Рөлі ауысқан Армения көліктеріне қауіпсіздік сертификатын алу қажет

27516

Рөлі оң жағындағы автокөліктерді тіркеуге 2009 жылдан бастап тыйым салынған. 

Рөлі ауысқан Армения көліктеріне қауіпсіздік сертификатын алу қажет

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінен әкелінген көлік құралдарын тіркеу және пайдалану мәселелері жайлы айта отырып, елімізге Арменияда тіркелген 22 мың автокөлік әкелінгенін мәлім етті.

"Азаматтарға көліктерін тіркеу ыңғайлы болуы үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысы алдын ала брондаусыз, жексенбі күндері де ұйымдастырды. Бүгінгі күні тіркеуге жататын 14 мың автомобильдің 10 мыңнан астамы тіркеуден өткен. Ал күн сайын 400-ге жуық осындай автомобиль тіркеледі. Автокөліктің армениялық техпаспорты мен мемлекеттік нөмірі мерзімі шектеусіз уақытқа сақтауға өткізіледі. Арменияда Қазақстан азаматтарының атына 22 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Қазіргі кезде Қазақстанда шамамен 11 мың автокөлік тіркелді. Ал рөлі оң жақта орналасқан автокөліктерді тіркеу 2009 жылдан бастап тыйым салынғандықтан, бұл мәселе қарастырылмайды", – деп айтып өтті ол.

Ал оң жағындағы рөлін сол жағына ауыстырған көліктерді тіркеудің өз ерекшелігі бар. Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Серік Құсайыновтың мәліметінше, ол үшін арнайы мекемелерден қауіпсіздік сертификатын алу керек.

"Қазақстан, Ресей, Беларусь елдеріне Армениядан әкелінетін тауарлар Экономикалық одақ тауары емес, шетелдік тауар болып саналады. Ішкі істер министрлігі Армениядан әкелінген әрі рөлі оң жағынан сол жағына ауыстырылған, жеке сәйкестендіру нөмірі кемінде 17 таңбадан тұратын автомобильдерге "сары нөмір" алу қажеттігі туралы норма енгізді. Ол үшін көлік құралының қауіпсіздігі сертификатын ұсыну қажет", – деген Серік Құсайынов рөлдің орналасуын ауыстыру өте қиын жұмыс екенін еске салды.

"Көліктің рөлін ауыстыру өкілетті армяндық қызмет көрсету орталықтарында жүргізілді дегенге ешқандай кепіл жоқ. Сондықтан мұндай көлік құралдарының сәйкестігін бағалау қажет. Кеңесе келе, көлік құралының қауіпсіздігі үшін Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып рульді қайта жабдықтаудың қауіпсіздігін тексерудің балама нұсқасын ұсындық. Бүкіл машинаны емес, тек осы жерін ғана сынақтан өткізу керек", – деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, қазіргі кезде көлік құралдарының қауіпсіздігінің ұлттық стандартқа сәйкестігін және қайта жабдықталған көлік құралының қауіпсіздігі туралы құжатты "НаЦЭкС" АҚ Қостанай филиалының сынақ орталығында және "Ғылыми Зерттеу Орталығы Алматы-Стандарт" ЖШС сынақ орталығында тексеруге болады. Қостанайда мұндай сынақтан өтудің құны шамамен 15 мың теңге тұрады. Елдің батыс өңірлерінде Армян нөмірлі көліктердің көп екенін ескере отырып, Комитет аса ірі  аккредиттеу нысаны – "Ұлттық сараптама орталығы" акционерлік қоғамына коммерциялық бастама ретінде көліктерді аккредиттеуді ұсынған.

Осы мүмкіндікті іске асыру үшін Комитет ҚРСТ 1418 ұлттық стандартына түзетулер енгізді. Серік Құсайыновтің айтуынша, бүгінгі күні Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы бұйрығына енгізілген түзетулерге сәйкес, рөлін оңнан солға ауыстырған армяндық нөмірі бар көлік құралы иелеріне көлігін тіркеудің екі жолы бар.

"Бірінші, көлік құралының қауіпсіздігі аталған ҚРСТ талаптарына сәйкес тексерілгені жөнінде хаттама алу керек. Елімізде осындай екі сынақ зертханасы бар. Олар рөлдің қайта жабдықталуының дұрыстығын ғана бағалайды. Екінші, Кеден одағының техникалық регламенттерінің доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін растауы қажет болған кезде, көлік құралының қауіпсіздігі сертификатын алу керек", – деп түсіндірді ол. 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу