Республикалық Олимпиадалық даярлау орталықтарына реформа жүргізіледі

1768

Спорт саласында жаңа былықтар ашылуда. Мәдениет және спорт министрлігі жағдайды түзеу үшін не істейтінін мәлім етті.  

Республикалық Олимпиадалық даярлау орталықтарына реформа жүргізіледі

Спорттың тәуелсіздік мерейтойына тартуы осы ма?

Спорт саласы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жаңа "рекордтармен" келді. Оларды салаға жауапты меморганның өзі ресми құжаттарында "толық сәтсіздік-полный провал" және "жаппай жеңілу" деп бағалады.

Алғаш рет Қазақстан олимпиалық ойындарда көш соңында қалды.

"Биыл өткен Токио Олимпиадасында қазақстандық спортшылардың мүлдем сәтсіз өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте 83 орынға түсуі – спортшыларды даярлаудың бастапқы кезеңінен жоғары жетістіктер спортына дейінгі жүйедегі ақау-іркілістердің нәтижесі", – деп байлам жасады Мәдениет және спорт министрлігі (МСМ).

Алғаш рет Қазақстан Азиадада да көш соңында қалды.

"Қазақстандық спортшылар Индонезияның Джакарта қаласында 2018 жылғы Азия ойындарында толық сәтсіздікке ұшырады. Жалпы командалық есепте 9-орынды місе тұтуға тура келді. Қазақстан Тәуелсіздік тарихында жалпыкомандалық есепте 5-орыннан төмен түсіп көрмеген еді", – деп мойындады министрлік.

Федерациялардың шашбауын көтеретін отандық спорт басылымдары спортшыларымыздың әлем чемпионаттарында алған жүлделерін жан-жақты дәріптеп, үлкен жетістік ретінде көрсетуге тырысады. Бірақ министрліктің тапсырмасымен осы салаға терең талдау жүргізген сарапшылар былайғы жұрт біле бермейтін сырларды ашқан. Бұл ретте қазақтың көк байрағын биік көтерген жеңімпаз спортшыларымыздың лайықты ізбасарлары қалмай бара жатқаны анықталды.

Нақтылай кетсек, 45 спорт түріне елімізде бюджеттік қаражаттар және квазимемлекеттік сектордың демеуқаржысы миллиардтап құйылып жатыр. Алайда тәуелсіздіктің отыз жылдығында осы 45-тің тек 19 жазғы олимпиадалық түрі бойынша спортшылар әртүрлі әлем чемпионаттарында 202 медаль әкеліпті. Оның 53-і – алтын, 58-і – күміс, 91-і – қола медаль.

30 жылда 53 әлем чемпионын шығару – ауыз толтырып айтарлық нәтижеге ұқсайды. Алайда біріншіден, 53 әлем чемпионы кейін 53 Олимпиада чемпионына не жүлдегеріне айнала алмады. Екіншіден, 2018, 2019 жылдары әлем чемпионаттарында қоржынға медаль салатын спорт түрлерінің саны 8-ге дейін күрт қысқарды.

"2018 жылы әлем чемпионаттарында спортшыларымыз 10 медаль (4 күміс, 6 қола) жеңіп алды. Бірде-бір алтын жоқ. 2019 жылғы көрсеткіш – 19 медаль, оның 1-еуі ғана алтын, 5-еуі күміс, 13-і қола. Медальдар саны өсті, алайда сапасы жоғалды. 2020 жылы Швейцарияның Лозанна қаласында өткен жасөсірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар бірде-бір медальға қол жеткізбеді. Ал бұған дейінгі жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада 5 медаль жеңіп алған болатын", – делінген МСМ талдауында.

Мұндай күйге қалай жетті?

Бұған бірінші кезекте көзбояу тірліктер кінәлі көрінеді. Мемлекет салаға қаражатты қажетті көлемде құйып жатыр. Қайтарымы шамалы. Мысалы, өткен 3 жылда спорт нысандарының жалпы саны республика бойынша бірден 2 653 бірлікке, оның ішінде ауылда – 1 252 бірлікке өсті. Бұл спорттың дамуына қуатты серпін беруге тиіс еді. Бере алмады. Неге?

Өйткені ол нысандарының көбісі – көз қылып жасай салған дүниелер. Мысалы, әкімдер аулаларда воркаут-алаңдар ашып, бірлі-жарым тренажер орнатады немесе скейт-алаңдар жасақтайды да, олардың бәрін жаңа спорт нысандары қатарына қосады. Бірақ бұлар спортпен кәсіби шұғылдануға жарамайды. Көше тренажерлерімен айналысқан жанның белі құриды, себебі, өте ыңғайсыз, кәсіби параметрлер мен талаптарға жауап бермейтін темір-терсек. Салдарынан олардың басым көпшілігі бос тұрады. Мысалы, елордадағы кедір-бұдырлы скейт-алаңның скейт тебуге құмар жасөспірімдердің өміріне қауіпті екені әлеуметтік желіде жаз бойы талқыланды.

Министрлік "спорттық инфрақұрылым санының негізгі өсуі ашық алаңқайлар мен алаңшалар секілді жабық емес, жазық құрылыстар есебінен болғанын" мәлімдеді. Соның кесірінен, "саладағы қарқынды құрылысқа қарамастан, Қазақстан халықты спорт объектілерімен қамту көрсеткіштері бойынша спорттық тұрғыдан дамыған көптеген мемлекеттен артта қалды" деген қорытындыға келді ведомство.

2020 жылдың қорытындысы бойынша өңірлердегі спорт залдарына деген мұқтаждық 40%-ға жеткен. Қазірден қажет етілетін 1,5 миллион ш.м. спорт нысандарының тек 935,4 мың шаршы метрі ғана бар.

Бұған қоса, "салынғанына 30 жылдан асып кеткен спорт объектілері жетерлік, олар физикалық және моральдық тұрғыдан қатты тозған және сәйкесінше өзінде спортпен айналысатындарға қауіп төндіреді".

Бара-бар Африкаға тең болмадық...

Әрине, бар кінәні спорттық нысандарға жаба салуға болмайды. Саладағы былықтарға адами фактор айыпты.

"Спорт резервін даярлаудың қазақстандық жүйесінің қазіргі жағдайын талдау кезінде барлық спорт түрлеріне ортақ проблемалары анықталды. Бірінші проблема – сала мамандарының консерватизмі, басқарушылық шешім қабылдауда қатып қалған стереотиптерден ауытқымайтыны. Екіншіден, спорт резервін даярлау міндеттерін шешу кезінде ведомствоаралық және деңгейаралық бытыраңқылық жайлаған, олардың іс-қимылы өзара үйлеспейді, келісілмей жасалады. Үшіншіден, жас спортшыларды даярлау кезінде олардың жас, физиологиялық және психологиялық ерекшеліктері толыққанды есепке алынбайды. Бұл жас дарынды шамадан тыс үдемелі жаттықтыруға және оның кәсіби "жанып кетуіне" соқтырады", – деп ашық айтылған МСМ талдауында.

Төртіншіден, спорт мектептерінде допингке қарсы білім беру жоқтың қасы. Спортшылар нақты қандай препараттарды тұтынуға болмайтынан біле бермейді. "Интернеттен қарап аларсыңдар!" деп айтылатыны жасырын емес. Сондай-ақ елде допингке қарсы қағидаларды бұзудың алдын алуға бағытталған шаралар жеткіліксіз екені анықталды.

Бесіншіден, спорт резервін даярлау жүйесінде Біріңғай медициналық қызмет сол бойы дамымады.

Алтыншыдан, ғылыми-әдістемелік, медициналық, қалпына келтіру және медициналық-биологиялық қамтамасыз ету ісі дамуда арттап қалған.

Жетіншіден, мүгедектігі бар жандарға спортпен шұғылдануға, соның ішінде паралимпиада жеңімпаздарын даярлауға тиісті жағдай жасалмаған. Оларға арналған спорттық бағыттағы мекемелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуы нашар.

Ұяты сол, бүгінде қазақстандық спорттың деңгейі африкалық елдерден төмен. Токио Олимпиадасында Кения – 19-орынға, Уганда – 37, Оңтүстік Африка республикасы – 52, Мысыр – 54, Эфиопия – 57, Тунис – 58, Марокко – 64, Нигерия – 76, Намибия – 79-ші тұғырға көтерілді. Орталықазиялық барлық ел, тіпті жабық Түрікменстанның өзі спортта Қазақстаннан озық болып шықты.

Не істеу керек?

Мәдениет және спорт министрлігі анықталған спорт резервін даярлау мәселелерінің бәрін орталықтан мемлекеттік бақылауға алмақ. Әйтпесе, әкімдердің басқаруына берудің соңы неге соқтырып отырғаны белгілі.

Сонымен қатар талап бұзғаны үшін әкімшілік жаза енгізу ұсынылып отыр.

Қалай болғанда, саладағы жаңа саясат пен реформа министрліктің диктатын күшейтетін түрі бар. Әйтпесе, бүгінде спортқа әкімдер, әртүрлі федерациялар үстемдік етеді, ал министрлік өзі жауапты саланы "сырттай бақылаушыға" айналып кеткені құпия емес.

Ведомство енді әр өңірдегі спорт объектілерінің персоналының біліктілігін тексеруді жоспарлауда, олардың қаржыландыру көздері мен көлемін, қаржылық мұқтаждығын бағамдайды. Мемнысандардың қандай ақылы қызметтер көрсететінін анықтайды. Қосымша білім беру мекемелеріне, мүгедектерге қызмет көрсетуіне баса мән береді. Әрбір нысанның техникалық параметрлеріне, нормативтік және өткізу қабілетіне ревизия жүргізеді. Осының бәрі спорт объектісін пайдалану тиімділігін мембақылаудың негізгі критерийлеріне айналады.

Реформа аясында спорт түрлері бойынша бюджеттік қаражаттың үлестірілуіне министрлік бақылау орнатады. Әр спорт түріне қанша ақша бөлінуге тиістігін де сол айқындамақ.

Сондай-ақ балаларға арналған жергілікті спорт секциялары арасында мемлекеттік спорт тапсырысының орналастырылуын бақылауға алады. Қазақстанда 127 мыңнан астам спорт секциясы бар, ата-аналар Artsport.edu.kz сайты арқылы тіркеп, баласын соларда тегін жаттықтыра алады. Алайда ата-аналар аты тегін болғанымен, секция жетекшілерінің ананы-мынаны сылтауратып, ақша жинайтынына шағымданып жүр.

Реформа Республикалық Олимпиадалық даярлау орталықтарына да қатысты болады. Өйткені олардың қайтарымы, тиімділігі төмен. Бұл орталықтардың тәрбиеленушілер саны төмендеуде: 2018 жылы – 1 664, 2019 жылы – 1 707 адам болса, қазір 1 615 адам ғана қалыпты. Соның ішінде 2020 жылдың қорытындысында еліміздің құрама командасына небары 381 спортшы ғана берген, бұл 23,5% ғана! Қалған спортшыларға мемлекет босқа қаржы шығындағанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу