Сарапшылар: Украина бітімге барса, тағдыры аянышты болуы мүмкін

10115

Бүкіл әлем Ресей және Украинаның келіссөз үстеліне отырып, соғысты бітіммен аяқтағанын қалайды. Бұған Мәскеу де, Киев те ыңғай таныта бастады. Алайда Украина қоғамының үлкен бөлігі оған қарсы. Сарапшылар оның мәнісін түсіндірді.

Сарапшылар: Украина бітімге барса, тағдыры аянышты болуы мүмкін

Түркияда соғыс басталғалы бұғатталып қалған Украина астығын теңіз арқылы тасуға арналған дәлізді ұйымдастыру жөнінде төртжақты келіссөздер өтті. БҰҰ, Түркия, Украина және Ресей қатысқан келіссөздер осы аптада жалғасады деп күтілуде.

Түріктің Yeni Şafak газетінің хабарлауынша, украиналық бидайды және ауыл шаруашылығы өнімдерін Қара теңіз арқылы тасымалдауға арналған дәліз осы аптада іске қосылуы да мүмкін. Бірақ алдымен төрт тарап та оны құру туралы құжатқа қол қоюға тиіс. Түркияның Қорғаныс министрі Хулуси Акар (Hulusi Akar) бұл мәселе бойынша қорытынды келісім апта ішінде бекітілуі мүмкін екенін жеткізді. Кейбір дереккөздердің хабарлауынша, Түркия, Украина, Ресей және БҰҰ өкілдерінің жаңа кездесуі 20-21 шілдеде өтуі мүмкін.    

Бұл ретте БҰҰ басшылығымен Ыстамбұлда үйлестіру орталығы құрылып жатыр. Оның егжей-тегжейі "төрттік" делегациялары қайта кездескенде белгілі болады. "Техникалық тұрғыдағы уағдаластықтарға" сәйкес, астық дәлізі арқылы жүк кемелерінің, танкерлердің әрлі-берлі өтуін БҰҰ үйлестіреді. Астық жөнелтілетін украиналық порттарда Украина, Ресей, Түркия өкілдері орналасып, кемелердің теңіз айлағынан шығып, Ыстамбұлға кіргенге дейінгі бүкіл процесін тікелей қадағаламақ. Ресей жағы ол кемелер кері қайтқанда батыстан қару-жарақ тиеп алмауын бақылауға ниетті. Ыстамбұлдағы келіссөздер қорытындысында Украинаның порттарын минадан арылтуға қатысты уағдаластықтарға қол жеткізілген. Бұл мәселемен Украинаның өзі айналыспақ, астық артқан кемелердің сапарлау маршрутын де сол анықтайды.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш тараптар ымыраға келуге таяп қалғанын, бірақ ауқымды жұмыс жүргізу қажет болатынын, оның нәтижелері қарулы жанжал кесірінен әлемге төнген азық-түлік дағдарысын жоюға жәрдемдесетінін мәлімдеді. Ол мұны тіпті "үміт сәулесі" деп бағалады.

Украина Президенті Владимир Зеленский де астықты жаһандық нарыққа шығару бойынша ілгерілеушіліктің барын растады.

"Егер Қара теңіздегі кеме қозғалысына төнген ресейлік қауіпті жоюға қол жеткізсек, бұл әлемдік өткір азық-түлік дағдарысын жұмсартуға мүмкіндік берер еді. Украиналық делегация маған прогрестің барын баяндады. Таяу күндері БҰҰ бас хатшысымен оның егжей-тегжейі жөнінде келісеміз", – деді Украина Президенті.

Алайда бұл бітімге украиналық қоғам мен көптеген сарапшы қарсы болып отыр. Неге? Украина Қарулы күштерінің запастағы полковнигі, зерттеуші, кеңестік-украиналық әскери сарапшы Олег Жданов дәл қазір бітімге келуді "Украинаның өзін-өзі өлтіруіне" теңеді. Оның байламынша, уақытша бітім Украинаға емес, Ресейге тиімді. Себебі АҚШ-тан HIMARS дүркін атыс реактивті жүйелері жеткізіліп, ресейлік армияның Украина жеріндегі 20-дан аса ірі қару-жарақ қоймалары мен базаларын жарып жібергелі РФ әскері әлсіреп қалды. 

"Енді Ресейге тынығып, қайта күш жинап алуға мүмкіндік беру – Украинаның өзін-өзі өлтіргенімен тең. Келіссөздерде Ресей біздің порттарға кіруге мүмкіндік беруді талап етіпті. Бұған дейін Украина порттарды миналап, РФ әскерінің кіруіне мүмкіндік қалдырмаған еді. Екіншіден, олар астық тасылып жатқан кезеңде бітім орнап, атыстың тоқтауын сұрап отыр. Ал 20 миллион тонна астықты бір ай бойы тасуға болады. Ресей қазір бітімге төтенше зәру. Оның әскері шабуыл әлеуетін жоғалтып алды. Луганск облысын жаулаған кездегідей әл-қуат жинау үшін оларға үзіліс керек. Украина әскері оларға дамыл бермей, контршабуылға көшуге әзірленуде. Басып алған аумақтарынан айырылып қалмау, майданда ойсырай жеңілмеу, әскери артықшылықтарын қалпына келтіру үшін РФ "астық бітімін" пайдаланғысы келеді", – деді Олег Жданов.

Украина әскерінің де шекесі шылқып тұрғаны шамалы. Батыс қару жеткізілімін кешіктіріп, сөзбұйдаға салуда. Сарапшының пікірінше, Украина Қарулы күштеріне бітім емес, операциялық үзіліс қана қажет.

"Келіссөздердегі даулы шарт бар. Тараптар кемелерге астық тиеуді бірлесіп бақыламақ. Егер ресейлік өкілдерді біздің порттарға жіберсек, олар құпия нысандарда, сондай-ақ Украинаның портты қалаларында не болып жатқанын көріп, біледі. Бұл дұрыс емес. Змеиный аралындағы радиолокациялық станцияларынан айырылғалы бері Ресей Украина жағалауындағы аймақтарды бақылау, тыңдау мүмкіндігінен жұрдай болды. Мынау шарт – бақылауды қалпына келтіру талабы болуы мүмкін. Шарт біреу ғана болуы керек. Ресей астық тиелген алып кемелердің порттан шығып, жаһандық нарыққа бет алуына келергі келтірмеуге тиіс. БҰҰ, Түркия араағайын болғысы келсе, сол кемелерге қорған болып, ілесе жүрсін. Тиеу процесін де солар қадағаласын", – дейді Жданов.

Оның мәліметінше, Ресей тамыздың ортасына қарай Нижегородск облысында ірі танк корпусын, ал Федерацияның барлық субъектілерінде – еріктілер батальондарын құрып, жаттықтыруды аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Путин РФ экономикасын іс жүзінде әскери режимге көшіретін заңға қол қойды. Осының бәріне бір айдай уақыт қажет.

Ресейлік журналист, саяси шолушы Иван Яковина да бітім Ресейге көбірек қажет деген тоқтамға келіпті.

"Украина халқы тек жеңісті аңсайды. Бұл соғыс олар үшін – ұлт-азаттық соғыс. Ал олардан айырмашылығы, БҰҰ шенеуніктері, Еуропа саясаткерлері үшін басты мақсат – кез келген тәсілмен бітімге қол жеткізу. Тараптар қандай ымыраға келсе де олар үшін бәрібір, әйтеуір соғыс бітсе болды. Сондықтан бітім сұраған Ресейдің ұсынысына тас кенедей жабысып, соған иліктіру үшін Киевке қысым көрсететін болады. Ал Еуропаның қысым тетігі үлкен. Өйткені шапқыншылық салдарынан украиналық экономика жүрелеп қалды, қалалар күйреп жатыр, салалар, тұтас индустриялар тоқтады. Киев Еуропаның қаржылай көмегіне мұқтаж. Бұдан бөлек қару-жарақ жөнінен де Батысқа қатты тәуелді. Онсыз ұлт-азаттық күресін табысты жалғастыра алмайды. Бірақ бұл бітімге Украина келісе алмайды", – деді сарапшы.

Оның пайымдауынша, мұның аса салмақты себептері бар. Киев бұрынғы президенттері тұсында, 2014 жылдан бері "Минск-1", "Минск-2" секілді бітім келісімдеріне қол қойды. Алайда олар қазіргі соғыстың алдын ала алмады. Сонымен бірге Украина "Минск-2"-де бекітілгеніне қарамастан, Қырым мен Донбассты қайтара алмады, онда РФ билігі күшейді.  

"Бітімге Украинаның дәл қазір бас ие алмауының басты себебі – атысты тоқтату Ресейге резервтерін жасақтап, қуатын өрістетуге, сөйтіп тың күшпен қайта соққы жасауына мүмкіндік береді. Бітім кезеңінде ол беспилотниктерді, байланыс құралдарын қаптатып сатып алады, артиллериясын жөндейді. Содан кейін ол шынымен Киевке дейін жетуі мүмкін. Бітім кезінде Батыс қару жеткізуін тоқтатуы ықтимал. Екінші байсалды себеп – бітім уақыты Ресейге Қырым үлгісінде Украинаның қазіргі басып алған Луганск, Донецк, Херсон, Запорожье сияқты облыстарын РФ территориясы деп жариялауына жол ашады. Өйткені ол аумақтарда псевдореферендум өткізу үшін атыс тоқтауы шарт. Салдарынан, қазіргі бітім аясында атысты тоқтату сызығы артынша шекараға айналып шыға келеді. Ол шекараны Батыс та бейресми мойындауы ғажап емес", – деді И.Яковина.

Үшінші қомақты себеп – бітім Украина Қарулы күштерінің оккупацияланған аумақтарды азат етуге бағытталған әскери операциясын болдырмай тастайды.

"Бұған Батыстың өзі тосқауыл қояды. Себебі жауласушы қос тарап бидайға бола бітімге келісімен, батыстық истеблишмент алақайлап қуанады, соғыс жүгі иықтарынан түскендей сезінеді. Мұны көріп, Украина соғыстың әлі бітпегенін, оккупацияда біраз облысы қалып тұрғанын алға тартып, қарсылығын білдіруі, уақытша бітім аяқталған соң, азат ету ісін жалғастыратынын мәлімдеуі мүмкін. Сонда Франция, Германия сияқты еуропалық лидерлер Украинаға басу айтып, соғысты қайта бастамауды талап ететіні сөзсіз. Егер тыңдамаса, барлық көмекті тоқтатады. Бұл түсінікті, Еуропаға бүкіл халықаралық қоғамдастыққа бірінші кезекте жаһандық экономикалық ахуалдың қалпына келгені, қымбатшылықтың жойылғаны, санкциялық шайқастың тыйылғаны, әлемдік экономиканың қарқынды өскені маңызды. Мұндай жағдайда Киевке Украина жерін толығымен азат ету – осының бәрінен маңызды екенін түсіндіру қиынға түспек", – деді ресейлік саяси шолушы.

Яғни бітімнен кейін Украина басып алған аумақтарын жаудан тазалауға кіріссе, халықаралық қоғамдастық оны агрессор деп айыптауы да мүмкін. Өйткені бір ай ішінде соғыстың тоқтағанына жаһан жұртшылығы бой үйретеді.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Украина халқы бітімді тек бір жағдайда ғана – Ресей өз әскерін Украина жерінен толық әкетсе және қиратқандарын қалпына келтіру шығынын көтерсе ғана құптайды.

Осылайша, Киев ежелгі грек аңыздарында айтылатын Сцилла мен Харибданың ортасында қалып, "былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады" деген дағдарысқа килігіп тұрғандай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу