мемлекеттік органдардың өзге мәліметтерінен алынатын цифрлық ақпаратты көрсететін жария кадастрлық карта арқылы "электрондық үкімет" веб-порталында жүзеге асырылатын болады.
"Жоғарыда аталған аумақтарда жер учаскесіне құқық беру процестерін автоматтандыруға байланысты жер комиссиясы институты, сондай-ақ уәкілетті органның жер-кадастр жоспарын әзірлеу және бекіту алып тасталынады", – деп жазылған заң жобасында.
Бұл ретте кенттің, ауылдың және ауылдық округтің жері үшін және жердің қалған санаттары бойынша жер заңнамасында регламенттелген жер берудің қолданыстағы тәртібі сақталады.
Тұрғындар мен бизнес-құрылымдарының инфрақұрылымның жәй-күйі, қуатты (электр-жылу-сумен жабдықтауды) брондау мүмкіндігі, табиғи монополия субъектілері желілеріне қосылуға техникалық шарт беру мерзімін қысқарту туралы өзекті және сенімді ақпаратқа қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында да табиғи монополия субъектілерін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесіне ақпараттар беруді міндеттеу ұсынылады.
Бұдан басқа, қала құрылысы жобаларының стратегиялық маңызы ескеріле отырып, заң жобасында қызметтің монополиялық түрі ретінде кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді қала құрылысы, сәулет және құрылыс қызметі саласындағы уәкілетті органның республикалық мемлекеттік кәсіпорнына беру көзделеді. Осыған байланысты қызметтің бұл түрі жергілікті атқарушы орган мен құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі уәкілетті органнан алып тасталынады.
Заң жобасының негізгі мақсаты жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетулерді автоматтандыру болып табылатындықтан, заң жобасының тақырыбын мынадай редакцияда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп өзгерту ұсынылады.
Заң жобасын қабылдау тұрғындар мен бизнес-құрылымдарының жер қоры және жылжымайтын мүлік объектілері туралы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуге, жер қатынастары және қала құрылысы саласында жемқорлық тәуекелдерді төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетулер бойынша қосарланған процестерді алып тастауға мүмкіндік береді.