АШМ жанынан инвестициялық кеңес құрылуы мүмкін

20833

Ауыл шаруашылығы инвестор тартуға неге икемсіз?  

АШМ жанынан инвестициялық кеңес құрылуы мүмкін

Astana Finance Days қаржы конференциясында Қазақстанның ауыл шаруашылығына  инвестор тартудың тәуекелдері талқыланды.

Жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын алып мемлекеттің өзін-өзі сапалы азық-түлікпен толық қамти алмай отыруының бір себебі инвестициямен тікелей байланысты. Бұл сала банктер үшін ежелден тәуекелі көп, қаржы салуға қолайсыздау сала болып саналады. Ал Қазақстанның жер көлемі үлкен болғанымен, халқының саны, яғн тұтыну нарығы аз. Осыны ескерген инвесторлар ауыл шаруашлығына ақша салуға асығар емес. Одан да шикізат күйінде сыртқа тонналап таситын мұнай мен пайдалы қазбаға қаражат құю әлдеқайда сенімді әрі табысты. Бірақ COVID-19 пандемиясы мен дағдарыс Қазақстанның мәңгі бақи шикізат саудасына иек артып отыра алмайтынын бұрынғыдан да қаттырақ сездірді.

Халықаралық сарапшылар саланы инвесторларға тартымды етіп көрсету үшін не істеу керек деген сауалға өз елдерінің тәжірибесін мысалға ала отырып жауап іздеп көрді.

"Сіздерге тәуекелдерді сақтандыру жүйесін, сақтандыру қорларын құру керек. Мұның бәрі мүмкін. Қор құрып жатсаңыздар оған атсалысуға біз дайынбыз", – деді Азия  Даму банкінің Қазақстандағы өкілі Джованни Капанелли.

Ал AIFC Business Connect компаниясының бас директоры Джеймс Мартин Қазақстанға өнімділігі өте жоғары техникаға көшпейінше аграрлық инвесторларды қызықтыру қиын болады деген ой айтты.

"Инвестор тартуға да жаңа технологиялар көмектеседі. Біз финтех туралы айтқан кезде "агротех" деген жеке сала бар екенін ұмытып кетеміз.  Мысалы,  John Deere компаниясы қазір бүкіл өндірісті автоматтандырған. Қазақстанға да осындай өндіріс керек. Ондай технологиясыз инвесторларға шығу қиын. Менің білуімше, Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды реттеп отыратын ортақ ұйым немесе кеңес жоқ. Министрлік жанынан сондай ұйым құру керек деп ойлаймын", –  деді ол.

Сарапшының бұл ұсынысын Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Нұрбек Дайырбеков құптады.

"Көптеген елдерде инвестициялар жөніндегі кеңес бар. Расымен бізде ол жоқ. Бұл өте жақсы идея. Осы идеяны дамытатын нағыз сәт туындап тұр деп айтуға болады. Бірақ кеңес қандай негізде құрылады, қандай инвестициялық саясат ұстанады, инвестициялық климатты жақсарту үшін қандай заңнамалық өзгерістер керек деген сұрақтардың жауабын айқындап алуымыз керек. Кеңес құрылып жатса, құрамына жергілікті және халықаралық білікті сарапшылар, мамандар, кәсіпкерлер, инвесторлар кіруі керек. Жақсы идея екен. Ойластырайық", – деді вице-министр.

Даниялық сарапшы Хенри Войгт Қазақстанда "Жер кімнің меншігі" деген сұрақтың басы ашылмаса, инвестициялық ахуал да тұманды болады деген пікір айтты.

"Қазақстанға Данияның үлгісін қотару қиын шығар. Мұндағы жер меншігі біздікінен басқаша. Бірақ кепілдік беру, қаржыландыру бойынша тәжірибе алмасуға болады. Үкімет бағдарламаларды сауатты ойластырса, инвестор тартуда әлеует өте үлкен. Дегенмен, жер реформасындағы тәуекелдер ең маңызды дүние. Жеке сектор біртіндеп мемлекетті алмастыруы керек. Бірақ жерге қатысты тәуекелдер өте көп. Осы мәселені біржола шепесе инвесторларға ахуал түсініксіз болып қала бермек", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу