Ел футболына есімі таныс, бұрынғы ұлттық құрама ойыншысы Самат Смақов легионерлерді таңдауға қатысты шұғыл шешім қабылдауды ұсынды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі 1bol.kz порталына сілтеме жасап.
Даңқты футболшы "Қазақстан футболы легионерсіз қалса, жағдайдың қиындайтынын жеткізіп отыр.
"Қаржыландыру тоқтаса, бізде легионер қалмайды деген сөз. ҚПЛ-дағы өз орнын сақтауға күресіп жатқан клубтарға ешкім ақша бермейді, оларда демеуші де жоқ. Алғашқы орында тұрған командалар өйтіп-бүйтіп демеуші табуы мүмкін, ал басқаларының халі мүшкіл. Яғни, деңгей мүлде алшақтап кетеді. Біздің чемпионаттың деңгейі онсыз да төмен, легионерлерсіз жағдай тіпті қиындап кетеді", – деді ол.
Сондай-ақ, С.Смақов өзі де Ресей мен Түркия клубтарында легионер болғанын, онда өзіне көп міндет жүктелгенін айтты.
"Легионерлерге лимит енгізу керек шығар. Бастысы, өз елінде ешкімге керек болмай қалған, бәсекеге қабілетсіз легионерлерді емес, шынымен де, мықтыларды шақырту қажет. Біздің екінші алтылықтағы клубтардың көбінде деңгейі төмен легионерлер бар. Бапкер оларды алаңға амалсыз шығарады, себебі басшылық қыруар қаржыға сатып алынған шетелдіктің неге ойнамайтынын сұрайды", – деп сөзін түйіндеді ол.
Сондықтан, Смақов легионерлердің деңгейіне қатысты мәселені шұғыл шешу керек деп есептейді.
Бұған дейін депутат Дархан Қыдырәлінің Сенаттың жалпы отырысында қазақ футболындағы бірқатар былықтың бетін ашқанын жазған едік.