Бұл туралы "COVID-19-ды алдын алу және емдеу мәселелері" тақырыбында өткен тікелей эфирде Қазақстан медициналық үздіксіз білім беру университетінің микробиология, вирусология және жалпы иммунология кафедрасының профессоры, доцент Раушан Тьесова-Бердалина сөз қозғады.
"Індеттің жеңіл ағымы мен ауыр түрін бірден аңғаруға болады. Барлығы бұлшықеттердің ауыруы, тәбеттің болмауы, ұйқының бұзылуынан басталады. Коронавирустың жеңіл формасында бұл белгілер айқын көрініс таппайды. Адам қатты ауырмайды. Ал осы белгілердің күшейе түсуі мен дене қызуының 38 градустан жоғары көтереліп, респираторлық симптомдардың пайда болуы жағдайдың қиындай түскенін көрсетеді. Мұндай кезде стационарларға хабарласу керек", – деді медицина ғылымдарының кандидаты.
Індет белгілері жоқ науқастар аса қауіпті
5 тамызда өткен тікелей эфирде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев үйде оқшаулану тәртібін сақтамаған симптомсыз 8 науқас жазаланғанын мәлімдеді. Осы орайда Раушан Тьесова-Бердалина дәл осы індет белгілері жоқ тасымалдаушылар қоғамға аса қауіпті екенін мәлімдеді.
"Олар ең қауіпті тасымалдаушылар болып есептеледі. Оларда ешқандай ауру белгісі жоқ, бірақ вирусты айналасына жұқтырады. Бірақ оны тек зертханалық зерттеу арқылы анықтауға болады. Сондықтан үкімет қабылдаған бұл шаралар өте орынды", – дейді ол.
Сауыққан адам да вирус тасымалдауы мүмкін
Сондай-ақ, вирусология кафедрасының профессоры қазіргі заманның қатерлі дертінен айыққан адам да тасымалдаушы болуы мүмкін деген тоқтамға келген. Бұл ретте маман вирус тасмалдаушыларын екі топқа жіктеп қарау керек екенін айтады.
"Симптомсыз адамның коронавирустық инфекцияны тасымалдап жүргенін зертханалық зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. Яғни, сараптама барысында микроб анықталса ғана осылай айта аламыз. Сонымен қатар сауыққан адам тасымалдаушы болуы мүмкін. Ол жедел түрде 3 айға созылады. 3 айдан асса ол хроникалық тасымалдаушыға жатады. Бұл жағдайды зерттеу оңай. Өйткені адам сауыққан, оның денесінде антиденелер бар. Елімізде тасымалдаушылар өте көп. Түрлі дереккөздердің ақпараттарына сүйенсек, бізде 70%-90%-ға дейін тасмалдаушылар болуы мүмкін. Сау, ауру көзі жоқ, бірақ микроб болуы мүмкін", – деді вирусология кафедрасының профессоры.
"Бетперде қорғаныс құралы емес, аксессуарға айналып барады"
Қазіргі карантиннің негізгі шарты маска тағу. Тіпті Алматы сынды ірі мегаполистерде "маска тағу" режимі енгізілген. Оның талабы бойынша жабық ғимараттар мен далада да бетперде тағу керек. Алайда бұл жайт халық түсініспеушілігін тудыруда. Нәтижесінде далада аталған режимді сақтамаған мыңдаған алматылыққа 80 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Осы орайда Раушан Тьесова-Бердалина бетперде 14 ғасырда әлемде оба белең алып тұрғанда ойлап табылған мықты қоғаныс құралы екенін айтады.
"Ресей, Америка ғалымдарының мәліметтеріне сүйенсек вирус орта есеппен ауада 20-30 минут бойы сақталады. Мәселен, қоғамды көлікте адам жөтеліп, түшкіргенде ол адамды вирустан жақсы қорғайды. Алайда бетпердені дұрыстап таға білу керек. Ол мұрын мен иекті толық жауып тұруға тиіс. Қазір көшеде көпшіліктен байқаймын бетперде қорғаныс құралы емес, аксессуарға айналып барады", – дейді маман.
Медицина ғылымдарының кандидатының сөзінше, вирус таза ауаға 3-15 минут аралығында таралады. Кейін ол қоршаған орта нысандарына барып қонады. Сондықтан дезинфекциялық жұмыстардың маңызы зор.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Құралай Құдайберген