Учаске ресми түрде анықталғаннан кейін, ауқымды жобаны жүзеге асыратын компания таңдалады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бұл туралы 15 қазанда Ақордада "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанда атом электр стансаларының құрылысы халықаралық консорциуммен бірлесіп жүргізілуі тиіс. Мұндай шешім Түркия, Венгрия, Франция, Оңтүстік Корея және Қытайдағы бар және салынып жатқан нысандарды аралаған соң қабылданды.
"Ядролық арал туралы айтатын болсақ, ең тиімді технологияларды Ресей, Корея, Франция ұсына алады. Электр энергиясын өндіру, энергетикалық жабдық туралы айтатын болсақ General Electric және корей өндірушілерінің ең жақсы технологияларын байқаймыз. Ал жобаның өте маңызды бөлігі – қосалқы жабдықтар, автоматика, есеп жүйелері, сорғы жабдықтары туралы айтатын болсақ, онда өндірушілердің көбі негізінен еуропалық – Франция, Германия, Siemens және басқа қатысушылар", – деп нақтылады Алмасадам Сәтқалиев.
Ол атом электр стансасы сияқты ірі энергетикалық нысанның құрылысы кезінде техникалық қадағалауды қамтамасыз ету өте маңызды екенін атап өтті.
"АЭС құрылысының ерекшелігі сол, алдымен құрылысшылардың қорын анықтап, жергілікті қамтуға міндетті талап қойып, содан кейін олар зауыттарды жобалауға кіріседі. Соңғы іріктеу бірнеше ай ішінде өтеді деп жоспарлап отырмыз", – деді "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы.
Алмасадам Сәтқалиев 2023 жылы бір блоктың құрылысы, орналасатын жері, қуаттылығы және қаржыландыру шарттары туралы түпкілікті шешім қабылданатынын айтты.
"Жобалау, алаңды дайындау, инженерлік-іздестіру жұмыстары басталады. Жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін құрылыс басталады", – деп түсіндірді Алмасадам Сәтқалиев.
Бұл ретте ол қауіпсіздік мәселелері бастапқы кезеңде құрылысқа қойылатын талаптарды белгілеу арқылы талқыланатынын ескертті. Айтуынша, қауіпсіздік шарттары мердігерлерді таңдау талаптарының бірі болуы керек.
"Станса автоматтандыру тұрғысынан да, техникалық шешімдер бойынша да қауіпсіздік деңгейі жоғары, қорғалатын болады. Талап бойынша стансаның корпусы үлкен фюзеляжды ұшақтың құлауынан болған соққыға төтеп беруі керек. Бұл 10 баллдық жер сілкінісі сынды негізгі сейсмикалық талаптарды айтпағанның өзінде", – дейді Сәтқалиев.
Сөз соңында спикер Kcell акциялары туралы сұрақтарға жауап берді. Ол аталған компанияның 51% акциялары шетелдік ұйымға сатылуы мүмкін екенін атап өтті.
Сурет: arbat.media