Салалық ТВ – жаһандық тренд

2895

Қанат Сахария: зияткерлік контент – телевизияның болашағы. 

Салалық ТВ – жаһандық тренд

Еліміздегі салалық телеарналар мен телебағдарлама жасайтын компанияларды қандай сын-тегеуріндер күтіп тұр? Осы және өзге де сұрақтар қазақстандық Astana Media Week апталығында талқыланды.

Media Holding "Atameken Business" бас директоры Қанат Сахарияның пікірінше, қазіргі таңда бір салаға бағытталған телеарналар саны артып келеді.

"Ұлыбритания мен Израильде мұндай 700, Ресей, Франция және Германияда 300,  Испанияда 200, ал АҚШ-та мыңдаған арна бар. Қазақстанда 10-ға жетер-жетпес. Бірақ мәселе санда емес. Жыл сайын елімізде салалық телеарналардың қатары артып жатыр", – дейді Қанат Сахария. Өйткені бір саланы қамтитын арналар өзінің көрермендерімен тыңғылықты жұмыс істейді, яғни нарықтың сұранысына байланысты жедел түрде әрекет етеді, хабар тарату кестесін шапшаң ауыстыра алады және де тұрақты көрермені бар.

"Қазір халықтың басым бөлігі ақпаратты интернеттен, әлеуметтік желілерден алады. Уақыт аз болғандықтан, көбісі қолы бос болған кезде ақпаратпен сусындағысы келеді. Сондықтан қазір телевизия тікелей эфирде хабар таратуды қолға алып қана қоймай, кейінге қалдырылған қаралымға да көңіл бөліп отыр", – деді Қанат Сахария.

Оның айтуынша, келешекте зияткерлік контент кең сұранысқа ие болады. Бүгінгі таңда алуан түрлі сериалдар мен шоулар ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларды ығыстырып тастаған. Қанат Сахария шетелдік сериалдарды сатып алуды қайта қарастыру керектігін тілге тиек етті.Өйткені үнді және түрік сериалдары эфирлерді басып алған. Олардың бір бөлімінің құны шамамен 10 мың долларға дейін жететін көрінеді.

"Салық төлеушілердің ақшасы өзге елдің индустриясын қаржыландыруға жұмсалып жатыр. Мүлдем жат идеологияны дәріптейтін сапасы төмен сериалдар көрсетілуде.  Арзанқол сериалдың рейтінгі жоғары болатынын байқадым. Яғни бұның арты халық санасының құлдырауына әкеліп соғатыны сөзсіз. Сондықтан шетелдік сериалдардың көрсетіліміне қатысты саясатты қайта қарастыру қажет", – деп басып айтты Қанат Сахария.

Оның пікірінше, осы салаға жауапты министрлік Қазақстандағы кино нарығының дамуына көп үлес қосты, бірақ қазір дамудың жаңа кезеңіне өтуіміз қажет.

Kazakh TV телеарнасының директоры Майя Бекбаеваның айтуынша, шетелдік сериалдарға тыйым салу мүмкін емес.

"Көрермендердің қызығушылығын туғызу үшін отандық өнімдердің сапасын белгілі бір деңгейге дейін көтеру керек", - дейді Майя Бекбаева.

Сессияға қатысушылар отандық контенттің жеткіліксіздігінен, эфирді тек қазақстандық өнімдермен толтырудың мүмкін еместігін алға тартты.

Qazsport теларнасының директоры Павел Цыбулин көрермендерді экранға телміртіп қоятындай елімізде футбол мен хоккей турнирлерінің көп еместігін айтты.   

"Қазақстанда жылына небәрі 3-4 турнир өтеді. Біз оларды қайталап көрсете алмаймыз ғой! Көрермендерді тарту үшін, әрине, сыртқы нарықтың өнімдерін аламыз. Әлем чемпионаттары мен халықаралық франшизаларды сатып алуға мәжбүрміз. Бізде шығарылатын үздік бағдарламалар мен шетелдік үздік өнімдерді көрермен назарына ұсынуға тырысып жүрміз", – деді Павел Цыбулин.

Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дәурен Абаев 2016 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 16 сериалдың түсірілгенін айтқан болатын. Биыл отандық сериалдардың саны 43-ке дейін жеткен.

"Біз тек санға емес, сериалдардың сапасына да көңіл аударамыз. Бірақ сан бар жерде бәсекелестіктің бар екенін естен шығармауымыз керек. Осылайша біртіндеп сериал индустриясы қалыптасады. Бұрын отандық сериалдардың саны аз болатын. Енді біз оларды сыртқы нарыққа сата бастадық. Мысалы, көршілес елдерге Қазақстанда түсірілген 15 сериал сатылды. Біз осы бағытта жүйелі жұмысымызды жалғастыратын боламыз", –деді Дәурен Абаев.

Жалпы, сессияда күрмеуі қиын бірқатар түйткілдер анықталды.Қатысушылар бірауыздан кәсіби қауымдастық болып бірігіп, көрермендерді жоғалтып алмау үшін бәсекеге қабілетті, қызықты контент жасау керектігін жеткізді.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу