Сақтандыру қоры әлеуметтік төлемді қалай тағайындайды?

3682

Мәжілісте "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" заң жобасы қаралып жатыр.

Сақтандыру қоры әлеуметтік төлемді қалай тағайындайды?

Мемлекет әлеуметтік қор құрып, халықты қорға ақша аударуға міндеттейді. Бірақ ол ақшаны қалай жұмсап жатқаны көпшілікке беймәлім болады. Осыдан біраз бұрын депутат Айқын Қоңыров осылай деп дабыл қаққан болатын. 

Мәжілісмен жұмыс орнын жоғалту бойынша тағайындаудағы әділетсіздікті күн тәртібіне қойып: "2018 жылы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінген төлем 24 816 теңгені құрады. Осы уақытта елдегі орташа жалақы 176 мың теңге болды. Биыл тамыз айында орташа жалақы 188 мың теңгеге жетті. Ал қор төлемі 22 069 теңгеге азайды. Яғни жалақы өскен, ал төлем көлемі қысқарған. Қорға аударым жасалғанда жалақы көлемі әдейі төмендетіледі, яғни жұмысшылардың мүддесі бұзылады. Мәселе елдегі жалақының шынайы көрсеткіші ресми статистикадағы мәліметпен сәйкес келмеуінен де туындауы мүмкін", – деді. 

Оның сөзінше, қазіргі жағдай жұмыстан айырылуға қатысты сақтандыру жүйесі жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. 

"Жаңа жұмыс орнын іздеу кезеңінде берілетін  орташа төлем көлемі күнкөріске жетпейді. Өтемақы символдық мәнге ие болса, әлеуметтік сақтандырудың қандай қажеттілігі бар? Бірінші жартыжылдықта қорға 119 млрд теңге түсті. Инвестициялық активтердің жалпы көлемі жарты трлн  теңгеден асты. Бұл капиталды жұмыс берушілер мен жұмысшылар құрап отыр. Жұмысынан айырылғандарға төленетін төлем кем дегенде күнкөріс деңгейінің ең төменгі көрсеткішінен артық болуы керек. Бұған қоса жұмыстан айырылудан сақтандырудың толыққанды жүйесін құру мәселесіне көшу қажет", – деді Айқын Қоңыров.

2018 жылдың соңында мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры активінен 120 млрд теңге "ҚазАгро" холдингінің облигацияларына инвестицияланған. Неліктен мұндай шешім қабылданды, бұл құнды қағаздарға салынған инвестицияның көлемі қандай, шығынға жұмыс істеп жатқан холдингтен қаражатты қайтарып алу кепілдігі бар ма? Халық қалаулысы осы сұрақтарға да жауап беруді сұраған. 
Нұр-Сұлтан қаласында өткен жиындардың бірінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының бас директоры Алмас Құрманов мәселенің мән-жайын түсіндіруге тырысты. 

"Қазір мәжілісте "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" заң жобасы қаралып жатыр. Жұмыссыз қалған адамдарға төленетін төлем көлемінің коэффициентін 0,4%-ға ұлғайту мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұрын 6 айлық  төлемді жұмыстан қысқарып қалғандар ғана алатын. Біз бұл бапты алып тастадық", – деді Алмас Құрманов.

Бас директордың мәлімдеуінше, болашақта әлеуметтік төлем табысқа сай тағайындалады. 

"Егер, сіздің міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушысы атанғаныңызға көп уақыт өтпесе және сіздің жалақыңыз 60 мың теңге болса, сізге 24 мың теңге төленеді. Бұрын 18 мың берілетін. Айлығыңыз 100 мың теңге болса, сәйкесінше төлем көлемі жоғары болады", – деді Алмас Құрманов.

Оның айтуынша, жаңа жылдан бастап мемлекеттік сақтандыру қорының қатысушыларына төленетін төлем көлемі еңбек өтіліне байланысты белгіленеді. Еңбек өтілі 5 жыл немесе 5 жылға толмаған тұлғаларға 1% коэфициент тағайындалады. Еңбек өтілі 5 жылдан асқан адамдардың әр 5 жылына 2% коэффициент қосылады. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу