Санаулы адамның Токио сапарына 4 млрд шығындалған

21260

Бір имидждік жобаның қайтарымы хақында.

Санаулы адамның Токио сапарына 4 млрд шығындалған

Қазақстанның астанасынан Жапонияның астанасына тікелей әуе рейсін ашу – елдің бедел-ажарын айшықтайтын жоба болатын. Өйткені Токио әлемдегі ең қымбат қалалардың бірі саналатындықтан, оған тек қалтасы қалың, ауқатты қазақстандық туристер ғана бара алады. Қолжетімсіз болған соң қарапайым халық "Күншығыс еліне" саяхаттауды қажетсінбейін. Токиодан елордаға келіп жатқан турист те байқалмайды.

Оның үстіне Жапония еліміздің басты сауда серіктестерінің қатарына жатпайды. Сауда-саттық бойынша әріптестеріміздің ондығына 2019 жылы Ресей – 19,6 миллиард доллар (оның ішінде 14,1 миллиарды – ресейлік импорт), Қытай – $14,4 млрд, Италия – $8,2 млрд, Оңтүстік Корея – $6,5 млрд, Нидерланды – $4,3 млрд, Франция – $4,3 млрд, Түркия – 3,1 млрд доллар, Швейцария – $2,8 млрд, Өзбекстан – $2 млрд 752,8 млн, Испания – $2,3 млрд кіреді. Ендеше отандық бизнес үшін жапон елордасына жиі қатынап тұруға ешқандай қажеттілік жоқ.

Демек, бұл бағыт субсидиялауға зәру емес болатын. Алайда мемлекет субсидия бермесе әуе компаниялары да жаңа бағдарды ашпайды.

Соған қарамастан, ел Үкіметі ел имиджін көтеру мақсатында былтыр осы жаһандық мегаполиске тікелей рейс ашып, оны бюджеттен субсидиялауға көшті. Сөйтіп, Токио әуежайындағы үлкен таблода "Нұр-Сұлтан" деген әдемі жазу пайда болды. 

Осы жобадан қандай нәтиже шықты?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің дерегінше, елордамыздан Токиоға және кері бағытта сапарлаған әрбір адам бюджетке 1,5 миллион теңгеге түсіпті.

"Халықаралық субсидияланатын ұшулар бағдарламасын жүзеге асыру аясында Нұр-Сұлтан–Токио авиабағыты бойынша 2019 жылдың 5 айына, сондай-ақ 2020 жылға 4 миллиард теңге бөлінді. Бірақ 2020 жылы COVID-19 пандемиясына байланысты бұл ұшулар тоқтап қалды. Аталған субсидияланатын авиабағдар іске қосылғаннан бастап, тоқтатылғанға дейінгі аралықта 2 751 жолаушы тасымалданды", – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева.

Жарты жылдан астам уақыттағы нәтижесін қомақты деп айту қиын.

Ғажабы сол, Үкімет бұл "имидждік" жобадан бас тартпапты. Алғашқы ұшақ "Күншығыс елінің" бас қаласына қайта аттануға әзірленуде.

"Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2020 жылғы 11 маусымдағы шешіміне сәйкес, биылғы 20 маусымнан бастап Жапонияға, Түркияға, Қытайға, Оңтүстік Кореяға, Таиландқа және Грузияға халықаралық рейстер кезең-кезеңмен жаңартылады. Халықаралық бағыттар бойынша рейстер саны әуе қатынасы туралы қолданыстағы үкіметаралық келісімдер негізінде және әр бағыт бойынша ұшақтардың коммерциялық жүктелуіне байланысты орындалатын болады", – деп мәлімдеді Азаматтық авиация комитеті.

Қазіргі кезде аталған барлық дерлік халықаралық бағыттарға әуе билеттері сатыла бастады. Бірақ Қытайда шектеу шараларының қайта енгізілуіне байланысты қазақстандық және шетелдік әуе компанияларының кестесі қайта пысықталып жатыр.

Өз кезегінде көлік саласындағы бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов Жапониядағы жағдайды қадағалап отырмақ. Егер оларда не бізде эпидемиологиялық жағдай нашарласа, рейстер тағы доғарылады.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу