Риелторлардың 1 үй сатудан табысы 4 миллион теңгеге дейін барады

2308

Қазақстандықтар осы саланы қатаң реттеп, риелторлар қызметін лицензиялауды сұрауда.

Риелторлардың 1 үй сатудан табысы 4 миллион теңгеге дейін барады

Әсіресе, жалғыз қалып, ішкілікке салынғандарды, жалғызілікті қарияларды сатып алу-сату келісімшартына алдап-сулап қол қойғызып, артынан мәжбүрлеп қуып шығатын, сөйтіп, тегін алған баспананы сатып, аста-төк кіріс көретін "қара риелторлар" бар. Ондайлардың ісі алаяқтық және қылмыс саналады.

Әңгіме өз ісін азды-кем "адал" атқаратын риелторлар жайында.

Семейлік Талғат Мұратұлы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа хатында қалада жеке сот орындаушылар риелторлармен ымыраласып әрекет етіп жатқанына шағымданады: ЖСО-лар банктерге, микроқаржы ұйымдарына қарыз бизнесмендерден, қарапайым тұрғындардан тұрғын үй, коммерциялық мүлік пен жер телімдерін тартып алады. Заңға сәйкес болуы үшін көз қылып, жалған "электронды сауда" өткізеді. Оған сыбайласқан риелторлары ғана қатысады: олар бір-біріне бәсеке құраған сыңай танытып, мүлікті тым арзанға алады. Соңынан оны қымбатқа қайта сатып, ылан-ойран табысты өзара бөліседі.

Салдарынан, кейде сатылған мүліктен түскен қаражат берешек болған байғұс жанның борышын толық өтемейтін көрінеді. Семей тұрғыны осындай ұйымдасқан топтың өзіне 15,5 миллион теңге материалдық шығын келтіргенін қапалана хабарлады.

ЖСО-лармен ауыз жаласпаған риелторлардың жағдайы да жаман емес деседі. Елордалық риелтор Сергей Г. құны 200 миллион теңге тұратын 1 ғана пентхаусты бай шенеуніктің әйеліне сата алғаны үшін 4 миллион теңге сыйақы алғанын мақтана жеткізді. Тез арада көңілі қалаған жылжымайтын мүлікті тауып бере алғаны үшін жақсы сыйақы төлепті.

Жалпы, еліміздегі үш мегаполисте риелторлар өз қызметі үшін мүлік құнының 1%-ы (ішінара 2 пайыз) сомасында сыйақы талап етеді. Рас, егер пәтер құны 30–40 миллион теңгеден арзанырақ тұрса, шамалы түсіруі мүмкін. Кейбірі қызметінің тарифін мүлік құнына қарамастан, 400 мың теңге көлемінде бекіткен.

Егер азамат баспананы сатып алмай, бірер айға не бірнеше күнге жалдаса, онда тариф тұрғын үйдің сыныбына байланысты болады. Арзанқол үйлерде тариф аренда ақысының 20%-ын құрауы мүмкін. Ал салтанатты тұрғын үйлерде делдалдың комиссиясы жалдау ақысының 30–100%-ына дейін жетуі мүмкін. Айтқандай, Нұр-Сұлтанда көптеген риелтор сыйақыны екі жақтан – үй иесінен де, оны алушыдан да алады.

Қоғам белсендісі Кенже Таласбекова Үкіметке осы қызмет көрсету саласын тиісті реттеуді қарастыратын ұсыныстармен шықты.

"Қазақстанда жылжымайтын мүлкін сатқысы келетін адамдар алғашқы қадамын "Этажи", "Крыша", "OLX", "Маркет" және басқа да сайттарда хабарлама орналастырудан бастайды. Риелторлар осы сайттарды жағалап, күн көреді. Қазіргі кезде бұлардың қызметі толыққанды реттелмеген. Олар Азаматтық кодексті басшылыққа алады. Әрине, ел нарықтық экономикаға көшті, бәрін нарық реттейді. Алайда еліміздің әр өңірінде бұлардың қызметінің бағасы әртүрлі. Бірқатар қалада риелторлар көрсеткен қызметі үшін сатушыдан да, сатып алушыдан да ақы алады. Яғни, қалағанынша қанайды", – деді ол.

Жылжымайтын мүлікті көрсетпес бұрын риелтор клиенттен келісімшартқа қол қоюды талап етеді: азамат өзіне көрсетілген үйді сатып алса, онда риелторға мол сыйақысын төлеуге міндеттеледі.

Осы арқылы бұлар өздерінің сыйақысын кепілдендіреді. Әйтпесе, бір тәжірибе белең алған екен: клиенттер пәтерді көріп, ұнатқанымен, қосымша орасан шығын шығармау үшін риелторға "көңіліне жақпағанын" айтады. Алайда ізінше қайта соғып, үй қожайынымен жеке мәмілелесіп, делдалсыз сатып алады. Осыған тосқауыл қою үшін өз базасындағы пәтер саудадан алып тасталғанда кейбір риелтор "тексеріспен" барады. Содан ол баспанаға өзіне жүгінген клиенттің қоныстанып алғанын біліп, оны сотқа берген, тіпті жанжал шығарып, төбелескен делдалдар болыпты.  

К.Таласбекова риелторлардың пәтерді қайта рәсімдеуге көмектеспейтініне назар аудартты. Демек, бар бітіретіні – жылжымайтын мүлік сатуға арналған сайттардың мәліметін пайдаланып, клиентке кеңес берген сыңай танытып, қасына еріп жүргені үшін ақы алады.

"Осыдан сұрақ туады: біз сонда оларға не үшін ақша төлейміз? Олардың жұмыс тәсілдері халыққа қолайлы емес. Қызмет құны қалта қағады. Сондықтан біріншіден, мәселенің байыбына барып, нотариустер секілді риелторлар қызметінің де ортақ бағасын немесе ең жоғарғы, шекті бағасын бекітуді ұсынамын. Бұл ретте риелторларды тараптардың тек біреуінен ақы алуға міндеттеген жөн. Екіншіден, қызметінің заңнамаға қаншалықты сәйкес екенін анықтап, елдегі барлық риелторлық, жылжымайтын мүлік агенттіктеріне тексеріс жүргізген жөн. Өйткені бұлардың бассыздығы – елдегі әлеуметтік наразылықтың өрістеуіне түрткі. Оның үстіне ешқандай рұқсат құжатынсыз делдалдықпен айналысып жүргендерін әшкерелеу қажет", – деді бастама иесі.

Үшіншіден, ол "Риелторлық қызмет туралы" жеке заң әзірлеп, Парламентке енгізуді ұсынды. Ұқсас заңдар Ресейде, Өзбекстанда бар.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бұл саланы реттеу өз құзырына жатпайтынын айтты. Бірақ тұтынушыларды қорғауға соның министрлігі жауапты.

"Риелторлық қызметтер нарығы мемлекет тарапынан мүлдем реттелмейді деуге болмайды. Рас, оларға қатысты жеке заң жоқ, бірақ риелторлық қызмет республикамызда басқа заңдармен және құқықтық-нормативтік актілермен реттеледі. Мысалы, бүгінде риелторлық қызмет Кәсіпкерлік кодекс, Азаматтық кодекс, Салық кодексі, сондай-ақ "Жеке кәсіпкерлік туралы", "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы", "Жарнама туралы" заңдары аясында қамтылған. Яғни, заңдар бар және олар бұл қызметті реттейді. Аталған заңдарда жазылмаған жалғыз нәрсе – риелторлар комиссиясының мөлшерлемесі. Бірақ комиссия көлемі деген өзара келісімді жайт! Оның сомасын қызмет көрсетуші мен тұтынушы өзара келісіп, белгілеуі керек", – деді министр.

"Кубик" жылжымайтын мүлік агенттігінің негізін қалаушы кәсіпкер Нариман Дараев риелторлық қызметпен айналысатын компаниялардың және жекелеген тұлғалардың ісі алда лицензиялануы немесе сертификатталуы мүмкін деген сөз шыққанын білдірді.

Бірақ бұл қауесетті еліміздің бас экономисі жоққа шығарып отыр. Айта кетсек, Ұлттық экономика министрлігі рұқсат берулер мен хабарламалар саласындағы уәкілетті орган болып табылады. Лицензиялау ісіндегі сала аралық үйлестіруді және басшылықты да сол жүзеге асырады.

"Заңға сәйкес, жаңадан қандай да бір лицензиялауды, рұқсат беруді енгізу үшін меморгандар алдымен реттеушілік әсерді талдау рәсімін өткізуге тиісті. Қазіргі кезде риелторлық қызмет саласында лицензиялауды немесе сертификаттауды енгізу туралы талдау формасы біздің министрліктің қарауына келіп түскен жоқ", – деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Жылжымайтын мүлік саласына жауап беретін меморганның жауабы да осыған ұқсас болды.

"Қолданыстағы "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңында барлық лицензияланатын жұмыс пен қызмет түрлерінің түбегейлі тізбесі берілген. Ол тізімде риелторлық қызмет жоқ. Сонымен бірге риелторлық қызметті сәулет, қала салу және құрылыс саласындағы лицензияланатын жұмыс түрлеріне қосу жоспарланып отырған жоқ", – деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Ендеше жылжымайтын мүлік саласындағы делдалдардың бассыз тірлігі жалғаса беретінге ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу