Жолаушылар авиакомпаниялармен қырқысып жатыр

5872

СІМ қазақстандықтарға шекарасын ашқан елдер тізімін ұсынды.  

Жолаушылар авиакомпаниялармен қырқысып жатыр

Отандық әуе тасымалдаушылары ашылмаған бағыттарға да билет сатуда. Демек, азаматтар абай болғаны жөн. Осылай алданғандардың бірі – алматылық Елена Цой басынан өткерген оқиғаны баяндады. Ол "Эйр-Астанамен" алыса-алыса діңкесі құрығанын айтады.

"Air Astana кеңсесінде "Алматы–Сеул" рейсіне 3 тамызға билет сатып алдым. Авиакомпания Корея астанасына ұшақ ұшпайтынын жасырып қалды. Ұшатын күн таяғанда оның қызметкері хабарласып, Корея тарапынан шектеулер енгізілгенін жеткізді. Және сапарымды кейінге шегеріп, қайта брондауға болатынын не ақшамды кері қайтарып ала алатынымды айтты. Мен екінші жолды таңдадым. Сол күні, яғни 31 шілдеде билетті қайтаруды рәсімдедім. Қазір қыркүйек аяқталуға таяу. Ақшамды бермей жатыр. Бұл ретте "Эйр Астана" барлық бағытта билет сатуын жалғастыруда. Азаматтар оны ыстық бәліштей талап әкетуде. Ал ақшасын кері сұраса, ұзақ күтетінін ешкім ескертпейді", – дейді ол.

Елордалық Раушан Сағатова да ұқсас жағдайға тап болыпты.

"Мен Түркияға саяхатымның 50%-ын, яғни 395 мың теңгені биылғы қаңтарда төлеп тастағанмын. Сапар 6–17 маусым аралығында болуға тиіс еді. Бірақ коронавирус пандемиясы кесірінен ұшақ ұшпады. "Эйр Астанадан" ресми жауап алдым, онда билет ақшасын 25 тамызда туроператорыма қайтарғанын жеткізді. Алайда "Kazunion" туроператоры ресми жауабында ақшамды 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін қайтаратынын хабарлады. Неге мен 2020 жыл басында төленген өз ақшамды енді екі жыл күтуім керек? Қызмет көрсетілмеді екен, тез қайтаруы керек емес пе?!" – деп ашынады тұтынушы.

Тек сот арқылы шешесіз

Тұтынушылар құқығын қорғауға жауапты Сауда және интеграция министрлігі (СИМ) мұндай даулар сот арқылы шешілетінін білдірді. Мысалы, Алматы соты "Bek Air" АҚ-ын бас тартылған рейстері бойынша 990 адамға 60,1 миллион теңгесін қайтару туралы үкім шығарды.

СИМ діттеген жеріне жете алмай қалған жолаушылардан ары қарай шағым қабылдауда. Оның Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне ұшпаған рейстер бойынша билет құнын қайтара алмай жүрген 300-ден аса қазақстандықтан арыз түсіпті. Енді комитет бірқатар авиакомпанияға қарсы сотқа талап-арыздар әзірлеп жатыр. Scat, Air Astana, Fly Arystan авиакомпаниялары клиенттеріне ақшасын беруге міндеттеме алыпты. Егер алданған өзге жолаушылар болса, олар аталған комитетке жүгініп, құжаттарын ұсынуы керек.

Қоғам белсендісі Владимир Волошкин сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге қай елмен авиақатынас ашылғанын өзектілендіріп, онлайн режимде көрсетіп отыратын жеке сайт құруды ұсынды.  

"Сол арқылы қазақстандықтар қай бағытта шекара ашылғаны, қай жаққа еркін ұшуға болатыны жөнінде ақпарат алып отырады. Пандемия кесірінен көп мемлекет шекарасын тарс жапты. Енді ғана кейбірі әуе қақпаларын ашуда. Бірақ бірде бір ведомство – кеден де, ІІМ-нің көші-қон қызметі де, әуежай да өзекті ақпараты жоқ екенін жасырмайды және бір-біріне сілтейді. Ал ҰҚК-ның шекара қызметі телефонын көтермейді. Авиакомпаниялар азаматтарға билет сатқанда шектеулер туралы ескертпейді, тек күні жеткенде рейске жолатпайды. Адамдар қаржысынан айырылады, жүйкесі жұқарады", – дейді ол. 

Қазақстандықтарға ашылған елдер тізімі

Сыртқы істер министрлігі қазіргі кезде қандай елдің Қазақстан азаматтарын қандай шартпен қабылдайтыны туралы ақпарат ұсынды:

Беларусь: әуежайлары ашық. ПТР-тесттен өткені туралы анықтама қажет емес, әйткенмен 14 күн бойы үй/қонақүйде оқшаулаудан өту керек.

Біріккен Араб Әмірліктері: Дубай әуежайы ашық, ұшаққа ПТР-тест анықтамасы (жарамдылық мерзімі 96 сағат) бар жолаушылар ғана отырғызылады. Дубай әуежайында жолаушылар медициналық декларация толтырады және қайта тест тапсырады (12 жасқа дейінгі балалар және мүгедектер тест тапсырудан босатылады). Оң нәтиже көрсеткен жағдайда 14 күнге оқшауланады. Қазақстандықта халықаралық сақтандыру полисі, 30 күннен аспай кері қайтатынын растайтын ұшақ билеті және қоңақ үйді брондаған құжаты болу қажет. Қоғамдық орындарда және сауда орталықтарында бетперде кию қажет (айыппүл – 1 мың дирхам немесе 274 доллары). Виза керек емес.

Германия: виза беру уақытша тоқтатылған. Бұл ел аумағына кіруге белгісіз мерзімге шектеу орнатылды. Әуежайлар ашық. ПТР-тест анықтамасы қажет емес. 14 күндік оқшауланудан өту керек. Сонда бұл мүмкіндікті кім пайдалана алады? Транзиттік жолаушылар: күту мерзімі 24 сағаттан аспауға тиіс, әуежайдан шығып, елге кіруге тыйым салынған.

Бұдан бөлек, Германия визасы тек келесі санатқа жататын Қазақстан азаматтарына ғана беріледі: 1) медперсоналға; 2) жүк және көлік компаниялары қызметкерлеріне (ұшақ экипажының мүшелеріне); 3) ресми сапармен баратын дипломаттарға, халықаралық және гуманитарлық ұйымдар қызметкерлеріне, әскерилерге; 4) шұғыл отбасылық жағдаймен баратын тұлғаларға; 5) халықаралық қауіпсіздік не өзге себептермен бағытталған адамдарға; 6) ГФР-дегі отбасымен бірігу үшін баратындарға; 7) жұмыс істеуге шақырылған мамандарға; 8) ғылыми қызметпен айналысатын зерттеушілерге; 9) IT-мамандарына; 10) ерекше қоғамдық маңызы бар қызметпен айналысатындарға.

Мысыр (Египет): әуежайлар ашық. ПТР-тест анықтамасы қажет. Қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында және қоңақ үйде бетперде кию міндет. Анықтаманың ағылшын немесе араб тіліндегі аудармасы болуы шарт. Жарамдылық мерзімі – 72 сағат.

Нидерланд Корольдігі (Голландия): бұл елге де кіруге белгісіз мерзімге шектеу енгізілген. Әйткенмен, әуежайлар ашық. Анықтама қажет емес. Шетелдіктер 14 күндік үй карантинінде болады. Рейске отырар кезде денсаулық туралы декларация толтыру керек. Қоғамдық көліктерде, сондай-ақ Амстердам және Роттердам қаласының кейбір жерінде бетперде тағу міндетті, әйтпесе, 95 еуро айыппұл салынады. Барлық қоғамдық орында 1,5 метр арақашықтықты сақтау қажет: сақтамаса, 390 еуро айыппұлмен жазаланады. Сонда ол елге бізден кім бара алады? Транзиттік жолаушылар (мерзімі 24 сағаттан аспауы шарт). Бұл елге тек дипломатиялық виза ғана беріледі. СІМ-ге қатысы жоқ қазақстандықтардың бұл елді шарлауына әзірге жол берілмейді.

Оңтүстік Корея: әуежайлар ашық. Анықтама қажет (мерзімі – 48 сағат). Ол анықтама Корея елшілігі мойындаған қазақстандық медициналық мекемелер мен клиникалардан ғана алынуға тиіс. Келгеннен кейін электрондық бақылаудан және қонақ үйде арнайы 14 күн оқшаулаудан өту керек (бағасы: 1 күн – 120–150 доллар). Шетелдіктерден 3 күн ішінде қайтара COVID-19 тест тапсыру талап етіледі. "Таң самал еліне" виза тек ерекше жағдайларда (емделу, жақын туысының қайтыс болуы) және тиісті комиссияның оң шешімі негізінде беріледі.

Қырғыз Республикасы: әуежайлары ашық. Анықтама сұралмайды. Тек паспорт арқылы өткізіледі (жеке куәлік жарамайды). 14 күндік үй карантинінде оқшаулану қажет.

Өзбекстан. Әуежайлары ашық. Анықтама талап етілмейді. Өткізу – тек паспорт арқылы.        

Ресей Федерациясы. Әуежайлары 2020 жылғы 21 қыркүйектен бастап ашылды. Оған аптасына 2 рет "Нұр-Сұлтан–Мәскеу" бағытында рейстер ұшады. Жолаушыларда ПТР-тест анықтамасы болуы керек. Бірақ Қазақстан-Ресей шекарасын жеке көлікпен кесіп өтуге шектеу қойылған. Сондықтан адамдар шекараға дейін пойызбен барып, шекара өтпесін жаяу кесіп өтіп, ар жақта такси жалдап кетіп жатыр. 

Түркия: әуежайлар ашық. Анықтама қажет емес. Жолаушыдан жеке медициналық сақтандыру полисін рәсімдеу сұралады. Адамдар әуежай мен ұшақта бетперде киюі керек: онсыз ішке жіберілмейді және 123 доллар айыппұл салынуы мүмкін. Терминалға кіреберісте өлшеу кезінде дене қызуы 37,8 градустан жоғары болса немесе COVID-19 белгілері байқалса, арнайы медорталықтарда тест тапсырады: барлық әуежейда "Тест орталықтары" бар және тест тегін. Оның нәтижелері 1–3 сағатта шығады. Егер нәтижесі оң болса, жолаушы мәжбүрлі түрде арнайы ауруханаға аттандырылады. Ауруханада жасалған тексеріс диагнозды растаса, жолаушы ауруханаға жатқызылады. Егер "ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ, оқшаулау жеткілікті (14 күн)" деген қорытынды берілсе, жолаушы карантинді өзі тұратын қонақ үйде не үйде өткізе алады. Қазақстандықтар Түркияда 90 күнге дейін визасыз жүре алады.

Украина: 2020 жылғы 28 қыркүйекке дейін шетелдіктердің келуіне шектеу қойылды. Әуежайлар ашық. Анықтама міндетті (мерзімі – 48 сағат) немесе жолаушы әуежайда тест тапсыра алады. 14 күндік карантин қарастырылған. Ел аумағына кірер алдында жеке медициналық сақтандыру полисін рәсімдеу талап етіледі. Ол полисті украиналық компаниядан немесе сонда өкілдігі бар халықаралық сақтандыру компаниясынан алу керек. Қоғамдық орындарда және сауда орталықтарында бетперде кию қажет. Виза керек емес.

СІМ бұл тізім және ондағы талаптар қабылдаушы жақтың талабымен алда өзгеруі мүмкін екенін ескертеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу