"Самұрық-Қазына" активтеріне тыйым салу белең алып барады"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3539

Бұл өз кезегінде елдің инвестициялық климатына кері әсер етуде.

"Самұрық-Қазына" активтеріне тыйым салу белең алып барады"

Үкімет отырысына өте сирек қатысатын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бүгін министрлер кабинетіне "мұңың" шақты. Айтуынша, соңғы уақытта қордың активтеріне тыйым салу белең алып барады.

"Өкінішке қарай, активтеріне тыйым салынуына байланысты қорды шет елдердегі сот процестеріне ұдайы тарту практикасы белең алуда. Атап айтқанда, 2017 жылы Стати талаптары бойынша қорға тиесілі құны 5 млрд АҚШ долларын құрайтын Қашаған акцияларына шектеу қойылды. Ал 2018 жылы Aktau Petrol-дың республикаға қойған талаптары бойынша қорға тиесілі 38 млн АҚШ доллары көлеміндегі Түркиядағы Шекербанк акцияларына тыйым салынды", – деді Үкіметтің бүгінгі отырысына қатысқан Ахметжан Есімов.

Басқарма төрағасының өзінше, мұндай келеңсіздіктер қор активтерінің инвестициялық тартымдылығына айтарлықтай жағымсыз әсер етуде. Бұл өз кезегінде елдің инвестициялық климатына да кері әсерін тигізуде.

"Осыған байланысты біз әділет және қаржы министрліктерінен Қазақстан Республикасына қарсы шығарылған халықаралық арбитрарлық процестердің орындау механизмін әзірлеуді ұсынған едік. Мұндай механизм арқылы қордың активтеріне тыйым салынудан қорғануға болады", – дейді Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы.

Үкімет отырысынан кейін Ахметжан Есімов көтерген мәселеге қатысты әділет министрі Марат Бекетаев түсініктеме берді.

"Инвесторлар "Самұрық-Қазынаның" активтерін не үшін бұғаттауға тырысады? Себебі, олар "Самұрық-Қазынаны" Үкімет толықтай бақылап отыр деп ойлайды. Тиісінше, қор Үкімет алдында жауап беруге міндетті деп санайды. Біз мұнымен келіспейміз, әрине. Сондықтан қаржы министрлігімен және "Самұрық-Қазынамен" бірлесіп осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз", – деді Марат Бекетаев журналистерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, акционер акционерлік қоғамның міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Тиісінше, компания да акционердің міндеттемелері бойынша жауап беруге міндетті емес. Өйткені, екеуі екі бөлек заңды тұлға болып саналады.

"Сондықтан біз инвесторлардың іс-әрекеттеріне қарсы шағымданып жатырмыз. Шетелдік шағымданушылардың өтемақыларын өтеу бойынша арбитраждық шешім шықты. Тиісінше, біз апелляцияға береміз. Осы аралықта өтемақыны төлеу уақытша кешіктіріледі. Себебі, біз мәселенің анық-қанығын анықтауға тиіспіз. Өйткені, төлейтін сома әлдеқайда аз болуы мүмкін. Тіпті, төленіп қоюы да ықтимал. Апелляциялық шағым түсірудің мәні де осында жатыр. Ал біз сот шешіміне қарсы шағым түсіргенше, шетелдіктер қордың активтерін бұғаттауға өтініш береді", – дейді Марат Бекетаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу