"Самұрық-Қазына" оff-take-келісімдерді жоғалтып жібереді

3277

Мемлекеттік сатып алу мен импортты алмастыру жүйесінде болатын өзгеріс "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына тиген "топалаңның" тасасында қалып қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Самұрық-Қазына" оff-take-келісімдерді жоғалтып жібереді

"Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев кәсіпкерлермен кездескенде мәселені жанама түрде талқылады. Ол мемлекеттік сатып алудың жаңа ережесін жасау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын жариялағанмен, отандық өндірушілер нарыққа не ұсына алады деген сұрақты назардан тыс қалдырды.

"Біз қолдауға міндетті ірі кәсіпорындар бар. Импортты алмастыру шарасына басымдық беру көзделіп отыр. Реформа қордағы кадрлық өзгерістерден басталды. Қордың директорлар кеңесінің өкілдеріне, компания жетекшілеріне сатып алу мәселесіне қатысты барлық басшыларды атқаратын қызметтерінен босатуды ұсындық. Бұл – популистік шара емес. Мен бұған дейін кез келген бұзушылыққа "адам факторы" әсер ететінін және басшылар мұны білетінін айтқан болатынмын. Біз құрылымды оңтайландыру жұмысын тиісінше жүргіземіз", – деп нақтылады Алмасадам Сәтқалиев.

Оның сөзінше, мемлекеттік сатып алу саласындағы жемқорлық жойылмайынша, жағдай жақсармайды.

"Мен кейбір кәсіпкерлердің табыс пен жетістікке қандай да бір басшылардың көмегімен жететінін білемін. Біздің мақсатымыз – бәсекелестікті дамыту, бәсекеге қабілетті өндіріс құру. Мен кәсіпкерлерді басқа тәсілдерге жүгінбеуге шақырамын", – деді басқарма төрағасы.

Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алудың қолданыстағы жүйесі сын көтермейтінін алға тартты. Ал Алмасадам Сәтқалиев оларға категориялық сатып алудан бас тартып, "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға интеграциялану ұсынылғанын айтты.

"Бірінші кезекте кәсіпкерлердің пікіріне құлақ түреміз. Алайда отандық индустрияны дамыту үшін жоғарыдағы қадамға бару қажет болады", – деді "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы.

Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраевтің пікірінше, қорға шалт қимыл жасамау қажет. Себебі кәсіп тыныштықты жақсы көреді.

"Қордың ережесін "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңмен біріктіру қажет", "Қорды жою керек" деген сияқты бастамаларды қолдамаймын. Мұның соңы құлдырауға әкеледі", – деді қауымдастық президенті.

Қанат Ибраев квазимемлекеттік сектор салалық сарапшылармен жұмыс істеуге тиіс деп санайды.

"Бізге нақты өндірістік секторды қолдауды қалыптастыру бойынша консенсусқа келу керек", – деді ол.

Кәсіпкерлердің айтуынша, оff-take-келісім-шарттар қолжетімсіз. Осыған қатысты өтінім "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының еншілес компанияларына жіберіледі. Олар өтінімді үшті-күйлі жоғалтып жібереді.

"Ешкімді айыптағымыз, кінәлағымыз келмейді. Бірақ оff-take-келісімдер баршаға арналмаған деп күдіктенеміз", – деді кәсіпкерлер.

Алмасадам Сәтқалиев мұндай мәселенің бар екенін мойындады және оны шешуге уәде берді.

"Оff-take-келісімдерге қатысты шағым өте көп. Кейде келісімшартты жеңіп алған портфельдік компаниялар бірнеше ай бойы құжаттарын рәсімдей алмай жүреді. Осыған қатысты процедура мен регламент қайта қаралады", – деді басқарма төрағасы.

Алмасадам Сәтқалиев "Атамекен" ұлттық кәсіпркерлер палатасы келтірген деректі алға тартып, елімізде аяқ киім өндіретін 500 компания бар екенін, іс жүзінде 8-9 компания ғана осы іспен айналысатынын айтты.

"Қалғандар преференцияларды алып отырғандарына қарамастан шетелден дайын өнім әкеліп, оны отандық тауар ретінде ұсынады. Бұған тосқауыл қойылады", – деп түйді ойын басқарма төрағасы.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу