Сарапшы: Тұрғын үйге деген жалпы сұранысты басу үшін бізге 2 миллион үй керек

4169

Еліміздегі тұрғын үй бағасының қымбаттауы тоқтар емес. Ұлттық статистика бюросының маусым айындағы деректеріне сәйкес, республикамызда жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрі үшін орташа баға 423 705 теңгені құраса, қайталама нарықтағы орташа баға 465 515 теңге екен.  

Сарапшы: Тұрғын үйге деген жалпы сұранысты басу үшін бізге 2 миллион үй керек

Ең қымбат жаңа тұрғын үйлер Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында. Елордада 1 шаршы метр үшін орташа баға 556 388 теңге болса, Шымқалада 472 024 теңге. Ал оңтүстік астана Алматыда 451 287 теңге.

Ал Тараз, Қызылорда, Талдықорғандағы үйлер бағасы басқа өңірлерге қарағанда арзандау.

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, еліміздегі тұрғын үй бағасының қымбаттауына геосаяси жағдай, наурыз айында теңгенің құлдырауынан шетелден әкелінетін тауарлардың қымбаттауы әсер еткен. Себебі арматура, бетон және басқа да құрылыс үшін қажетті материалдардың импорты бағалардың өзгеруіне әкелді.

"Қазір жаңа бағдарламалар легі шығып жатыр. Ол да белгілі дәрежеде сұранысты арттырады. Одан бөлек Ресей азаматтарының Қазақстанға ағылу факторы бар. Бұл ірі қалаларда үй бағасының қатты шарықтауына әсер етті. Яғни жалға берудің қымбаттауы. Аренда қымбаттағаннан кейін азаматтар депозиттегі қаражатын тұрғын үй алуға жұмсауды жөн санайды. Сөйтіп оны шетелдіктерге пәтер ретінде ұсыну табыстырақ", – дейді сарапшы.

Ұлттық статистикалық бюроның деректеріне сүйенсек, республика бойынша тұрғын үйді жалға алу үшін орташа төлем 1 шаршы метр үшін 3 567 теңгені құрап отыр. Ең жоғары жалға алу бағасы Алматы (3 886 тг), Нұр-Сұлтан (3 851 тг), Шымкент (2 494 тг) қалаларында екен. Пәтерді жалға беру құны басқа өңірлерге қарағанда арзандау қалалар қатарында Тараз (1 599), Қызылорда (1 605) және Көкшетау (1 676) бар. 

Бұдан бөлек экономист ірі қалалардағы үй бағасының жылдам өсуіне "Алматы жастары" сияқты бағдарламалардың болуы да әсер етеді деп есептейді.

Оның пікірінше, бұл бағдарламалар бойынша тамыз айынан бастап біраз үйлер несиеге беріле бастайды.

Сарапшы күз мезгілінде тұрғын үй бағасы қалай өзгеруі мүмкін дегенге тоқталды.

"Күзге қарай қайтып сұраныс артып, соның салдарынан тұрғын үйдің бағасы біраз өсуі мүмкін деп ойлаймын. Ол нақты қанша пайызға өсетінін қазір айта алмаймын. Дей тұрғанмен өсім болады", – деді экономист.

Қазақстанда баспана машақатын көріп жүрген жандар жетерлік.  Бір сөзбен айтқанда, тұрғын үй нарығына деген сұраныс өте жоғары. Сарапшы елімізде 500 мыңнан астам адам үй кезегінде тұрғандығын тілге тиек етті.

"Бұл – ресми статистикадағы нақты кезекте тұрған азаматтардың саны. Ал еліміз бойынша жалпы сұранысты басу үшін бізге 2 млн үй керек. Өткен жылы максималды түрде салынып жатқан тұрғын үй ауданы 17 млн шаршы метрді құрайды. Бұл шамамен 100 мың отбасыны қамтамасыз етуге жетеді", – деп атап өтті экономист. 

Мақсат Халықтың айтуына қарағанда, кезекте тұрған азаматтарды үймен қамтамасыз ету үшін 5 жылдай уақыт керек екен. Ал 2 млн халықты баспаналы етуге 20 жылдай уақыт қажет.

"Демек осындай сұраныстың өсу фазасы тұрғанда тұрғын үйдің де бағасы жалпы түсе қояды деп айту қиын", – дейді.

Республикамызда қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы да аспандап тұр. Мұнда да қымбат қалалар көшін Нұр-Сұлтан бастайды. 1 шаршы метр үшін орташа баға мұнда 636 609 теңгені құрайды. Одан кейінгі орында Алматы, Шымкент қалалары тұр. Ақтөбе, Қызылорда, Тараз тұрғындары қайталама нарықтағы пәтерлерді салыстырмалы түрде арзан бағада ала алады. Мақсат Халықтың екінші нарықтағы үйлер бағасының өсуі өткен жылы қатты байқалғанына тоқталды. Оған зейнетақы активтерін аудару мүмкіндігі, соған екінші нарықтан үй алуға рұқсат етілгендігі әсер еткен көрінеді. Бұл – бірінші фактор.

"Екінші фактор – мемлекеттік бағдарламалар. "Алматы жастары" сияқты өзге де көп бағдарламалар екінші нарықтан үй ала беруге мүмкіндік береді. Пандемия тұсында жаз мезгілінде Алматы қаласында 10 млн теңгеге бір бөлмелі пәтер алуға болатын. Сол кезде жастарға 14 млн теңгеден ипотекалық несиелер берілді, Алматы қаласы бойынша 300 ғана ұсыныс болған. Одан кейін бірден 1 000 адам ұсынып, нарықты қыздырып жіберді деуге негіз бар. Олар үй таппай, соңында пәтерлерді 13-14 млн теңгеге сатып алды. Кейіннен 14 млн теңге жеткіліксіз екендігі түсінікті болды. Сөйтіп оны келесі жылы 18 млн теңгеге өсірді. Қазір енді 18 млн-ға үй бар ма деген сұрақ туындайды. Алдағы уақытта оның шегін тағы да ұлғайтуы мүмкін. Бұл үй бағасының қымбаттауына әсер етеді", – дейді сарапшы.

Жаңа пәтер біреудің жылдар бойы армандап, өміріндегі негізгі қажеттіліктің бірі болса, екіншілері оған бизнес көзі ретінде қарайды. Сонымен еліміздегі пәтер сатып алушының портреті қандай?

"Шын айтқан кезде нақты айту қиын. Қазіргі уақытта бір бөлмелі үйлерге деген сұраныс көп. Негізгі себеп – жалға беру мүмкіндігінің болуы. Демек пәтер салып алушының негізгі портреті шаршы метрі аз үйлерді сатып алып, кейіннен оларды арендаға берумен ұласады деуге негіз бар. Демек бұл жерде бірінші кезекте үйді сатып алатын адамдардың портреті табыс тапқысы келетін азаматтармен сипатталады деп ойлаймын. Одан кейін ғана қажеттілік формасында жүрген азаматтардың портретін жасауға болады. Негізінен үйге қол жеткізе алмай жүргендер мен соның мүмкіндіктерін ойластырып жүргендер", – дейді Мақсат Халық.

Экономист пәтер сатып алушылардың келесі түріне үйдің фундаменті құйылған кезде 10 немесе 20 пәтерді бірден сатып алатын азаматтарды жатқызады. Олар үй құрылысы біткен соң дайын пәтерлерін әлдеқайда қымбат бағаға сататын көрінеді. Бұдан да қымбатшылық туындап отыр. Одан бөлек "Отбасы банкте" шот ашып, жеңілдетілген пайызы төмен несиеге ұмтылып жатқан азаматтар да баршылық. Экономистің пікірінше, олар қаржы жинақтауды енді ғана үйреніп келе жатқандар.

Бұл тұста сарапшы үй сатып алудың қолайлы кезеңін де атады.

"Негізінен жаз мезгілі (шілде айы) тұрғын үйді сатып алатын уақыт деп айтылады. Одан бөлек қыс мезгілінің қаңтар-ақпан айларында тұрғын үй нарығында бағалар кішкене реттеліп, тұрақталады. Сарапшылар сол кездерде сатып алуға кеңес береді. Сондықтан да қазіргі уақытта сатып алған дұрыс деп ойлаймын. Алдағы уақытта нарықта тағы сұраныстың артатыны түсінікті", – деп топшылайды спикер.

Баға шарықтап жатқан заманда адамдар оған ілесе алмай келеді. 

Балжан Смаилова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу