Сарапшылар базалық мөлшерлемеге қатысты болжам жасады

567

Түпкілікті шешім Ұлттық банктің ақша-несие саясаты комитетінің отырысында белгілі болады. 

Сарапшылар базалық мөлшерлемеге қатысты болжам жасады Фото: mtrk.kz

5 маусымда базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім жарияланады. Қандай болжам жасауға болады? Қазіргі инфляция деңгейі мен сыртқы экономикалық факторларды ескерсек, базалық мөлшерлемені төмендетуге алғышарттар бар ма? Редакция тілшісі осы тақырып төңірегінде сарапшылардың пікірін білді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлттық Банк жүргізген макроэкономикалық сауалнамада респонденттердің жыл соңындағы базалық мөлшерлемеге қатысты бағалауы 15,9%-дан 16,0%-ға дейін аздап түзетілгені белгілі болды. 2027 жылдың соңына арналған медианалық бағалау 13,3%-дан 12,8%-ға дейін, ал 2028 жылдың соңына арналған бағалау 11,3%-дан 10,6%-ға дейін төмендеді.

"Базалық мөлшерлеме бұрынғы деңгейде қалуы мүмкін, себебі инфляция әлі бір таңбалы көрсеткішке түсуі тиіс, яғни шамамен 9-9,9% аралығында болуы қажет. Сонда ғана мөлшерлемені біртіндеп, ең көбі 0,25 пайыздық тармаққа төмендетуге мүмкіндік болады. Базалық мөлшерлемені төмендетуге алғышарттар бар ма? Меніңше, әзірге жоқ. Ол үшін инфляция тұрақты түрде төмендеп, 10%-дан төмен деңгейде орнығуы қажет", – деді қаржыгер Расул Рысмамбетов редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.

Осы тұста "егер базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалса, бұл экономика мен қаржы нарығына қалай әсер етеді" деген сұрақ туындайды.

"Қазірдің өзінде ол әсер етіп отыр: несиелер қымбат. Алайда инфляция одан да қауіпті, сондықтан мөлшерлеменің көтерілмейтіні анық. Келесі шешім базалық ставканы азайтумен байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар, доллардың бұрынғы деңгейіне қайта оралуы мүмкін екенін көріп отырмыз, теңге аздап әлсіреп жатыр", – деп түсіндірді Расул Рысмамбетов.

Сарапшы Айбар Олжайдың айтуынша, базалық мөлшерлемені аздап түсіру бойынша үлкен сигналдар келе бастады.

"Біз мамыр айының инфляциясы бойынша деректерді алдық. Ол 0,4 пайыз, бір айда инфляция 0,7 пайызға төмендеген. Бірақ дәл осы кезде жалпы азық-түліктік емес тауарлар тобының әлі қарқынды өсуі байқалады. Сондықтан базалық ставканы төмендетейік деген пікір айтқанда осы фактор кедергі болуы мүмкін. Меніңше, 5 маусымда өтетін ақша-несие саясат комитетінің жиналысы өте қызу өтетін сияқты. Себебі оның ішінде базалық ставканы түсіріп көруге болады деген ойдағы адамдар да бар. Бірақ инфляцияның өршіп кету трендін жоққа шығармайтын, тәуекелдерді есептеп отырған адамдар да бар. Негізі белгілі бір компромистік ой: осы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығын өткізіп алайық, қазір демалыстар кезеңі келе жатыр, адамдар белгілі бір дәрежеде валютаны көбірек ала бастайды, импорттың аяқалысын қарайық деген пікірлер де болуы мүмкін. Менің ойымша, бәрібір осындай пікірлер болады. Егер осы логикаға сәйкес 2026 жылдың алғашқы жартысын өткізіп алып қарайтын болсақ, онда базалық ставканы осы қазіргі қалпында қалдырудың белгілі бір қисыны бар деп ойлаймын. Сондықтан болжам жасау әрине қиын, кім қалай ойлап отырғаны белгісіз. Ақша-несие бойынша кеңестің адамдарында ақпарат көбірек. Сондай-ақ ірі қаржы ұйымдарының да өз ұсыныстары мен есептері болуы мүмкін", – дейді ол.

Сала маманы мұндағы ең басты аргумент инфляция деп отыр.

"Иә, инфляция төмен түсіп жатыр, төмендеу тренді бар. Бірақ біз 2026 жылдың жартыжылдығын әлі өткен жоқпыз. Жарты жыл өтпей тұрып, бес айдың қорытындысы бойынша шешім шығара салу белгілі бір дәрежеде әлі толық орнығып үлгермеген әлсіз трендті кері бұрып жіберуі мүмкін. Сондықтан қазір бізге тұрақтылық өте қажет болып тұр, себебі айналамыздағы жағдайдың өзі қатты тұрақсыз. Мұнай бағасы күнде секіретін болған. (...) Біз базалық ставканың экономикаға қалай әсер етіп жатқанын үйреніп, көріп алдық, соны қалдыра беру туралы шешім шығуы да мүмкін", – деп түсіндірді сарапшы.

Айбар Олжай базалық ставка өзгеріссіз қалса, инфляцияның түсуіне белгілі бір дәрежеде көмектеседі дейді.

"Бірақ базалық ставканы қазір көтеретін ешқандай негіз көріп тұрған жоқпын. Мұнда екі-ақ жол бар: не оны төмендетеді, не осы қалпында қалдырады. Көтереміз деген ешқандай ой айтылып жатқан жоқ және оған бармайды, әрине", – деді сала маманы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу