Осы аптада әлемде тарихи бетбұрыс болды: Техаста биткойн сатып алған инвестор криптовалютадан түскен табысын мемлекетке хабарламағаны үшін түрмеге қамалды.
АҚШ Әділет министрлігінің дерегінше, Фрэнк Ричард (Аhlgren III) 2017 жылдан бастап, 2019 жыл аралығында иеленген биткойндарын сатудан түскен 3,7 миллион доллар "капиталды табысын" жасырып қалғаны үшін 2 жылға сотталып кетті. Ол кірісін салық декларациясында көрсетпегені үшін жазаланған.
"Барлық салық төлеуші биткойн және басқа криптовалютаны сатудан көрген кез келген кірістерін және шығындарын декларацияларында хабарлауға міндетті", – делінген Американың Әділет министрлігінің 12 желтоқсанда жарияланған есебінде.
Болашақта бәрі өзгеріп кетуі мүмкін. Бірақ декларацияламаса, салық сомасына сәйкес 200%-ға, қайталанған жағдайда 300%-ына дейін жететін айыппұл салынуы мүмкін.
Криптовалютаны заңсыз сатса, ол үшін қылмыстық қудалау көзделген. Сондықтан сарапшылар заңға бағынып, ол туралы декларацияда көрсетуге кеңес береді.
Сонда қалай дұрыс көрсету керек?
Біріншіден, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті сарапшыларының хабарлауынша, декларация тапсыратын әрбір Қазақстан тұрғыны онда келесі мәліметтерді көрсетуге міндетті:
- барлық бағалы қағаздар (акциялар, облигациялар);
- туынды қаржы құралдары (своптар, опциондар, фьючерстер, форвардтар және т.б.);
- Цифрлық активтер (Bitcoin, даш, алькоин);
- инвестициялық қорлардағы пайлар.
Бұл Қазақстандағысына да, шетелде орналасқан активтерге де қатысты. Тиісті формада аталған активтердің санын, эмитент елді, әрбір активті сатып алу бағасын көрсету қажет.
"Екіншіден, егер салық төлеушінің қолында бар криптовалюта салық салу мақсаттары үшін криптовалютаның құнын айқындауға мүмкіндік беретін Үкімет қаулысында қарастырылмаса, салық органдары ол криптовалютаны сатудан түсетін кірістерін қандай бағам-курс бойынша есептейді?", – деген сауал туындайды.
"Криптовалютаны сатудан түсетін табыстар сату немесе сатып алу мәмілесі жасалған күні қолданыста болған бағам бойынша есептеледі. Криптовалютаны, жалпы цифрлық активтерді сату 270.00 салық есептілігінің нысанында (Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияда) "мүліктік кіріс" ретінде көрсетіледі. Егер криптовалютаны сату құны оны сатып алу құнынан асса, сонда ғана салықтық база туындайды. Осылар арасындағы оң айырмашылықтан 10% жеке табыс салығын төлеу керек", – деп түсіндірді Мемкірістер органының өкілдері.
Үшіншіден, брокердің шотындағы ақшаны 250.00 және 270.00 СЕН (салық есептілігінің нысандарының) қай бөлімінде көрсету керек?
"Брокерлік шоттарда жатқан ақшаны декларациялаудың қажеті жоқ. Заң бойынша 250.00 СЕН (Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияда) және 270.00 СЕН (Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияда) мұндай ақпаратты көрсету көзделмеген. Қазақстандағы брокерлік шоттар бойынша мәліметтерді салық органдарына елде тіркелген брокерлердің өздері ұсынады", – деп хабарлады МКК сарапшылары.
Бірақ бір гәп бар. Шетелдегі брокерлік шоттар бойынша мәліметтерді "ҚР шегінен тыс орналасқан шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша туралы мәліметтер" бөлімінде көрсетуге кеңес беріледі. Өйткені шетелден қазақстандық мемлекеттік кіріс органдарына ондай ақпараттар түспейді. Бұл ретте шетелдік брокердің сәйкестендіру нөмірі мен атауын көрсеткен орынды.
Төртіншіден, жеке тұлғаның қолында бұрынғы жылдары сатып алынған крипто-активтер, соның ішінде биткойн болса, бірақ оларды сатып алуды растайтын құжаттар сақталмаса, мұндай активтерді декларацияда қалай дұрыс көрсету керек?
Мемкірістер комитеті сарапшыларының түсіндіруінше, тіпті сатып алғанын растайтын құжаттары болмаса да, жеке тұлға декларацияда өзінің меншік құқығындағы барлық криптовалютаны көрсетуге міндетті. Бұл жағдайда криптоәмияндағыдағы жазба – сатып алуды растай алады.
Бесіншіден, болашақта криптовалютаны сатуды 270.00 формасында қалай көрсетуге болады?
"Криптовалютаны, жалпы цифрлық активтерді сату 270.00 СЕН (Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияда) жеке тұлғаның салығын өз бетінше есептеп, төлейтін кірістері ретінде көрсетіледі. Мүліктік кіріс криптовалютаны өткізу құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады", – деп хабарлады МКК сарапшылары.
Қазақстан Үкіметі биылғы 19 қарашада 8 миллион азаматты жаппай декларация тапсырудан босатты. Алайда сарапшылардың түсіндіруінше, егер олар биткойн, басқа да цифрлық активтерді сатып алса, онда декларация тапсыруы керек.
Бүгінде 1 биткойннің бағасы 102 мың доллардан асып кетті. Ақпарат құралдары өткен жылдары құны құлдырағандықтан одан бас тартқан халықаралық қаржы пирамидалары енді биткойнді алаяқтық құралы ретінде пайдалануға қайта оралғанын жазуда.
Бағасы өскендіктен бірқатар қазақстандықтар да жиған-тергеніне криптовалюта сатып алуға бағыттай бастапты.
Осы орайда Еуропа Орталық банкінің (ЕОБ) мамандары биткойннің құны "нөлге" тең екенін ескертеді.
"Биыл АҚШ-та споттық биткоин-ETF-тің мақұлданғанына және содан кейін басталған баға раллиіне қарамастан, биткоиннің әділетті құны сол бұрынғыдай нөлге барабар. Оның құны негізінен жасанды, спекулятивті түрде көтерілуде. Бұл осы активтің өзектілігін мәңгілікке жою жолындағы соңғы серпіндерінің бірі", – деп санайды ЕОБ нарықтық инфрақұрылым мен төлемдер жөніндегі бас директоры Ульрих Бинздайл мен банктің осы мәселелер жөніндегі кеңесшісі Юрген Шафф. Олар бұл байламын "Биткоиннің соңғы межесі" атты мақаласында жариялады.
Биткойн бағасының жаңа асқарларды бағындырып жатқанына қарамастан, Бинздайл мен Шааф бұл активтің түбі күйрейтініне қатысты пікірін өзгерткен жоқ. Неге?
Олардың айтуынша, біріншіден, лоббистер биткойнді халықаралық төлемдерге арналған "орталықсыздандырылған жаһандық цифрлық валюта" ретінде қабылдатуға күш салды. Доллар, еуро, фунт, иена және басқа да жаһандық жетекші валюталарды пайдалану құқығынан айрылған Ресей де осы идеяны ілгерілетуге тырысты.
Бірақ бастама жарға жығылды, бірде бір жетекші ел оны құптамады. Қытай тіпті былтыр цифрлық юаньнан басқа криптовалюталарға өзінде түпкілікті тыйым салып тастады.
Екіншіден, криптовалюта халықаралық резервтік валютаға да айнала алмады. Салдарынан, ол негізінен қылмыс әлемінің төлем құралы және мемлекеттік қадағалаудан жасырылған капиталдың бір бөлігі сақталатын "көлеңкелі" актив мәртебесінде қалды.
Үшіншіден, еуропалық қос сарапшының байламынша, криптовалюта алтын, күміс, уран сияқты уақыт өте келе бағасы міндетті әрі тұрақты түрде артатын, жалпы мойындаған инвестициялық активке сол бойы айнала алмады.
Осы аптада Google жасаған кванттық серпін де биткоинға қауіп төндіріп тұр. Google есептеуіш қуаттылығы 105 кубитке жететін Willow кванттық чипін жасағанын жариялады. Бұл Elliptic Curve Digital Signature Algorithm (ECDSA) пен Secure Hash Algorithm (SHA-256) сияқты Bitcoin-ның криптографиялық алгоритмдеріне арналған кванттық технологияларына қатер төндірді.
Сарапшылардың мәліметінше, бұл технологиялар Bitcoin-ның криптографиялық қорғанышының іргетасы болып табылады. Бұған дейін оны хакерлер бұзуы үшін триллиондаған жыл қажет болады деп саналатын. Алайда кванттық есептемелердің дамуы нәтижесінде биткойннің криптографиялық қорғанышы салмақты сынаққа тап болды. Оны Willow кванттық чипі бес минуттың ішінде бұза алуы мүмкін.
Сондай-ақ, Microsoft мамандары Солтүстік Кореяның хакерлері жалпы сомасы 3 миллиард доллардың криптовалютасын иелерінен ұрлап әкеткенін жария етті.