Сарапшы Таяу Шығыстағы ахуалдың Қазақстанға әсері қандай екенін айтты

1020

Бұл жағдай Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? 

Сарапшы Таяу Шығыстағы ахуалдың Қазақстанға әсері қандай екенін айтты Фото: oktagon.com

Қазір Таяу Шығыста ахуал шиеленісіп тұр. Әлемнің күн тәртібінде бұл мәселе бірінші орынға шықты деуге негіз бар. Израиль-Палестина шиеленісі Ливан, Иран елдерін де шарпығанын көріп отырмыз. Тығырықтан шығудың қандай жолдары бар? Саясаттанушы Аман Мәмбеталиевтің осы мәселеге қатысты пікірін білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бұл қақтығыстың тарихына қарайтын болсақ, бұл бүгін немесе кеше басталған дүние емес, оның тарихы тереңде жатыр және оған көптеген фактор әсер етеді. Біріншіден, геосаяси жағдай. Бұл өңірде өте көп күш барын түсіну керек. Бірінші кезекте халық саны бойынша ең көп мұсылман сүнниттер бар. Екіншіден, мұсылман шииттер бар, христиандар, иудейлер бар. Бұдан бөлек экономикалық тұрғыдан да факторлар баршылық. Мысалы, кейбір Араб мемлекеттері Израильмен өте жақсы қарым-қатынас орнатқан. Оған БАӘ, Қатар, Сауд Арабиясы, Мысыр елдері кіреді. Ал, кейбір мемлекеттердің мүлдем байланысы жоқ. Оларға Палестина, Сирия, Иран жатады. Коалиция жағынан өңір шығыс, батыс деп бөлінеді. Шекара, экономика, дін, менталитет жағынан алғанда өте көп фактор бар. Сондықтан соғыс бүгін-ертең аяқталады деп айта алмаймын. Шиеленістің тарихы үлкен болғаннан кейін әрі қарай да жалғасады", - деді саясаттанушы Аман Мәмбеталиев редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.

Сарапшы қазіргі кезекті шиеленіс белсенді фазаға өткенін жеткізді. Айтуынша, оған Израильдің агрессиясы Палестина күштеріне қарсы операция бастауы себеп.

"Пейджермен, рациялар бойынша да Хезболла, шииттік ұйымдардың бірнеше басшылары қаза тапқаны мәлім. Одан басқа тағы да бірнеше ұйымдардың басшылары өлтірілді. Иран ашық түрде Израильмен соғыста емес. Бірақ енді Хезболланың артында Иран тұрғаны түсінікті. Саясаттанушы ретінде айтарым, бұл – шиеленістің кезекті кезеңі. Мұны міндетті түрде тоқтату қажет. БҰҰ жарғысы бойынша бірнеше шешім бар, алайда олар жұмыс істемейтінін көріп отырмыз. Ол үшін үлкен мемлекеттер әсер етіп, бұл агрессияны тоқтату қажет деп ойлаймын.

Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін дегенге келсек, біздің азаматтар бұл бағытқа онша көп бармайды. Тек Мысыр, Израиль, Ливанға туризммен ғана бармаса, қазір қауіпті болғаннан кейін абайлау керек. Сол аймақта тұрып жатқан, кезінде үйленіп немесе тұрмысқа шыққан азаматтарымыз бар. Мысалы, Ливанда, Палестинада. Олар кезінде өз шешімі бойынша сол аймақта қалып қойған. Болашақта біздің Қазақстанда тұрған азаматтарға мүмкіндік болса ол жаққа бару қажет емес деп ойлаймын", - деп атап өтті спикер.

Бұл шиеленіске тікелей әрі жанама әсер етіп жатқан ойыншылар бар

Саясаттанушыдан Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың одан әрі созылып, басқа елдерге ұласу қаупі бар ма екенін сұрадық. Аман Мәмбеталиев қазір көпдеңгейлі соғыс болып жатқанын баса айтты. Айтуынша, шиеленіс шекара жағынан асып кеткен.

"Бұдан бөлек Ливан мемлекеті шекара жағынан өте әлсіз. Әсіресе, Ливанның оңтүстігінде орталықтандырылған мемлекетінің бақылауы жоқ. Оны ашық айту қажет. Ол жақта не болып жатқанына Ливан мемлекеті жауап бере алмайды. Бұл қиын сұрақ. Мен нақты осылай болады деп айта алмаймын. Себебі бұл шиеленіске бірнеше мемлекет кіріп тұр, тікелей және жанама түрде әсер етіп жатқан ойыншылар бар. Мысалы, Қатар мен БАӘ өздері соғыспаса да, Иранға қаражат пен қару-жарақ жағынан көмек беріп отыр. Израильдің артында Батыс әлемі мен АҚШ тұр. АҚШ-тың әскері ол жақта болмаса да, қаруы мен қаржылай қолдауы бар. Жақын арада құрама штаттардың конгресі Израильдің әскеріне көмек беру үшін тағы бір транш берді. Бұл шиеленіс шекара жағынан асып кеткен", - деп есептейді ол.

Жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың әлемдік экономикаға, оның ішінде онсыз да құбылмалы мұнай бағасына әсері бар екені жасырын емес.

"Аймақта өте маңызды Суэц каналы бар. Қателеспесем, Парсы шығанағында дүние жүзіндегі мұнай айналымының өте көп танкері өткеннен кейін міндетті түрде әсер етуі мүмкін. Бірақ енді 1979, 2003 жылдардағыдай кризис болмайтын сияқты, өйткені оған факторлар жоқ. ОПЕК елдері жағынан ортақ шешім айтылған жоқ. Жанама әсер етеді деп ойлаймын", - деді саясаттанушы.

Қазақстан нені назарға алуы тиіс?

"Біздің Сыртқы істер министрлігінің бастамасы бар, оны (ред. – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігі туралы) кезінде Президент те айтып кеткен. Қазіргі халықаралық саясаттағы ойын ережелері, әсіресе әскери қақтығыстарды реттеу ережелері жұмыс істемейді. Шиеленістер азаюдың орнына көбейіп жатыр. Бұрынғы шиеленістер одан әрі ұлғайып барады. Меніңше, біздің СІМ бастамасын әрі қарай жалғастыру қажет. Нақты механизм жасалуы тиіс. Қауіпсіздікке жауап беретін БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы немесе оның Таяу Шығыстағы балама ұйымдары нақты ойын ережесін жасауы қажет", - деді саясаттанушы Аман Мәмбеталиев.

Ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ірі бестік аталып кеткен мемлекеттер де мәселені шеше алмай отырғанын айтты.

"Орташа державаға жататын елдер деген термин шықты. Оған Түркия, Үндістан жатады, кейбір елдер оған Израильді қосады, Сауд Арабиясы, Мысыр да бар. Олар – пікір көшбасшылары. Біз қазір көріп отырған бірнеше шиеленіс – Ресей-Украина, Батыс әлемі мен Ресей, Батыс әлемі мен Қытай, т.б. шиеленістерде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің нақты бір шешімін көрмедік. Ол шешімнің бейбітшілікке алып келгенін де көрмедік. Реформа жасау қажет", - деді саясаттанушы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу