"Самұрық-Қазына"-ның қарызы азайып келеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3668

2018 жылы ұлттық әл-ауқат қорының сыртқы қарызы 3,2 млрд долларға қысқарды.

"Самұрық-Қазына"-ның қарызы азайып келеді

Былтыр "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының сыртқы қарызы 18,5 млрд теңгеден 15,3 млрд теңгеге дейін азайған. Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мәлімдеді.

"Сыртқы қарызымыз 3,2 млрд долларға қысқарды. Сондай-ақ дебиторлық берешек 331 млрд теңгеден 66 млрд теңгеге дейін немесе 80 пайызға азайды", – деді Ахметжан Есімов 2018 жылдың қорытындысына арналған жиында.

Ал қордың экономика және қаржы жөніндегі тең-басқарушы директоры Ернар Жанәділдің сөзінше, жедел ақпаратқа сәйкес, өткен жылы "Самұрық-Қазына"-ның жалпы қарызы 1 трлн теңгеге немесе 10 пайызға қысқарған. Қазір қордың жалпы қарызы 8,9 трлн теңгеге тең.

Ахметжан Есімов атап өткендей, былтыр екі компания қаржылық тәуекелдіктің "қызыл" аймағынан шығарылған. Дәлірек айтсақ, "ҚазМұнайГаз" бен "Самұрық-Энерго" компаниялары өз жағдайларын айтарлықтай жақсартқан. Еске сала кетейік, 2018 жылдың басында үш компания "қызыл" аймақта болған еді. Қазір тек "Қазақстан темір жолы" ғана қауіпті аймақта қалып отыр.

"ҚазМұнайГаз" 1,6 млрд доллар көлеміндегі еурооблигацияларын өтеді. Сондай-ақ 3,2 млрд доллар көлеміндегі міндеттемелерді басқару мәмілесін ойдағыдай орындады. "Самұрық-Энерго" жағдайын дұрыстап, қарызын 50 млрд теңгеге азайтты", – деп толықтырды ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы.

Ернар Жанәділдің сөзінше, биыл қордың алдында "Қазақстан темір жолын" қауіпті аймақтан алып шығу міндеті тұр. Ең алдымен компанияның шетелдік валютадағы қарыздарынан құтылуға басымдық беріледі. Ал 2020 жылы компания акциялары ІРО-ға шығарылады деп жоспарлануда. 

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының тұрақты валютадағы қарызы бар. Сондықтан біз шетелдік валютадағы қарыздарды теңгемен қайта қаржыландыруға тырысамыз. Мәселен, "Қазақстан темір жолының" негізгі табысының басым бөлігі теңгеге тиесілі. Ал табыстағы доллардың үлесі – 30 пайыз. Сонымен қатар, артық қаражатты, үнемделген ақшаны қарыздарды өтеуге жұмсайтын боламыз", – дейді Ернар Жанәділ.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының негізгі қызмет түрінен түсетін табысы 2018 жылы 8,3 трлн теңгені құраған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 31 пайызға артық. Қордың таза табысы 37 пайызға ұлғайып, 821 млрд теңгеге дейін өскен. Ал операциялық табыс 1 трлн теңгеден асқан.

Жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес, 2018 жылы ұлттық әл-ауқат қоры 31 активін шығарып, жекешелендіруден 230 млрд теңге табыс тапқан.

"2018 жылдың басты жетістігі – "Қазатомөнеркәсіп"-тің xалықаралық IPO-ға шығуы. Одан 451 миллион АҚШ доллар түсті. Ол ақша Ұлттық қорға аударылды. Бұдан бөлек, маңызды жобаларды да атап өткен жөн. "Сарыарқа" газ құбыры жобасы бойынша 1,7 миллион адам тұратын 170 елді мекенге газ тартылады. Kcell-ге тиесілі акциялардың 75 пайызын сатып алдық. Осы келісім жайында ашық жариялағаннан кейін "Қазақтелеком"-ның акциялары 10-15 пайызға қымбаттады. Былтыр барлық мұнай-газ өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сөйтіп, ішкі нарығымызды сапалы мұнай өнімдерімен қамтамасыз еттік", – деді Ахметжан Есімов.

Басқарма төрағасы қордың 2028 жылға дейінгі стратегиясы әзірленгенін атап өтті. Ұлттық әл-ауқат қоры алдағы он жылда аталған құжат негізінде жұмыс істемек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу