Табыс табудың жолын, жөнін, жобасын ақылы көрсетуге құмартқандар жыл санап ондаған мыңға көбейіп барады. Олардың курсты сатып алуға клиентті қызықтыру үшін айтпайтын сөзі, таппайтын қулығы жоқ, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы Қазақстанда қанша блогер бар?
SMM-стратег, контент-продюсер Антон Томиленконың түсіндіруінше, Instagram-блогер, инфлюенсер атану үшін аккаунтта 1000 және одан көп жазылушысы болса жеткілікті. Ол trendHERO дерегіне сілтеме жасап, Қазақстанда қазір 556 791 блогер барын жеткізді. 2020 жылы олардың, яғни мыңнан аса жазылушысы бар инфлюенсерлердің саны 450 мыңға жуық болатын. Содан бері олардың қатары 23,7%-ға (106 793 аккаунтқа) өсіп шыға келді.
Әрине, оның көбі – 483 мыңнан астамы он мыңға дейін ғана жазылушылары барлар. Оннан 50 мыңға дейінгі фолловерлері барларының саны 63 мыңнан асты. 50-ден 500 мыңға дейін жазылушысы бар орташа блогтар саны – 10,4 мыңнан асады. Аудиториясы 500 мыңнан 1 миллионға дейін жететін макроблогтар саны – 334 қана. Ал 1 миллионнан асатын жазылушыға ие қазақстандық мегаблогтар саны – 230-ға жетіп отыр.
А.Томиленконың мәліметінше, жазылушылары көп қазақстандық блогерлердің арасында әйелдер басым: 144 мыңнан астамы нәзік болмыс иелері. Тек 75 мыңдайы ғана – ерлер. Яғни, инфлюенсер саласында елімізде қыз-келіншектердің бағы басым, танымал болуы мүмкіндігі көбірек.
Қазақстандық блогерлердің 362 мыңнан астамы – негізінен орыс тілін, ал 109 мыңнан көбі – тек қазақ тілін -қолданады.
"Қазақстандық аккаунттардың 63%-ы "ER=3%" деңгейіне де жетпейді. Яғни, жазылушылары көп болғанымен, нағыз оқырмандары аз, олар лүпіл-лайк баспайды, коммент жазбайды. Бұлардың үлесі көбейіп барады: 2020 жылы жалпы санның 55%-ын құрап еді. Сондықтан жарнама орналастырып, ақысын төлемес бұрын жазылушылары санының көптігіне қызықпай, инфлюенсерді мұқият тексеру қажет. Бәлкім, ол жазылушы санын жасанды ұлғайтқан болар. Немесе фолловерлеріне қызықты болудан қалған, содан аудиториясы оны оқымайды. Қазақстанда әр постына 100-ден көп лайк жинай алатын блогерлердің үлесі төрттен бірге де жетпейді", – деді SMM-стратег.
Бірақ инфлюенсерлердің көбі жарнамадан емес, әлдебір курсын сатудан табыс табатыны мәлім. Олардың біліктілігін бірде бір меморган тексермейді. Кәсіби біліктілікті тану орталықтарында аккредиттеуден өтпегендіктен, олардың берген сертификаттарын бірде бір компания, жұмыс беруші мойындамайды. Салдарынан, курстан өтуге қаржысын шығындаған азаматтар не біліктілікке ие болмайды, не әлдебір кәсіптің қыр-сырын меңгермейді, не жұмыс таппайды.
Мысалы, жалғызбасты ана Әйгерім Қумырзақызы курс, тренинг сататын "инфосығанға" алданып қалғанына шағымданады.
"Гүлнұр Балтаханның Инстаграм парақшасының таргеттелген жарнамасына тап болдым. Ол курс өткізіп, визуал менеджерлерді даярлайтынын насихаттап жүр. Оған бізді тегін вебинар арқылы еліктірді. Жұмыссыз жүргендіктен, қызыға кетіп, тіркелдім. Алайда тегін вебинарды ол өзін өзі мақтауға шығындады, сондай-ақ сөзін тұздықтау үшін жұртқа онсыз да белгілі схемаларды мысалға келтірді. Нәтижесінде, ақылы, қымбат курсты сатып алуға шақырды. Гүлнұр ақылы курсының артықшылықтарын майын тамыза әңгімеледі. Мұндағы мақсат – мені өз жүйесіне тарту екен. Мен оның курстарын сатып ала бастадым", – деді Әйгерім.
Содан 2022 жылғы 4 ақпанда Гүлнұр Балтахан онымен интернет ресурста, ақылы негізде бренд визуализаторы курсына оқыту жөніндегі білім беру қызметі туралы келісім бекітеді. Оған Әйгерім блогердің жол нұсқауымен Альфа-Банк (қазір бұл банк жабылып қалды) арқылы кредит рәсімдейді.
"Ол көрсететін қызметтің толық құны 179 мың теңгені құрады. Гүлнұр Балтахан маған курсты аяқтаған соң 300 мың теңге табыс табуға қол жеткізесің деп уәде етті. Жалғызілікті ана болғандықтан, бүлдіршін қызымды жалғыз асырап отырғандықтан, қосымша табыс тапқым келді. Курс 2 айға созылды. Онда визуализатор кәсібі бүгінде сұранысқа ие деп дәріптелді. Нағыз визуал менеджері, эксперт болып шығасың деді. Бұрын оқып кеткен адамдардың оң пікірлері паш етілді. Олар осы кәсіптен күреп табыс тауып жатқан көрінеді. Алайда мен еш табыс таба алмай, проблемалар мен борыштар батпағына батып қалдым", – деп опынады Әйгерім.
Бірақ бұл жерде курс сатушылардың келісімді аса сауатты құратыны назар аудартады. Мысалы, вебинарда табыс табу туралы уәделер айтылғанымен, келісімде Г.Балтаханның өз мойнына "VISUAl 3., Instagram визуал менеджері кәсібі курсы бойынша оқыту" қызметін ұсынуға міндеттеме алатыны жазылған. Ал жұмысқа орналастыру туралы міндеттемесі жоқ.
Клиент "курстың сапасыз болып шыққанына, кәсіптың құпия қыр-сыры деп ескіріп қалған, Интернетте онсыз да бар ақпаратты ұсынғанына" шағым айтады. Оның оқыту бағдаламасы мәлімделгенге сай болмай шыққан. Алайда бұл курстардың мемлекет бекіткен не құптаған стандарты, бағдарламасы жоқтығы да жасырын емес.
"Өзі сондай жерден оқып алса керек, теориялық білімді енді бірегей, таптырмас ақпарат деп сатып жүр. Бұл курс маманды даярлау емес, халықты алдау болып шықты. Мен оқуға төлеген ақшамды қайтара алмадым. Гүлнұрдың өзін бренд визуализаторы маманымын деп айтуға қандай қақысы бар? Оның бұл салада нақты тәжірибесі де болмай шықты. Дипломы да жоқ екен. Білім беруге лицензиясы жоқ, аккредитациядан өтпепті. Сонша қаржымның заяға кеткеніне өкінемін. Жалғызбасты ананы кредитке отырғызып кетті. Бұл инфосығанның бір қаруы – тәтті сөзімен үйіріп, санаңды жадылап, бойыңды билеп алу ғана", – деп ренжиді Әйгерім.
Сондықтан заңгерлер курсты сатып алмас бұрын оны жүргізушінің біліктілігін, дипломдарының шынайылығын, білім беруге лицензиясының болуын, мемлекеттік аккредитациядан өтуін тексеруге кеңес береді.
Әйтпесе, инфосығандар сапы жүздеген мыңға артып барады. Оның әрқайсысы ғаламторда өткен-кеткенді ұстап алып, назарын аударып, көңілін баурап, қалтасынан ақша шығаруға қол жеткізуге тырысады. Қынжылтатыны сол, Қазақстан халқын ресейлік блогерсымақтар да қасқырдай талап жатыр. Ал құзырлы органдар саланы реттеуге де, бұлардың табанына тас қоюға да қауқарсыздық танытып отырғаны жасырын емес.