"Самұрық-Қазына" дауы: Статиге Чэпмен қосылды

1721

Әділет министрлігі "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы мен Стати арасындағы дауда тағы бір табысқа жеткендерін жариялады. 

"Самұрық-Қазына" дауы: Статиге Чэпмен қосылды

Атап айтсақ,  Анатол Стати, Габриэль Стати, Ascom S. A. және Terra Raf Trans Traiding Ltd.-ге қарсы Нидерланды Жоғарғы сотындағы процесс Қазақстан тарабы үшін тиімді бағытқа бет бұрған сыңайлы.

"2020 жылғы 18 желтоқсанда Нидерланд Жоғарғы Соты Стати мен Қазақстан Республикасы арасындағы дауға байланысты Амстердам Апелляциялық сотының 2019 жылғы 7 мамырдағы KMG Kashagan B.V. компаниясындағы "Самұрық-Қазына" АҚ акцияларын бұғаттау туралы шешімінің күшін жойды",  деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.

Нидерланд Жоғарғы Соты тіпті істі Гаага апелляциялық сотында қайта қарауға жіберіп отыр. Осылайша KMG Kashagan B.V. компаниясындағы "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ акцияларын бұғаттаудың заңдылығын Гаага апелляциялық соты қайта қарайтын болды. 

Әділет министрлігінің мамандары кейінгі жылдары Статидің Қазақстандағы іс-әрекеттерінің шынайы дәлелдемелері беделді және тәуелсіз сарапшылардың назарын өзіне аударды деп санайды. 

"Сарапшылар Статидің заңнаманы жүйелі түрде бұзғанын анықтады. Соның нәтижесінде олар өздерін заңды инвесторлар ретінде көзбояушылық тудырып, іс жүзінде жалған компаниялар арқылы қазақстандық жүйені алаяқтық операциялар жасауға пайдаланды. Pricewaterhouse Coopers сияқты әлемдік жетекші аудиторлық фирмалар Стати Қазақстаннан жарты миллиардтан астам АҚШ долларын оффшорлық шоттарға және өз қалталарына аударған деген қорытындыға келді", деп жазылған ресми ақпарда.

Қазақстан тарабы Стати  түрлі жалған компаниялар арқылы ақша жылыстатып қана қоймай, KPMG-ге жалған мәлімет ұсыну арқылы жалған қаржылық есептілік алды деп есептейді. Сол жалған есептерді инвесторлардан қаражат тартуға пайдаланса керек. 

"Олар, сондай-ақ, қолдан жасалған қаржылық есептерді төрелік соттың  Қазақстанды 497 млн доллар төлеуге міндеттейтін шешімін алуға пайдаланған. Бұл талаптарын Қазақстанның жауапкершілігі туралы жалған мәлімдемелер арқылы негіздеп,  ел аумағына аталмыш сомадағы қаражат инвестицияладық деп көрсеткен",  деп жазады министрлік.

2019 жылдың сәуірінде Статидің бұрынғы қаржы директоры Артур Лунгу АҚШ-тағы ант берген мәлімдемесінде Стати өзінің аудиторы KPMG компаниясына айтарлықтай бұрмаланған мәліметтер бергенін мойындады. Осылайша 2019 жылғы 21 тамызда KPMG Статидің Қазақстанға болжамды инвестицияларына қатысты аудиттік есептерін кері қайтарып алға болатын. Бұл шешім 18  аудиторлық қорытындыға әсер етті.

"Deloitte, PwC, профессор Джордж Берманн және профессор Кристоф Шройер сияқты тәуелсіз және жетекші әлемдік сарапшылар жағдайды бағалап, Стати жүйелі алаяқтықпен айналысты және төрелік шешім алаяқтық жолмен алынды деген қорытындыға келді. АҚШ Әділет департаментінің активтерді тәркілеу және ақшаны жылыстату бөлімі бастығының орынбасары болған сарапшы Стефан Каселла Стати кем дегенде екі юрисдикцияда – АҚШ пен Латвияда "ақшаны жылыстатуға байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін" деген қорытынды шығарды. Люксембургте Статидің алаяқтық және ақшаны жылыстату схемаларын қылмыстық тергеуі жалғасуда", – дейді министліктің баспасөз қызметі.

Әділет министрлігі арада бірнеше жыл өтсе де, екі тараптың кезек-кезек итжығыс түсіп келе жатуын Стати тобының мәліметтерді  асқан шеберлікпен бұрмалайтын қабілетімен байланыстырады. 

Ал профессор Кристоф Шройер қазіргі дейін ұсынылған дәлелдер Қазақстан тарабының пайдасына жұмыс істейді деген баға берген екен.

"Қазір қолда бар дәлелдер, соның ішінде KPMG хат алмасулары мен жалған қаржылық есептілік Статидің заңсыз әрекеттері мен теріс пиғылын айқын көрсетеді. Бұл дәлелдерді  төрелік трибуналға ұсыну арқылы Стати талаптарының қаншалықты негізді екенін және Қазақстанның жалған инвестициялық құрылымдар алдындағы жауапкершілігін қайта айқындауға қол жеткізуге болады", - депті.

Қазақстан тарабының мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін анықталған жаңа дәлелдер швед апелляциялық соты шешім шығарып жатқан кезде де белгілі болмаған. Бұл Статиге швед соттарының жағдайды шынайы және толық мәліметтер негізінде бағалауына кедергі келтіруге мүмкіндік берген. Шведтік Свеа сотының судьясы Патрик Шельдстромның айтуынша, Стати ЭХК арбитражындағы трибуналды газ өңдеу зауытының құны туралы әдейі жаңылыстырған. 

"Менің ойымша, олар Швециядағы төрелік шешімнің күшін жою процесі кезінде әдейі жалған ақпарат берді немесе осы мәселе бойынша тиісті ақпаратты жасырған болуы керек. Мұндай әрекеттер мен әрекетсіздіктерді швед заңнамасы бойынша "қарапайым қылмыстық алаяқтық" деп санауға болады",  деген екен швед судиясы.

Статидің ісінде Қазақстанға үлкен үміт сыйлаған шешім 2017 жылы Лондонда шыққан болатын. Лондонның Жоғарғы соты Статидің төрелік шешімді алаяқтық жолмен алғандығы туралы жеткілікті дәлелдері бар деп шешті. Алайда Дэн Чэпменның қаржылай қолдауына сүйенген Стати бұл процестен бас тартты. Оның орнына басқа мемлекеттердің сотына шағыммен жүгіне бастады. Топ басқа мелекеттерде құжаттарды Лондондағыдай тыңғылықты тексеру болмайды деп үміттенді деген болжам бар. 

"Бүгінде сот процестері бірқатар юрисдикцияда жалғасуда. 2020 жылғы 17 қарашада Брюссельдің апелляциялық соты Қазақстан Республикасына Стати жасаған алаяқтыққа байланысты істі толық көлемде ұсынуға рұқсат берді. Ал Нидерланд Жоғарғы соты осы алаяқтыққа байланысты апелляцияны қарастыруда. Статидің ақшаны жылыстату туралы фактілерін Гибралтар Жоғарғы сотына "Толқыннефтегаз" ЖШС конкурстық басқарушысы ұсынды",  деп жазады Әділет министрлігі.

Яғни, ресми дерекке қарап, бірнеше жыл бойы халықаралық қауымдастықтың алдында Қазақстан билігін инвесторларды аяусыз қанаушы ретінде айыптап келген Стати мен оның жақтастары тығырыққа тіреле бастаған. Уақыт өткен сайын топтың алаяқтық әрекеттер әшкереленіп, олардың шағымына мән беріп қарайтын юрисдикциялардың шеңбері тарыла түскен. Алайда бұл тек Қазақстан тарабының тұжырымы екенін ескеру керек. 

Әділет министрлігі таратқан ресми ақпаратта кейінгі кезде Статидің белсенділігі бәсеңдегені айтылған. Статидің Tristan Oil Ltd компаниясының облигацияларын әйгілі Дэн Чэпмен басқаратын проблемалық активтер мен үмітсіз облигацияларға мамандандырылған хедж-қорлар тобына сатып жіберуі де осыған байланысты көрінеді.   

Қазақстан тарабы Статидің бұл әрекетінен де түк шықпайтынына сенімді. 

"Нидерланд корольдігінде Чэпмен мен оның жақтастары Қазақстанға қарсы сот процесін жалғастырудан бас тартты. Қазақстан республикасы осы арқылы Чэпмен мен оның жақтастары түрлі соттарды шатастырады деп есептейді. Сондықтан Әділет министрлігі Дэн Чэпмен мен оның АҚШ-тағы компаниясына қарсы сот процесін қозғау туралы бастама көтерді.  Қазақстан Республикасы Нидерланд және басқа да елдердің соттарында қаралатын барлық сот талқылауында әділдіктің орнайтынына сенімді", деп жазылған ресми мәліметте.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу