Сенатор "Қазақстан халқына" қоры қаржысын ұлттық құндылықтарға бағыттауды ұсынды

1041

Бұдан бөлек мемлекетке қайтарылатын активтерден түскен қаражат та бұл бағыттағы жобаларды қаржыландыруға жұмсалуы тиіс.  

Сенатор "Қазақстан халқына" қоры қаржысын ұлттық құндылықтарға бағыттауды ұсынды Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы сенатор Нұртөре Жүсіп өзінің депутаттық сауалында айтты, деп жазады inbusiness.kz

Ол Сенат депутаттары елдің рухани құндылықтарын сақтауды бірінші орынға қоюға мүдделі екендігін жеткізді.

"Алайда Үкімет Сенаттың ұсынымдарына тек бірыңғай сырғытпа жауап беріп келеді. Берілген ұсынымдар ескеріле бермейді. Сонда біз бұл мәселелерді қашанғы сөз ете береміз? Мәселен, "Интернет желілерде және еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық руханиятқа жат, теріс құндылықтарды дәріптейтін ақпараттарға тұрақты түрде талдамалық шолу жасап, Ұлттық баяндама әзірлеу және оны мемлекеттік басқару институттарына жолдау" жөніндегі ұсыным назардан мүлдем тыс қалды", - деді сенатор. 

Нұртөре Жүсіптің сөзінше, бүгінде креативті экономиканың әлемдік үлесі артып келе жатыр. 

"Мәдени және шығармашылық индустрия жылына 2 трлн-нан астам доллар әкеледі. Осы салаға он шақты жыл бұрын ғана мемлекеттік деңгейде мән берген Оңтүстік Кореяның креативті экспортының көлемі 12 млрд долларға жетіп отыр. Үкімет халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға арналған кешенді жоспарды 2022 жылы бекітерде осы мәселені Сенат қабырғасында талқыладық. Сонда креативті индустриядағы жалпы ішкі өнімнің үлесі 5 пайызға жетеді, 80 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, 3 мыңға жуық мәдениет ұйымдарының әлеуетін креативті идеяларға ашықтығы және креативті жаңа өнім шығаруға азаматтарға толықтай қолжетімділік қамтамасыз етіледі деген уәделер берілді", - деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор бұл бағыттағы жұмыстар қаншалықты деңгейде орындалды деп сұрақ қойды.

"Қазақстан халқына" қоғамдық қорының қаржысын ұлттық құндылықтарға қарай бұру қажет. Табиғи аштықтан рухани аштық жаман. Аталған қаржы көздерін және заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару аясындағы түскен қаражаттар арнаулы мемлекеттік қордың әлеуеттерін ұлттық креативті индустрияны, оның ішінде ұлттық құндылықтарымызды қолдауға бағыттау керек деп есептеймін", - деп қорытындылады ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу