Министр жаңа өтемақының егжей-тегжейін жариялады

9674

COVID-19 жұқтырған полицейлерге де өтемақы төленуі мүмкін.

Министр жаңа өтемақының егжей-тегжейін жариялады

КВИ-мен ауырған тәртіп сақшылары көбеюде. Бірақ олардың саны нақты қанша екені белгісіз. 9 маусымда халыққа есеп беру кездесуінен кейін баспасөз мәслихатын өткізген ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елімізде 600-дей полицей коронавирус жұқтырғанын айтқан.

"Қазіргі кезде медицина қызметкерлерімен бірге ІІМ қызметкерлері де басын бәйгеге тігуде. Полицейлер арасында 589 қызметкердің коронавирус инфекциясына шалдыққаны расталды. Оның 419-ы жазылды. 170-і карантинде. Коронавирустен полицейлердің өлуі жағдайы тіркелген жоқ", – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Одан бергі төрт жарым айда жағдай өзгеріп кетті. Тәртіп сақшылары да COVID-19 дертімен ауырып, көз жұмды. Алайда бүгінде қанша полицей індетке шалдығып, қаншасы қайтыс болғаны белгісіз.

КВИ-мен сырқаттанған дәрігерлерге 2 миллион, ал сол індеттен дүние салса, туыстарына 10 миллион теңге әлеуметтік төлем төленетіні мәлім. Ондай төлемақы алмайтындықтан, полицейлер өз сырқатын жария ете бермейді. Оның үстіне ауру белгілері пайда болғанымен, тестілеуден өтпеген, үйінде емделгендер бар. ІІМ қызметкерлерінің жаппай ПТР-тест тапсыруы тоқтатылғанына біраз болды.

Мысалы, тек блок-бекеттерде ғана шамамен 7 мың ІІМ қызметкері тәулік бойы қызмет атқарды. Бұдан бөлек, министр Е.Тұрғымбаев қалалар ішінде көптеген полицей жаяу нарядта жұмыс істегенін, жұртшылықпен тікелей араласқанын айтады.

Алда нақты қанша полицейдің КВИ-ге шалдыққаны және мерт болғаны анықталуы ықтимал. Олардың мемлекеттің қамқорлығынсыз қалуы қиянат болар еді.

Мысалы, марқұм полиция полковнигі Мұрат Бекетаевтың жесірі Жамал Төлепбергенова әділдік іздеп жүр.

Өйткені ел Үкіметі 2011 жылғы "Қазақстанның құқық қорғау органының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкері өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде мертіккен кезде, сондай-ақ ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның алуына құқығы бар біржолғы өтемақы төлеу қағидаларына" таяу уақытта өзгеріс енгізгелі жатыр. Осыған байланысты полковник Мұрат Маратұлының өлімінің себептерін анықтауға қатысты қызметтік тексеріс тоқтатылған екен.

"Министрдің айтуынша, өзгерістер қызметтік міндетін орындау кезінде КВИ-ден қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ғана қатысты болатын көрінеді. Ал күйеуім Мұрат ПТР-тест тапсырғанда ол теріс нәтиже көрсеткен болатын. Дегенмен рентген түсірілімі бойынша "ауыр формадағы өкпе пневмониясы" деген диагноз қойылды. Қағидаға енгізілетін өзгерістерде пневмония COVID-19 індетімен теңестіріледі ме? Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы ПТР-талдауы теріс нәтиже көрсеткен пневмонияны КВИ-мен теңестіргені мәлім. Оның үстіне коронавируспен күреске тартылған медицина қызметкерлері вирустық пневмониямен ауырса, МӘСҚ қорынан бір жолғы төлем алып жатыр", – дейді Жамал Төлепбергенова.

Оның жұбайы Мұрат Бекетаев 1 шілдеде ауыр дерттен көз жұмды.

Министр Ерлан Тұрғымбаев шынында да Ішкі істер министрлігінің "Құқық қорғау органдарында және мемлекеттік фельдъегерлік қызметте әскери-дәрігерлік сараптама өткізу қағидаларын және Әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережені бекіту туралы" бұйрықтың жаңа жобасын әзірлегенін хабарлады.

Құжаттың 124 және 127 бөлімдерінде қызметкердің қызмет бабында ауруға шалдығуының себептерін анықтау туралы талап белгіленген.

"Бұған қоса, арнайы нормативтік құқықтық акт пысықталып жатыр. Ол СOVID-19 індетімен күрес шараларына тартылған полиция қызметкерлері КВИ-ден немесе вирустық пневмониядан қаза тапқан жағдайда олардың отбасы мүшелеріне бір жолғы әлеуметтік төлемақы тағайындау тәртібін реттейді. Бұл құжатқа сәйкес, ондай төлемдер 2020 жылғы 16 наурыздан, яғни Қазақстанда төтенше жағдай енгізілген кезден бергі барлық оқиғаларға қатысты болады", – деді Ерлан Заманбекұлы.

Яғни, коронавирустен өмірі қиылған тәртіп сақшыларының ешқайсысының отбасы мемлекет қамқорлығынан тыс қалмауға тиісті.

Е.Тұрғымбаев М.Бекетаевтың жесіріне сенім бере сөйледі.

"Елімізде ДСМ-нің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы әзірлеген коронавирус инфекциясын емдеу протоколына сәйкес, өкпенің вирустық қабынуына соқтыратын SARS CoV-2 вирусы – "COVID-19-ассоциацияланған пневмония" ретінде диагностикаланады. Егер SARS CoV-2 вирусы зертхана деңгейінде анықталмаса, бірақ адам өліміне қатысты медициналық құжаттамада пневмонияға қосымша "U07.2 CОVID-19 коронавирус инфекциясы (Вирус идентификацияланбады)" деп көрсетілсе, онда адамның өлімі КВИ-дің ушығуы кесірінен болды деп тұспалданады", – делінген ІІМ басшысының жауап хатында.

Ерлан Тұрғымбаев жаңа індеттен қаза тапқан құқық қорғау органдарының туыстарын мазалап жүрген мәселелер министрліктің ерекше бақылауына алынғанын жеткізді. Бірақ жаңа өтемақыны енгізу үшін біраз күтуге тура келетін көрінеді.

"Қаулы шығару процесі регламенттелген және ұзақ уақытқа созылады. Мұны да ескеру керек. Себебі аталған мәселеге өзге құқық қорғау органдарының, әлеуметтік қорғау және қаржыға жауапты министрліктердің келісімін алу қажет", – деді ішкі істер министрі.

Билік осылайша, пандемияның жаңа толқынына әр салада қызу әзірленіп жатқанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу