АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Украинадағы соғысты тоқтату жолдарын талқылау үшін Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Келіссөз Санкт-Петербург қаласында өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскийді сынға алғаннан кейін, оның өкілі Путинді мақтады.
"Сіз президент Трамп мырзаны гуманист деп жиі айтасыз. Сіз де гуманистсіз, мен бұған өте қуаныштымын", – деді Уиткофф.
Уиткофф пен Путиннің кездесуі әскери қимылдарды тоқтату бойынша қандай да бір нәтиже берді ме, жоқ па – әлі белгісіз.
Ресейлік басылымдардың жазуынша, Трамптың арнайы өкілі мен Ресей басшысының кездесуі үш сағатқа жуық уақытқа созылған. Уиткофф Ресейге Украина мәселесін реттеу бойынша ұсыныстар жазылған құжаттарды жеткізгенін хабарлады. Оның сөзінше, соғыс аяқталған соң екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік туады.
Айта кету керек, бұған дейін Путин Трамптың өтінішімен Ресейде сотталған АҚШ азаматын босатқанын жазғанбыз.