Темекіқұмарлармен күреске билік қыруар қаржы "төгуде"

3880

Саламатты өмір салтына үндеу қып-қызыл шығынға айналды.  

Темекіқұмарлармен күреске билік қыруар қаржы "төгуде"

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда саламатты өмір салтының (СӨС) жаңа тұжырымдамасы әзірлеп жатыр. Вице-министр Ажар Ғинияттың айтуынша, құжат әрбір азаматты СӨС қағидатын сақтауға ынталандырудың прогрессивті тәсілдерінен тұратын көрінеді. Ведомство өзге егжей-тегжейін "жасырып" қалды.

Бұл саланың анық-қанығын биліктегі ең беделді тұлғалардың бірі, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өз блогында жария етті.

"2020 жылғы республикалық бюджетте бізде СӨС іс-шараларын өткізуге барлығы 54 миллион 160,5 мың теңге бөлінді. Осы сомаға жалпы саны 36 мың 630 бірлік іс-шара ұйымдастырылуға тиіс болған. Соның ішінде "Темекіге қарсы орталыққа" 158 іс-шараға 2 миллион 352 мың теңге берілді. 2021 жылы темекіге қарсы орталыққа ақша бағытталған жоқ. Бұл ретте коронавирус пандемиясы мен карантин шараларының енгізілуіне байланысты техникалық сипаттамаларда көрсетілген жұмыстарды онлайн режимде жүргізуге қажеттілік туындады", – деді Б.Сапарбаев.

Нәтижесінде, өңірде бекітілген жоспардағы барлық тақырыптар бойынша 50 аудиолекция, 25 видеоролик және 14 анимациялық ролик жасалыпты. Әкім олардың "облыстағы барлық мектептерде, колледждерде, ЖОО-ларда онлайн трансляцияланғанын" айтады. Сондай-ақ аудио және видеороликтер Жамбыл облысындағы бүкіл емханаларда телеэкрандардан көрсетіліпті.  

Бұл ретте техникалық сипаттамаларда белгіленген 8977 іс-шара орнына 10 мыңнан астамы жүзеге асырылған. Оның ішінде көшеде, халық жиналатын жерлерде 18 акция, сондай-ақ 5 байқау, 71 семинар, медицина қызметкерлері арасында "Денсаулық фестивалі", 2 мыңнан аса дәрігерлік кеңес-консультациялар ұйымдастырылды. 35 мың облыс тұрғыны Whatsapp таратылым арқылы аудиолекциялар мен видеороликтер алыпты. Бұдан бөлек, коронавирустың алдын алу туралы 10 ауданда және Таразда 11 баннер ілінген. Облыс "астанасында" темекі мен энергетикалық сусындарға тәуелділіктен сақтандыратын 2 баннер қойылған.

"2021 жылы СӨС-ті насихаттау бойынша іс-шаралар өткізуге Жамбыл облысы бойынша республикалық бюджеттен 29 миллион 279 мың теңге бөлінді. Оған семинарлар, лекциялар мен тренингтер, дәрігерлік кеңестер, акциялар, телеарналар мен радиода сөз сөйлеулер, бейнероликтер прокаты, мақала жазу және басқа да 8 464 іс-шара ұйымдастырылуы керек. Осы мақсатта конкурстық рәсімдер өткізіліп, жеңімпаз анықталады. Содан кейін әкімдік басқармасы мен жеткізуші арасында келісімшарт бекітіледі", – деді аймақ басшысы.

Іс-шараларды сол жеңімпаз компания орындайды. Миллиондарды да сол игереді. Ол бірлескен іс-шаралар өткізу үшін Жамбыл облысының жергілікті басқармаларымен жұмыс жоспарының жобасын ұсынуы қажет.

Әкім СӨС насихаттау бойынша 7 негізгі бағыттың үшеуінде бюджеттік қаражат қысқартылғанын қосты. Бірақ ол үшеуі (түберкүлез, вирусті гепатит, вакцинация, АИТВ/ЖИТС, жыныстық жолмен берілетін және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу; репродуктивті денсаулықты қорғау; суицидтің алдын алу) өзекті болып қалуда.

Айта кету керек, СӨС үшін аймақтар игеріп жатқан миллиондар – үлкен бюджеттің бір бөлігі ғана. Негізгі қаражатты ДСМ-ның өзі еншіледі. Мысалы, қазіргі тренд – коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында халық арасында жүргізілетін іс-шараларды Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер өз қаулысымен жеке анықтайды.

Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаевтың мәліметінше, "астаналық" облыста СӨС-ті үгіттеуге қомақты қаражат жұмсалмақ. Ол техникалық спецификацияны ДСМ бекіткенін және Қазақстанның бүкіл аумағы үшін бірыңғай болып табылатынын еске салды.

"Осы бағыттағы тендерлерді Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы 2018 жылдан бері өткізіп келеді. Жаңа тендерлер 2021 жылғы 29 қаңтарда және 1 наурызда ұйымдастырылды. Сатып алудың сомасы және шарттары ашық жария етілді және goszakup.gov.kz порталында орналастырылды. 2021 жылы қоғамда СӨС-ті қалыптастыру іс-шараларын Денсаулық сақтау министрлігі ұсынды. Бұл іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің біліктілігіне келсек, олар тиісті сертификаттарға ие. Індеттің таралуы жалғасуына байланысты СӨС іс-шараларын жүзеге асыру кезінде әртүрлі формат – онлайн, оффлайн режимдер қолданылады. Басты талап – алшақтықтың қатаң сақталуы, іс-шараға қатысушылар санын шектеу болады", – деді Е.Маржықпаев.

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы өткізген байқаудың тендерлік құжаттамасына сәйкес, өңірде саламатты өмір салтын насихаттау үшін ел қазынасынан 29,7 миллион теңге шығындалмақ.

Іргелес Солтүстік Қазақстан облысы болса, 25 миллион теңге бөлуде.

Қызылорда облысы СӨС-ке өзгелерге қарағанда анағұрлым аз шығын шығаруға ниетті. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы осы саладағы үгіт-насихатқа 15 миллион теңгеден асатын қаражат көздеп отыр.

Осы мәселені біраздан зерделеп жүрген әріптесіміз Кирилл Павлов бұл қаражаттардың қаншалықты тиімді жұмсалғанын анықтау мүмкін емес деген пікірде. Мысалы, "Темекіге қарсы орталық" өз іс-шаралары арқасында қанша адамның шылымнан бас тартқанын нақты көрсете алмайды. "Біз үгіттедік, жаман әдетін тастай ма, тастамай ма, өз еркі" деген сияқты көмескі бір нәрсе.

"Әкімдер СӨС-ке мейлінше көп қаржы жұмсап, әлемдік Гиннесс рекордтар кітабына енуге құлшынып жатқан сияқты. Осы бағытта бірімен бірі жарысып, мейлінше көп іс-шара өткізуге тырысады. Біз осы қыруар қаражаттың ақыр соңында қайта кететін, қайтарымын қалай бағалауға болатынын білмек болып, біраз бас қатырдық. Мәселен, пандемия кезінде адамдарды жинайтын іс-шаралар жоспарланған. Қатысушыларға саламатты өмір салтын түсіндіріп болғанша, олар коронавирус жұқтырып алуы мүмкін. Немесе үнпарақ-листовкалар, буклеттер таратпақ. Оны кім оқиды? Жеңілдік беретіні болмаса, басқасын көп адам жақын жердегі қоқыс жәшігіне лақтырып кетеді. Айталық, темекіге қарсы орталықтардың қызметі өнімсіз екенін 2020 жылғы Дүниежүзілік зерттеу көрсетті. Қазақстан шылымқор ел болып қалуда", – дейді К.Павлов. 

Осылайша, тұрғындарының тапқаны тамағына жетпейтін, халқының көбі баспанасыз күйде жетімбұрыш жағалаған, борыш батпағына батқан Қазақстанда құны қымбат, сіңімді әрі дәруменді ас жеуге, уақытында тынығуға, уайымдап, стресс болмауға шақыратын саламатты өмір салтының шығындары құмға сіңген суды елестетеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу