Салықшылардың бизнесмендерден неге көңілі қала бастады?

14317

Қаржы министрлігінің салық жинауға жауапты құрылымы – мемкірістер комитеті көлеңкелі банк аударымдары қаптап кеткенін мәлімдеді. 

Салықшылардың бизнесмендерден неге көңілі қала бастады?

"Интернет технологиялардың қарқынды ілгерілеуі арқасында тез және қолайлы түрде төлем жасауға мүмкіндік беретін банк өнімдері белсенді дамып келеді. Адамдар ақшаны ұялы телефон нөмірі бойынша, сондай-ақ QR код, SMS-хабарлама, әртүрлі мобильді әмияндар және басқасы бойынша ақша аударуға бейімделуде. Халық арасында танымал бұл тәсілдерді кәсіпкерлер де өз қызметінде жиі пайдалана бастады", – дейді мемлекеттік кірістер органы.  

Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылғы қарашада Қазақстанда небәрі 19 миллиондай қазақстандықтардың қолында 21 банк пен "Қазпошта" шығарған 45,4 млн карточка болған. Рас, соның ішінде азаматтар тек 56,5%-ын ғана қолданған.   

Бізге қызығы: биылғы қазан айында ғана 344,2 млн транзакция жүргізіліп, оның барысында қазақстандықтардың төлем карточкалары арқылы тұтас 5,5 трлн теңге әрлі-берлі аударылған. Осылайша, алдыңғы аймен, яғни қыркүйекпен салыстырғанда транзакциялар саны 4,7%-ға, сомасы – 6,8,4%-ға ұлғайды.

Осы орайда билік алаңдаушылық танытып отырған секілді. Үкімет шытырлаған ақшамен есеп айырысу кеміп, бәрі электронды форматқа көшсе, көлеңкелі экономика да күрт азаяды деп сенді. Бірақ олай емес екен. Егер кәсіпкер фискалдық чек бермесе, ақша саудадан түскен табыс болып есептелмейді. Тиісінше, салық салу базасына ілікпейді. Салдарынан, бизнес көлеңкеде ары қарай қала береді.

"Бүгінде елімізде ақша айналымының басым бөлігі қолма-қолсыз күйге көшті. Әрине, қолма-қолсыз төлемдер үлесінің өсуі елдегі көлеңкелі экономиканы азайтуға септеседі. Бірақ ол үшін кәсіпкерлік қызметте қолданылатын қолма-қолсыз төлемдер айналымы фискалдандырылуға және кәсіпкердің салық есебінде көрініс табуға тиіс. Елде бизнес өркендеуі үшін мемлекет барлық қолайлы жағдайларды жасауда. Шамамен 1,2 млн микро және  шағын бизнес нысаны 3 жылға табыс салығын төлеуден босатылды. Бизнесті тексеруге 3 жылдық мораторий енгізілді. Бұл ретте мораторий күшінде болатын кезеңде бизнестің өзі жауапкершілік танытады, белгіленген барлық міндеттемесін ерікті түрде орындайды, ережеге бағынады, салықтан жалтармайды деп күткен едік. Алайда олай болмады", – дейді Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің маманы Мақсат Ақмұратов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде "кассалық тәртіптің" төмен деңгейге түсіп кеткені байқалады.

"Қарапайым сөзбен айтсақ, кәсіпкерлер тауар сатқанда, қызмет көрсеткенде клиентіне чек бермейді. Мысалы, облыстық мемкірістер органына биылғы 11 ай ішінде Маңғыстау өңірінің жұртшылығынан чек бермегені жөнінде азаматтардан 1,5 мыңдай шағым түсті. Ал бермесе, сұрамай кетіп қалатыны қаншама? Оны аз десеңіз, жаңадан пайда болған банк өнімдерін кәсіпкерлер шынайы айналымдарын жасыру құралы ретінде жаппай пайдаланып жатыр. Мысалы, олар клиенттерінен ақшаны өзінің емес, басқа адамның атына аударуды сұрайды. Осы мақсатта бизнес субъектісі ретінде тіркелмеген адамдардың есепшотын қолданады. Осы арқылы көлеңкелі айналымның өркен жаюына ықпал етуде", – дейді Мақсат Ақмұратұлы.  

Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті жасырын төлемдер мен аударылымдарды ажыратуға және фискалдандыруға бағытталған бірқатар шешім әзірлепті. Ол тетіктер әзірге іске қосылған жоқ, Ұлттық банкпен, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен және соны жүзеге асыратын банктермен бірге талқылап жатыр.

"Осы шешімдерге сәйкес, кәсіпкерлер өз тауары, жұмысы және қызметі үшін есеп айырысу кезінде тек кәсіпкерлік қызмет үшін ашылған есепшоттарды қолдануға міндеттеледі. Атап айтайық, ұсынылып отырған механизмдер ақша аударымын табыс табу емес, жеке мақсатына ғана пайдаланатын жеке тұлғалардың аударымдарына қатысты болмайды", – деді мемкіріс органының өкілі.   

Меморган бизнесті адал, ашық жұмыс істеуге, әрбір тауары мен қызметі үшін фискалдық чек беруге шақырды.

Жалпы, кәсіпкердің чек бермеуі – оның алаяқтықты арсынбайтынын көрсетеді. Демек ол ақаулы тауар сатуы, сапасыз қызмет көрсету, тіпті алдап соғуы мүмкін. Мысалы, алматылық Аружан Манучехр сондай жағдайға тап болған.

"Біз күйеуіміз екеуіміз жаңа пәтеріміз үшін асүй жиһазын және шкафтарды тапсырыспен жасатпақ болдық. Интернеттегі хабарландыру бойынша жиһаз жасаушыны таптық. Салмақты көрінді, тіпті "СпецСнабСтрой" аталатын ЖШС түрінде құрылған. Дамир деген жиһаз жасаушы келді. Компания директоры да өзі екенін айтты. Барлық уағдаластықтарымызды келісім түрінде бекіттік. Асүй жиһазын 2020 жылғы 12 қарашада, ал шкафтарды 13 қарашада жасап әкелуге уәде етіп, шартта мерзімдерін нақты бекітті. Осыған тоқтадық. Ол тауардың 60%-ын алдын ала төлеу керектігін айтты. Біз келісіп, 300 мың теңгені бірден санап ұсындық. Бірақ чек бермеді. "Келісім бекіттік, алаңдамаңыз! Чекті кейін әкеліп беремін" дегенді айтты. Тіпті өзінің жеке куәлігін суретке түсіруге рұқсат етті", – дейді Аружан. 

Алайда артынша ізім-ғайым жоғалып кетіпті. Чек те жоқ, ақша да жоқ. Клиенттер ЖШС-ның тіркелген мекенжайы бойынша іздеп барса, онда аталған компания болмай шыққан. Мұндай оқиғаларды елде көптеп кездеседі.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу