Сағадиевтің "Сауат ашуы" Аймағамбетовтің "Әліппесіне" айналады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6358

Білім жүйесіндегі өрескел қате дұрысталатын болды. 

Сағадиевтің "Сауат ашуы" Аймағамбетовтің "Әліппесіне" айналады

Бірінші сынып оқушылары "Сауат ашу" пәнінің орнына "Әліппе" мен "Ана тілін" оқиды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасына осылай деп жазды. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің бұрынғы басшысы Ерлан Сағадиевтің "Сауат ашуы" қазіргі білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің "Әліппесіне", жоқ, күллі қазақтың "Әліппесіне" айналатын болды деген сөз.

"Жақында мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Ондағы маңызды жаңалықтың бірі –келесі 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары "Сауат ашу" пәнінің орнына "Әліппе" мен "Ана тілін" оқитын болады. Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы 2 тоқсанында "Әліппе" бағдарламасын оқыса, қалған 2 тоқсанда "Ана тілі" пәнін оқиды. Сәйкесінше орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда "Букварь" мен "Обучение грамоте" пәндері жүргізіледі", – деді министр Асхат Аймағамбетов.

Оның сөзінше, "Әліппе" Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады.

"Қазіргі кезде оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған "Әліппе" оқулықтарының авторлары бар. Орынбасарым Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда", – деді Асхат Аймағамбетов.

Бұл жазбаға әлеуметтік желіде журналист Қайнар Олжай алғашқылардың бірі болып үн қатты. Ол facebook парақшасына: "Әліппе" оралатын болды! Жұрт қуанышты. Ал осы "Әліппені" мектеп босағасынан ысырып тастағандар кімдер еді? Олардың аты да ел есінде тұруы керек. Шәкәрімді атқан топты басқарған Қарасартов сияқты. Жалпы осындай оспадар шешім қабылдағандардың аты жазылатын Қара тақта болуы керек. Ұлттық Қара тақта. "Пәлен жылы пәлен деген министр "Әліппені" оқытпау туралы шешім қабылдаған, "пәлен жылы пәлен деген мекеменің басшысы ел жаппай ауруға шалдыққанда қоймадағы дәріні бергізбеген" дегендей шерлі шежіре болуы керек", – деген жазба қалдырды.

Шынымен, "Әліппені" білім беру жүйесінен қай министр алып тастап еді?

Естеріңізде болса, осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер қолдарына "Әліппе" емес, "Сауат ашу" алды. Бұл бұйрыққа сол кездегі білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қол қойды. Осылайша ол қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулығының негізін қалаған Ахмет Бай­тұрсынұлының 1912 жылы Орынборда басылып шыққан "Әліппе" атты пәнінің тамырына балта шапты.

Айта кетейік, алғашқы "Әліппеде" Құран сөзі болған. Онда: "Бис­смиллаһи-рахмани-рахим" деген жазу жазылған.1926 жылы "Әліппе" 14 жыл бұрын жарық көрген кітаптың жалғасы ретінде Қызылорда баспасында қайта басылған. Міне, осындай тарихы бар оқу құралының соңғы парағын Ерлан Сағадиев өз қолымен жапты.

Халық шулап, даурыға берген соң экс-министр "Сауат ашу" пәні болып өзгерген "Әліппе" 2019 жылы қайтадан қолданысқа енгізілетінін айтқан. Ол: "Оқулықтарды өзгертуге 4 жыл сайын қаржы бөлінеді. Яғни 2015 жылы "Сауат ашу" деп өзгерген пән 2019 жылы қайта "Әліппе" деген атаумен 0-сыныптан бастап оқытылады. Балалар "Әліппеден" жоғарылап "Ана тілге" көшеді. Ал "Әліппенің" латын мен кириллицаның қайсысында болатынын келесі жылдың басында шешеміз. Бірақ біз созбаймыз", – деп мәселені жылы жауып қоя салған. Арада уақыт өткенде Ерлан Сағадиев тағынан тайды. Ал "Әліппе" білім саласында жүргізілген "бассыз" реформаның құрбаны болып кете барды.

Айтпақшы "Әліппе" "Сауат ашу" болып өзгергенде мәжіліс депутаты  Бекболат Тілеухан Ерлан Сағадиев қатты шүйліккен.

"1912 жылы Алаш ардагері Аxмет Байтұрсынов басып шығарған, ғасырдан астам миллиондаған жасөркенге оқу-жазуды үйреткен, қазаққа азық болып келген, тілі жеңіл, 105 жылдық тәжірибеден өткен "Әліппе" неден жазықты болды? Осының орнын басқан "Сауат ашу" деген бар. Сауат ашу деген орысша "ликвидация безграмотности" деп аударылады. Бұл буыны қатпаған жас балаға емес, ересек адамға арналған. Славян xалықтарының "Букварі" 1618 жылы жарық көрген. Төрт ғасырға жуық тариxы бар. Заманға сай өзгертіліп, толықтырылып отырады, оның өзінде кемі бес жыл тәжірибеден өткізбей кіргізбейді. Ал біз ше?" – деп ашынған болатын халық қалаулысы.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Абылай Бейбарыс

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу