"Самұрық-Қазынадағы" аса ірі ауыс-түйіс әлі алда

3333

Ұлттық әл-ауқат қорының Елбасы басқаратын консультативтік-кеңесші органы – Қорды басқару жөніндегі Кеңестің келешегі қандай болмақ?

"Самұрық-Қазынадағы" аса ірі ауыс-түйіс әлі алда Фото: Максим Морозов

"Самұрық-Қазынаға" тең алпауыт Қазақстанда да, тіпті бүкіл Орталық Азияда да жоқ. Бұл қордың уысындағы активтер Қазақстанның ЖІӨ-сінің 60%-ын құрайды. Яғни оны өзгертпей, "жаңа Қазақстанды" құру мүмкін емес. Сондықтан болса керек, "Жаңа Қазақстанды" құру тарихи бастамасын жариялағалы бері мемлекеттің жаңа лидері Қ. Тоқаев дәл осы қорға шүйлігумен келеді. Қордың айналасын әлдебір тар шеңбер қыспаққа алып, тынысын тарылта бастағанға ұқсайды.

Сасқалақтаса керек, қордың басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев халықтан, кәсіпкерлік ортадан қордың жұмысын қалай жақсартуға, қалай реформалауға болатыны жөнінде ұсыныстар күтетінін, осы мақсатта usynys@sk.kz жеке электронды поштасы ашылғаны жариялап та жіберді.

Барлық ұсыныстар мен талап-тілектер ертең, 26 қаңтарда кәсіпкерлік қоғамдастықпен бірге, ашық диалог түрінде талқыға салынбақ. Әлеуметтік желідегі трансляция көмегімен оны кез келген адам тамашалай алады.

"Шешінген судан тайынбас" дегендей, "Самұрық-Қазына" өзін бұқараға да, бизнеске де жексұрын еткен кеселдерден енді толық арылуға ниетті. Атап айтқанда, коррупцияны жоюға уәде етеді. Отандық компаниялар мен тауарларға сөз емес, іс жүзінде қолдау көрсетпек, тендерлерін соларға бұрмақ. Халық алдында есеп береді, есігінен елді қаратпайтын жабық, томаға-тұйық қалпынан кетеді. Кәсіпкерлер қызметіне кедергі келтіруін тияды. Тіпті ұлттық компаниялардан қазақстандықтарға үлес бөліп беруге даяр, әрине, ай-пи-о арқылы, құнды қағаз түрінде. Өйткені Президент ұлттық байлық халық арасында әділ бөлінуге тиіс деді.

Әзірге "Самұрық-Қазына" қорының жаңа ұйымдық құрылымы бекітілгені хабарланды. Оған сәйкес, басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады. Мәселен, бұған дейін қордың басқармасы 10 тұлғадан тұратын, оның ішінде 5 топменеджері қысқаруға іліккен:

  • СҚ-ның Корпоративтік басқару және әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Тәжіғалиев Мұхтар Өтепқалиұлы, СҚ-ның Стратегиялар, орнықты даму және цифрлық трансформация жөніндегі басқарушы директоры Дүрмағамбетов Ерлан Дмитрийұлы;
  • СҚ-ның Активтерін басқару жөніндегі басқарушы директоры Ақшолақов Болат Оралұлы;
  • СҚ-ның халықаралық ынтымақтастық және логистика жөніндегі басқарушы директоры Тұтқышев Ержан Бексұлтанұлы;
  • СҚ-ның стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Боранқұлова Ләззат Жанұзаққызы.

Осылайша, қазір 4 басқарушы ғана қалды. Бұлар – Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор Нұрбаева Назира Нұртүлеуқызы, Инвестициялар, жекешелендіру және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі басқарушы директор Жанәділ Ернар Бейсенұлы, Құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директор Кравченко Андрей Николаевич және Қоғаммен және Үкіметпен байланыс жөніндегі басқарушы директор Әйтенов Марат Дүйсенбекұлы.

Әріптестері бұлардың бәрін "өз ісінің білгірі" деп сипаттайды. Бірақ бұлардың да өз орындарында қалар-қалмасы белгісіз.

Қор тізгінін кім ұстайды?

"Қазіргі кезде сарапшыларды қызықтыратыны – Елбасы басқаратын Қорды басқару жөніндегі Кеңестің тағдыры. Дәл осы орган "Самұрық-Қазынаны" жатқызып-өргізеді. Қор қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізеді, стратегиясын мақұлдайды. СҚ-ның сайтында бұл Кеңестің құрамы толық сақталған күйде тұр, оған Елбасы Н. Назарбаев сыртында Премьер-Министр, сондай-ақ Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов пен "Самұрық-Қазына" басшысы Алмасадам Сәтқалиевтің кіретіні көрсетілген. Бірақ дереккөздерімнің айтуынша, бұл Кеңестің жиналып, ресми отырыс өткізбегеніне көп болыпты. Президент осы орган тізгінін не өз қолына алуы керек, болмаса, оның орнына басқа орган құруы да мүмкін", – деп болжайды экономист Марат Ерғозин.

Расында, ресми мәлімет бойынша Кеңестің соңғы отырысы 2020 жылғы 4 маусымда өтіпті. Бұл елді коронавирус пандемиясы қыса бастаған шақ еді. Отырыста қорға отандық тауар өндірушілерді қолдау және жергілікті мазмұнды арттыру бойынша шара қабылдау жүктелген.

Кеңес қорытындысы бойынша Елбасы "Самұрық-Қазына" басшылығының дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларына жоғары баға берген: "Қор басшылығы дер кезінде қабылдаған шараларды қолдаймын және оң бағалаймын! Олар өз тиімділігін көрсетті" деді ол.

Алайда қор ел Президентінің теріс бағасын алып отыр: отандық бизнесті "өте үлкен экономикалық ресурсымен", яғни сатып алуларымен қуатты қолдай алмады. Қазақстандық бизнес дағдарыс пен пандемиядан қатты жүдеп-жадап шықты. Қ. Тоқаевтың айтуынша, сатып алулар дұрыс пайдаланылмаған, оларды бәсекесіз жолмен жеңіп жүргендердің үлесі басым. Сондықтан құзырлы органдарға "Самұрық-Қазына" қорының компанияларындағы сатып алуларды ерекше назарға алу, ондағы коррупция, жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәселелерімен шұғыл түрде айналысу жүктелді.

"Қазір Қор – өте үлкен құрылым. Жабықтық, "саяси маңызы бар адамдарды" тағайындау, сатып алулардың тиімсіздігі, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы және тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары  – бұлардың бәрі қоғамның наразылығын тудырып отыр", – деп ашығын айтқан Қ. Тоқаев А. Сәтқалиевке жаңа міндеттерді жүзеге асыруға бір айдай уақыт кесті: "Егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, қор да бірге кетеді".

Армандағыдай жоғары жалақылар сақтала ма?

Әл-ауқат қоры кеше тартқан "Қордың жаңа ұйымдық құрылымы туралы" баспасөз хабарламасында Директорлар кеңесінің (ДК) қайта құрылуы туралы ләм-мим деп ештеңе айтылмады. Ресми сайтында СҚ-ның ДК-сына "Самұрық-Қазына" АҚ тәуелсіз директоры Дудас Джон (төраға), Елбасының көмекшісі Данияр Ақышев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, "СҚ" АҚ тәуелсіз директоры Онг Бун Хви, тәуелсіз директор Сутера Лука және Алмасадам Сәтқалиев кіретіні көрсетілген.

Дәл осы экспат-басшылар сынға ілігіп жүр. Мәжіліс отырысындағы атақты сөзінде Президент оларға көңілі толмайтынын ашық білдірді.

"Қор негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, Директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?", – деп сұрақты төтесінен қойды Қ. Тоқаев.

"Самұрық-Қазына" топ-менеджерлерінің шектен тыс көп жалақы алатынын 2016 жылы Мәжіліс депутаттары қатаң сынға алған болатын. Экс-депутат Мұхтар Тінікеев олардың кем дегенде 200 мың доллар табыс табатынын мәлімдеді. Бірақ сол кезде парламентшілер Үкіметтен мандытып жауап ала алмаған: Мәжілістің отырысында сөз сөйлеген сол кездегі Премьер Бақытжан Сағынтаев "ақылды адам аз ақшаға ешқашан жұмыс істемейді" деп жалтарып кетті.  

Содан бері не өзгерді? Мұны тексеру қиын, себебі бұл ақпарат құпияландырылған. Дегенмен басшылықтан ақша аямайтыны аңғарылады. 2018 жылы қордың және оның еншілес ұйымдарының басшылығына төленген сыйақының жалпы сомасы 7,1 миллиард теңгені құраған. Forbes.kz сол жылы Директорлар кеңесінің 3 шетелдік мүшесіне – барон Оливье Декампқа, Ричард Эвансқа және Александр Мирчевке жылына 630 млн теңге төленгенін хабарлады.

2019 жылы басшылыққа төленген сыйақының жалпы мөлшері 8,8 миллиард теңгеге жетіпті. Қордың 2020 жылғы қаржылы есебінде "басты басқарушылық персоналға төленген сыйақының жалпы сомасы 6 млрд 247 млн теңгені құрады" деп көрсетілген. Яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,6 млрд теңгеге азайтылыпты.

Сыйақы құрамына әдетте контрактімен бекітілген ай сайынғы жалақы және басқа да төлемдер кіреді. Бұл миллиардтар кімге төленгені есепте нақтыланбаған. Бірақ сарапшылар оның басым бөлігі шетелдік менеджерлерге төленетінін айтады. Себебі заң бойынша Үкімет мүшелері (министр) Директорлар кеңесіне кіргенімен, сыйақы мен өтемақы ала алмайды.

Сонымен "Самұрық-Қазынаның" және ондағы биік лауазымды қазақстандық және шетелдік тұлғалардың тағдыры бір ай ішінде толық анықталатынға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу