Сақтандыру саласындағы алаяқтардың көбі көліктерді жағалайды

3451

Дағдарыс ұзаған сайын, сақтандыру төлемақыларының көлемі де күрт артуда.

Сақтандыру саласындағы алаяқтардың көбі көліктерді жағалайды

Атап айтқанда, сақтандыру компаниялары өз клиенттеріне төлеуге мәжбүр болған сақтандыру төлемдерінің сомасы биылғы жыл басынан бері 46 миллиард теңгеге жетіп отыр. Өткен жылғы ұқсас мерзімде бұл сома 37 миллиард теңгені құрап еді. Яғни, он миллиардқа жуық артық төлем жасалған.

Сонымен бірге, бір ымыра-келісімге келе алмағандықтан, клиенттері теріс айналып, басын сотқа сүйреген сақтандыру компанияларының саны да 17-ге дейін қысқарыпты: 2016 жылғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда, 23%-ға кеміген. Сарапшылардың айтуынша, бұл – түсінікті жайт. Себебі, экономикалық күйзеліс кезеңі созылмалы күйге түскелі бері, нарықтағы "қорек" көлемі де азаюда: жеке тұлғалар да, бизнесмендер де, ірі компаниялар да өмірі мен денсаулығын, бизнесін және басқасын сақтандыру үшін тек адал, сенімді компанияларды таңдайды. Сол себепті бүгінде бедел-репутация алтынға бағалана бастады.

Тиісінше, ағымдағы жылы сақтандыру компанияларына қатысты сотқа арыз-шағым түсіру көлемі 44%-ға кеміген.

Сонымен бірге тағы бір үрдіс назар аудартады: дағдарыс тұсында сақтандыруды "сауын сиырға" айналдырғысы келетін алаяқтардың қатары көбейіп кететінін назарға алса керек, сот органдары шағым түсірушілер талабына әлдеқайда мұқият қарайтын болыпты: статистика көрсеткендей, судьялардың талап-арызды қараудан бас тарту секілді клиенттер үшін теріс шешімінің үлесі былтырғы 27%-ден 31%-ға дейін ұлғайған. Ал сот өндірісіне қабылданған шағымдар бойынша клиенттер үшін оң шешімдердің үлесі 45%-дан 58%-ға дейін артқан. Аяғына дейін жеткізілмеген істердің үлесі болса, 28%-дан 11%-ға дейін кеміді.

Осы орайда "Ұлағат Консалтинг Групп" 2017 жылғы сақтандыру төлемдерінің көлемі мен клиенттер тарапынан сотқа шағымдану санына талдау жасай келе, отандық сақтандыру компанияларының рейтингін түзіп шықты. Ұйымның түсініктемесі бойынша бұл рейтинг Жоғарғы соттың, Ұлттық банктің, Қазақстандық қор биржасының деректері негізінде, сондай-ақ сарапшылар бағалаулары бойынша құрылып отыр. Бұл ретте биыл барлық сотқа шағымдар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жеке кәсіпкерліктер, мемлекеттік мекемелер және басқа да заңды тұлғалар тарапынан берілгені атап өтіледі.

Сонымен, биыл 15 сақтандыру компаниясы ілгері озуда. Бұл ұйымдарға қатысты клиенттері сотқа шағып түсірмеген. Сонымен қатар рейтинг түзу барысында олардың сақтандырушы төлемдерінің сомасы ескерілген екен.

Тізімді "Номад LIFE" бастап тұр. Одан кейінгі орынға "Интертич" орналасқан. Таяуда осы компанияға қатысты Испанияда қалып қойған клиенті көңілтолмастығын жария түрде білдірген болатын, бірақ компания бар мәселе сотқа дейін шешімін тапқанын хабарлады. "Үштікті" "Қазақстан халық банкінің" "Халық-Life" сақтандыру компаниясы тұйықтайды.

Тізімге сондай-ақ "Cентрас Иншуранс", "KazakhExport" экспортты сақтандыру компаниясы, "Мемлекеттік аннуитет компаниясы", "Коммеск-Өмiр", "Standard Life", "Архимедес-Қазақстан" медициналық сақтандыру компаниясы, "Астықты сақтандыру компаниясы", "ТрансОйл" сақтандыру компаниясы", "Еуропалық сақтандыру компаниясы", "Виктория", "Азия-Life", "Trust Insurance" кіріп отыр.

"Сақтандыру компанияларының рейтингі" жобасының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Марат Қайырленов қазіргі қиыншылықтарға қарамастан, нарықта жүріп жатқан оң үрдістерге назар аудартады. Оның айтуынша, Қазақстанда соңғы жылдары сақтандыру қызметтерін көрсету сапасы артуда.

"Мәселен, талдау көрсеткендей, клиенттер тарапынан сотқа арыз-шағым түсіру саны жыл сайын азаюда. Компаниялардан талап етілетін сома көлемі де кеміген. Бұл – маңызды көрсеткіш. Себебі, қызмет сапасы компаниядағы бизнес үдерістердің сапасын ғана көрсетпейді, сондай-ақ ол тұтастай алғанда, компанияның сақтандыру саласындағы бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болып табылады", – дейді Марат Қайырленов.

Ұлттық банктің сақтандыруды қадағалау департаментінің директоры Жанат Құрмановтың айтуынша, дағдарыс уақытына қарамастан, отандық сақтандыру нарығы үдемелі түрде дамуда. Сақтандырушы компаниялардың активтері де қарқынды өсуде және триллион теңге межесіне жақындап қалыпты.

"Бұл меже оларға таяуда қор нарығындағы салмақты институционалдық инвесторға айналуына мүмкіндік береді. Оларға ары қарай дамуына жағдай жасау үшін ұлттық банк сақтандыру мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасын әзірлеп шықты", – дейді Жанат Құрманов.

Ұлттық банктің байламынша, қолданыстағы салалық заңнаманың жаңғыруы – сақтандыру нарығын қайта жүктеп, жаңаша дамуына жол ашады.

Себебі, жаңа заңның басты бір жаңалығы – Қазақстанда онлайн-сақтандыруды енгізіп, электронды сақтандыру полистерін пайдалануға көшуді қарастырады. Осының арқасында тіпті алыс ауылдардағы тұрғындар да, егер интернет болса, қалаға сабылып, сақтандырушы компанияны не агентті іздемей-ақ, интернет сайты арқылы өз өмірін, мүлкін және бизнесін сақтандыра алады.

Осы аптада үкімет мақұлдаған, алда парламентке енгізілетін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның жобасы қолданыстағы 3 кодекс пен 19 заңды өзгертпек.

Заң жобасы қабылданған жағдайда сақтандыру компанияларының интернет-ресурстары арқылы офиске бармай немесе агенттің қатысуынсыз сақтандыру шарттарын жасауға болады. Сондай-ақ сақтандыру төлемдерін алу үшін де енді онлайн өтініш жасау мүмкіндігі пайда болады. Бұл ретте клиенттердің деректері хакерлердің, не фишингпен айналысатын қылмыскерлердің қолында кетпеуі үшін сақтандыру компанияларының интернет-ресурстарына және автоматтандыру деңгейіне, азаматтардың дербес деректерін қорғауына және киберқауіпсіздікке заң жүзінде жоғары талаптар бекітіледі.

Осы салада жұмыс жасайтын "Kompetenz" компаниясы мамандарының дерегінше, Қазақстанда сақтандыру алаяқтығының барлық оқиғаларының 70%-ы автосақтандырумен байланысты болып отыр. Олардың зерттеуі көрсеткендей, алаяқтар көбіне апатты өздері қасақана ұйымдастырады, автокөлікті қайта қалпына келтіру құнын шектен тыс көтереді, сақтандыру полисін тек жол-көлік оқиғасы болғаннан кейін рәсімдейді, құзырлы органдардан жалған құжаттар ұсынады, тіпті көлікті басқарған жүргізушіні ауыстыруға тырысады. Барлық жағдайлардың 65%-ында қарау ниеттілер сома көлемін асыра көрсеткен, ал оқиғалардың тағы 20%-ында жол апатын қолдан жасаған. "Kompetenz" сарапшылары Қазақстанда автосақтандыру және өмірді сақтандыру бойынша төлемдердің 15-20%-ын алаяқтар алады және олардың өнері мен қулықтары жыл сайын жетіле, шеберлене түсуде деген тұжырым айтады.

Ұлттық банктің дерегінше, қазіргі кезде Қазақстанда 32 сақтандыру компаниясы жұмыс жасауда. Оның ішінде 25-і – жалпы сақтандыруға, ал  бесеуі тек өмірді сақтандыруға маманданған.

Сақтандырушы және қайта сақтандырушы ұйымдардың активтері өткен жылы 856 миллиард теңгеге жетті және алдыңғы жылдағыдан 4%-ға өсті. Сақтандырушылар 2016 жылы полистер бойынша жалпы ауқымы 83 миллиард теңге төлем төлеген. Бұл 2015 жылғыдан 23%-ға көп.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу