Бұл туралы бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, жарақаты салдарынан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері әрі әлем чемпионы Сәкен Бибосынов ұлттық құрама сапынан шығып қалды.
– Сәкен Азия чемпионатының алдында арқасынан жарақат алды. Сондықтан ол алда болатын оқу-жаттығу жиындарына қатыспайды, – деді бас бапкер.
Бокстан ұлттық құрама Испанияға оқу-жаттығу жиынына аттанады. Кейін боксшылар Болгарияда өтетін дәстүрлі Странджа кубогына қатысады.
– Испанияда өткізетін оқу-жаттығу жиынымыз бар. Онда негізінен құрамадағы 3-4 нөмірдегі боксшыларды апарамыз, олардың мүмкіндіктерін тексеріп көру үшін, – деп сөзін толықтырды Қайрат Сәтжанов отандық арнаға берген сұхбатында.
Айта кетейік, С.Бибосынов Париж Олимпиадасында да, Таиландта өткен Азия чемпионатында да ширек финалдан ары аса алмады.
Бұған дейін ұлттық құраманың экс-капитаны әрі аса ауыр салмақтағы боксшы Қамшыбек Қоңқабаевтың кәсіби мансабын аяқтағанын жазған едік.