Сайлауды бақылау: Ең басты сұрақтарға жауап

2311

Сайлауда бақылаушы болудың маңызы зор. Сайлау әділ, ал депутат болып лайықты адамдар келгенін қалайтын Қазақстанның кез келген азаматы сайлау учаскесіне бақылаушы болып тіркеліп, процеске араласа алады. Оның бұл құқығы заңмен бекітілген.

Сайлауды бақылау: Ең басты сұрақтарға жауап Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда 19 наурызда көптен күткен мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтеді. Осы ретте іnbusiness.kz тілшісі "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, бақылаушы болудың тәртібі, олардың құқығы, міндеттері жайлы мақала ұсынады.

Бақылаушы болудың маңызы қандай?

Орысша аталғанда "наблюдатели", ал қазақшасында ресми түрде "байқаушылар" деген аудармамен айтылатын бақылаушылар сайлау учаскесіндегі заң бұзушылықтар мен алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі. Олар заңға сәйкес әрекет етіп, дауыс беру мен дауыстарды санау процедураларының сақталуын бақылайды. Бақылаушылар заң бұзушылықтарды тіркейді, заң бұзушылықтарды дәлелдеу үшін фото және видео түсіреді.

Ұзақ мерзімді бақылаушылар сайлау жарияланған күнінен бастап, дауыс берілетін күні, сондай-ақ бүкілхалықтық дауыстарды санау және сайлау нәтижелері жарияланған уақыт аралығында электоралды кампанияны бақылау жұмысын жүргізеді.

Бақылаушыларды үйлестірушілері тәуелсіз бақылаушылардың қызметін үйлестіру, сайлау учаскелеріндегі бақылаушыларға жедел ақпарат, құқықтық және моральдық қолдау көрсету бойынша жұмыс істейді және бақылау кампаниясының штабымен байланыс орнатуға жауапты.

Мен қалай бақылаушы бола аламын? Ол үшін не істеуім керек?

Егер сіз 18-ден ассаңыз және Қазақстан азаматы болсаңыз, онда сіз бақылаушы атанып, сайлау мониторингіне қатысуға толық құқығыңыз бар.

Мемлекет ішінде немесе шетелде тұрып жатқан Қазақстан азаматтары бақылаушы бола алады. Соңғысында олар сайлау бақылауын Қазақстаннан басқа елдердегі елшілігі немесе өкілдіктерінде жүргізе алады.

"Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры бұл ретте бақылаушы болуды көздеген адамға ең алдымен өз мақсатын айқындау алуға кеңес береді. Кіммен бақылағыңыз келетінін таңдаңыз: тәуелсіз бақылаушы болғыңыз келе ме, әлде кандидаттың немесе саяси партияның өкілі ме? Бұл өте маңызды. Себебі егер сізде белгілі бір саяси көзқарастар болса және белгілі бір кандидатты немесе партияны қолдайтын болсаңыз, сол кандидаттың немесе партияның штабынан бақылаушы болуыңызға жол ашық. Тәуелсіз бақылаушылардың басқалардан айырмашылығы – оларға нәтижесінде билікке кім келетіні маңызды емес. Олар үшін демократиялық процедураның әділ және ашық өтуі маңызды.

Бақылаушы болғысы келетін адамның келесі қадамы ​​өзі сенетін ұйымды тауып, оларға бақылаушы ретінде тіркеледі. Одан соң оқу дайындығын аяқтап, бақылаушы куәлігін алып, сайлау туралы Конституциялық заңды мұқият зерттеуі тиіс. Осыдан кейін азамат сайлау учаскесін таңдап, үйлестірушіден нөмір мен мекен-жай алады. Дауыс беру күні сайлау учаскесіне келіп, бақылау жүргізеді.

Бақылаушының сайлау учаскесіндегі міндеті қандай?

Бақылаушылар тек қарап, тыңдап қана қоймай, сонымен қатар заң бұзушылық актілерін жасайды, сайлау барысы туралы сауалнамалар толтырады, құқықбұзушылықтардың фото және видео түсірілімін жасап, "Қазақстан Республикасының Сайлауы туралы" Конституциялық заңының 20-1 бабына сәйкес басқа да рұқсат етілген қызметті жүзеге асырады.

Бірақ алдымен жіті дайындалып алыңыз...

Әрбір бақылаушы заңнаманың қыр-сырын үйрететін тренингтен өтеді. Заңның ерекшеліктерін білу бақылау кезінде өте маңызды: бұл жанжалды жағдайларды шешуге және мемлекеттік қызметкерлермен қисынды диалог жүргізуге көмектеседі.

Әрбір бақылаушы бақылауға дайындалып, сайлау туралы Конституциялық заңды жақсы зерттеп шығуы керек.

Бақылаушы өзінің үйлестірушісімен үнемі байланыста болуға тиіс. Ол сайлау учаскесіндегі жағдайды талдап, белгілі бір жағдайларда не істеу керектігін айтады.

Сайлау күні заңгерлік кеңес алу үшін сенім телефоны жұмыс істейді. Онда әр бақылаушы кеңес немесе ақпарат сұрай алады. VPN пайдалану Интернетке тосқауыл қойылған жағдайда байланыста болуға көмектесуі мүмкін.

Еркіндік қанаты смартфонның құлпын ашқанда, тек PIN-кодты пайдалануға кеңес береді. Face ID және Touch ID жүйелері смартфонды осал етеді, өйткені кедергі келтірушілер телефон иесін камераға қарауға немесе саусағын сканерге қойып, телефонның құлпын ашуға оңай мәжбүрлеуі мүмкін.

Messenger Signal және Telegram қауіпсіздігі жоғары қосымшалар болып табылады және сайлау күні соларды пайдаланған жөн. Бақылаушылар сайлау комиссиясының мүшелерімен мүмкіндігінше жанжалдаспағаны және арандатушылыққа бой алдырмағаны дұрыс. Психологиялық қысым көрсеткен жағдайда не болып жатқанын фото және бейнекамераға жазып, тез арада үйлестірушімен хабарласу керек.

Сайлау күні –  Х-сағаты

Сайлау күні бақылаушы таңертең сағат алтыда сайлау учаскесіне келіп, бақылаушылар тізімінде белгіленеді. Учаскеде заңнама талаптарының сақталуын тексереді.

Сағат 7.00-де дауыс беру басталатындықтан, учаскеге тіркелгендер санын біледі. Түскі 12.00-де үйден дауыс беретіндердің санын анықтайды. Сайлау учаскесінде тәртіп бұзушылықтар анықталған жағдайда төрағаға жүгінеді, акт толтырады.

Сағат кешкі 20.00-де дауыс беру аяқталады, соған сәйкес дауыстарды санау процесіне қатысып, қол қойылған және мөр басылған хаттама көшірмесін алады.

Бақылаушы сайлау учаскесінде өзімен бірге жеке куәлігі мен бақылаушы куәлігін, қағаз бен қалам, бақылаушының жадынамасын алуы керек. Күні бойы бір жерде отыратындықтан, телефон қуаттағыш пен тағам алу артық етпейді.

Бақылаушының құқығы

Бақылаушының құқығы "Сайлау туралы" заңның 20-1-бабы, 2-тармағымен реттеледі. Оған сәйкес, бақылаушы дауыс беруге, соның ішінде сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға құқылы. Ол сонымен қатар, дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінде болуы керек. Тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, тасымалдайтын көлік ішінде болуға да.

Сайлау учаскесінде, дауыс беруге арналған пункте дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін барлық аталған рәсімдерді анық көру мүмкіндігін қамтамасыз ететін жағдайларда бақылауға қақы бар. Тиісті сайлау комиссиясының және (немесе) оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға, сайлаушылар сайлау учаскесіне келе алмаса олардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруін өткізу кезінде қатысуға, учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санауы және жоюы кезінде қатысуға құқылы. Одан бөлек дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасап, дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқай алады.

Бақылаушы одан бөлек дауыс беру өткізілгеннен кейін, дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысып, олардың куәландырылған көшірмелерін ала алады. Сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға құқылы.

Бақылаушылардың міндеті жайлы

Бақылаушылар жеке басы мен өкілеттігін куәландыратын құжаттарын өздерімен алып жүруге тиіс. Сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдерді қабылдау рәсіміне араласпауы керек. Ол сонымен қатар, сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамай, сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауы керек.

Сонымен қатар бақылаушы өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеп, сайлау туралы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауы керек. Ешкімді алаламай, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермей, фото, аудио және бейнежазбаны жүзеге асыру және тарату кезінде Қазақстан заңдарында көзделген талаптарды сақтауға міндетті.

Ал сайлау комиссиясы бақылаушыға дауыстарды санау хаттамасын беруге міндетті. Сайлау комиссиясының төрағасы, оны алмастыратын адам сенім білдірілген адамдардың, бақылаушылардың өтініштері бойынша дауыстарды санау хаттамасына олардың жасаған актілерін қоса беруге тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу