Сарапшы ана өлімі жағдайларының 75%-ы неден болатынын атады

3087

Медицина ғылымдарының докторы Айкерм Дощанованың айтуынша, ана өлімі жағдайларының 75%-ы акушерлік қан кету, босанғаннан кейінгі іріңді қабыну аурулары, преэклампсия және эклампсия, босанғаннан кейінгі асқынулар секілді себептерге байланысты. 

Сарапшы ана өлімі жағдайларының 75%-ы неден болатынын атады

Астанада өтіп жатқан "Қазақстан халқының репродуктивті әлеуеті" II халықаралық республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан халқының репродуктивті әлеуеті жөніндегі қауымдастықтардың республикалық альянсының президенті Айкерім Дощанова елдің репродуктивті әлеуетіне әсер ететін негізгі жайттарды атады, деп жазады inbusiness.kz.

Оның айтуынша, репродуктивті әлеует статистикалық деректер арқылы бағаланады. Оған халықтың табиғи қозғалысы, нәресте және перинаталдық өлім-жітім, ана өлімінің, жастар мен белсенді репродуктивті жастағы адамдар арасындағы жүктіліктің үзілу жиілігінің, түсік тастау мен босанудың арақатынасындағы көрсеткіштер жатады.

"Біз 2010 жылдан 2014 жылға дейін ана өлімінің, сондай-ақ нәресте өлімінің төмендегенін көреміз. 2014 жылдан 2016 жылға дейін оң динамика баяулады. Ал 2017 жылдан 2018 жылға дейін, әсіресе соңғы екі жылда ол өсе бастады. Неліктен біз 2018 жылға дейін оң нәтижелерге қол жеткіздік? Себебі мемлекет ана мен бала өлімін азайтуға барлық қаражат пен күш-жігерін жұмсады. Медициналық мәселелерге баса назар аударылды. Алайда, медициналық мәселені шешу арқылы ғана ана мен нәресте өлімінің төмендету мүмкін емес екенін түсінеміз. Бүгінде жаңа перинаталдық орталықтар салу мәселесі көтеріліп жатыр. Бірақ біздің қоғамдастықтың пікірі бойынша бұл нақты шешім бола алмайды. Себебі бізде перинаталдық орталықтар жеткілікті, жақсы жабдықталған мекемелер бар", – деді ол.

Спикер бұл мәселеде ата-ана болуға дайындалуға, жүктілікке және бала тууға, жүктілікті жоспарлауға басты назар аудару керек деп есептейді. Сонымен қатар ақ халатты абзал жандар репродуктивті денсаулыққа әсер ететін себептерді жоюы керектігін айтады.

"Аналардың өмірін сақтауда ДДҰ медициналық көмекті жақсартуды, босанғанға дейінгі бақылауға қол жеткізуді ұсынады. Босанғаннан кейін 6-8 аптадағы медициналық көмекке назар аудару қажет. Қазір бүкіл әлемде босанғаннан кейінгі кезеңдегі ана өлімінің көрсеткіші өсіп жатыр. Егер нәресте өлімі туралы айтатын болсақ, дүние жүзінде жылына 4 миллион өлім жағдайының 27%-ын шала туылған нәрестелер өлімі құрайды", – деді ол.

Бұдан бөлек ерте неонатальды өлім-жітімнің басты себебі асфиксиямен байланысты көрінеді.

"Репродуктивті әлеуеттің келесі бір көрсеткіші – түсік тастау. Қазақстанда медициналық түсік тастау саны азайып келеді. Бірақ өздігінен түсік тастау саны артып отыр. Зерттеулерге сәйкес, жыл сайын 15-19 жас аралығындағы 100 жасөспірім қыздың шамамен 3-і жүкті болады. Оның ішінде 15%-ы түсік жасатады", – деді профессор.

Айкерім Мжаверқызы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы 2017-2018 жылдары 110 республикалық мектепте жүргізген сауалнама нәтижелеріне де тоқталды.

"Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы тақырыбындағы сауалнамаға 11-15 жас аралығындағы 6400-ге жуық респондент қатысқан. Оқушылардың 57%-ының өз денсаулығына көңілі толады. Әрбір бесінші жасөспірім депрессия белгілері туралы, ал 25%-ы денсаулығына қатысты жиі шағымдардың бары туралы айтқан", – деп атап өтті ол.

Спикердің айтуынша, еліміздегі балаларда семіздік, тыныс алу жолдарының қабыну ауруларының жиілігі жоғары. Оған өмір сүру салты мен қолайсыз экология себепші көрінеді.

"Бұл мәселелерді шешу үшін балалар гинекологтары мен балалар андрологтарын даярлау керек. Жоғарыда аталған сұрақтарда жалпы тәжірибе дәрігерлерінің білімі мен дағдыларын кеңейту қажет. Жастарға арналған оқыту бағдарламалары, әсіресе репродуктивті және жыныстық денсаулықты қорғау мәселелеріндегі бағдарламалардың қолжетімділігін қамтамасыз еткен жөн. Репродуктивті әлеуеттің төмендеуіне әсер ететін факторларға жағымсыз әлеуметтік құбылыстар, 35 жастан кейін некеге тұру, 35 жастан кейін балалы болуды жоспарлау, ажырасудың жоғары деңгейі әсер етеді", – деп түйіндеді медицина ғылымдарының докторы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу