Қазақстандағы медицинаның сапасына қатысты сын көп айтылады. Бірақ отандық денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы әлемдегі көптеген елден көш ілгері. Сондықтан әлемнің өзге елдеріне сапарлаған қазақстандықтар жатжұртта ауырып қалмаудың тілеуін тілейді.
Numbeo халықаралық агенттігі әртүрлі көрсеткіштерді салыстыра келе, Денсаулық сақтау индексін түзіп тұрады. 2025 жылғы осы жаһандық рейтингте орталықтандырылған денсаулық сақтау жүйесі жолға қойылған 97 тәуелсіз мемлекеттің арасында Қазақстан 59-орын алды. Республикамыздың индексі 60,09 болды (салыстырсақ, әлемдік лидер Тайваньдікі – 86,39 балл).
Денсаулық сақтау индексі саланың кадрмен қамтылуы, медициналық жабдықпен жарақтандырылуы, дәрігер мен персоналдың біліктілігі, жалпы шығыс көлемі сияқты факторларға сүйене отырып, жүйенің жалпы сапасын бағалайды. Онда жергілікті медициналық инфрақұрылымның жай-күйі, қызметтердің халыққа қолжетімділігі, ресурстармен қамтылуы көрініс береді.
Жаһандық рейтингте Қазақстанды озық деп айту қиын және 2021 жылдан бері 56-орыннан 59-ға құлдырады. Дегенмен, өз аймағында – көшбасшылардың бірі. Республика 58-орынға түскен Ресейден кейінгі екінші орынға шықты. Әрі қарай Армения (63), Украина (77), Беларусь (90) және Әзербайжан (91) орналасты.
Биылғы 9 сәуірде Мәжіліс жаңа Салық кодексін бірінші оқылымда, концептуалды түрде бекітті. Енді азды-кем түзетулерден соң, жазға қарай екінші оқылымда қабылдайды. Жаңарған Конституция бойынша Сенат тек мақұлдайды.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет пен Парламент қоғамда қызу талқыланған мәселелерге қатысты ортақ шешімге келгенін жариялады.
"Нәтижесінде, тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, кітап басып шығару мен археология ғана қосылған құн салығын төлеуден босатылды. ҚҚС-тан босатылған дәрілік заттардың әлеуметтік тізімін Үкімет анықтайды. Ал, барлық ақылы медициналық қызметтерге 10% ҚҚС салынады! Бұдан бөлек, медицина үшін корпоративтік табыс салығының ставкасы кезең-кезеңмен 10%-ға дейін арттырылады", – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Үкімет пен Мәжілістің бұл шешімі медицина қауымдастығының төбе шашын тік тұрғызды. Өйткені қазірдің өзінде тегін медицина қалмады деуге болады. Кезек ұзын, талон жоқ болған соң науқастың көбі өзі тіркелген емханадағы дәрігердің алдына жете алмайды, қаралғанның өзінде дәрігер не КТ, не МРТ, тіпті қарапайым УДЗ мен талдау-анализдерге бағыттама бере алмайды. Құрғақ сөзбен көңілін аулайды.
Салдарынан, сергелдеңге түскен сырқаттар ақылы клиникалардың қызметіне жүгінеді. Шектен тыс жүктеме түскендіктен жеке медұйымдар да бағасы көтерді. Мысалы, Астанада дәрігерлерге ақылы қаралу үшін бірінші қабылдауына орта есеппен 10-нан 45 мың теңгеге дейін төлеуге тура келеді.
Енді медицина қоғамдастығының байламынша, шенеуніктер мен депутаттардың жаңа шешімі денсаулық сақтау саласын қолжетімсіз етеді және нағыз "салтанатқа" айналдырады.
"Жеке медициналық ұйымдар Үкімет ұсынған қосылған құн салығы (ҚҚС) мен корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша жаңашылдықтарға мойынсұнуға мүлдем дайын емес. Кәсіпкерлер соңына дейін күресуге және өз ұстанымында табандауға дайын. ШҚО Кәсіпкерлер палатасында сала өкілдері денсаулық сақтау проблемаларын талқылауда", – деп хабарлады өңірлік палата.
Ұқсас талқылаулар өзге өңірлерде жүруде, ұсыныстар жиналып жатыр.
"Егер ҚҚС пен КТС бойынша жоғарылатылған жаңа ставкалар енгізілсе, онда медициналық қызметтер бірден 30-40% қымбаттайды. Ставка көтерудің барлық ауыртпалығы пациенттердің иығына түседі. Өйткені банкрот болмау үшін медұйымдар қызметін соншаға қымбаттатады. Оның үстіне бұл тауар емес, қызмет. Сондықтан олар ҚҚС бойынша салықтық шегерімді қолдана алмайды", – деп хабарлады палатаға медицина ұйымдарының өкілдері.
Бұған қоса, жаңа-жаңа ғана жолға қойылып жатқан "ауруларды ерте сатысында анықтау" жүйесі күйрейді. Сала сарапшыларының айтуынша, адамдар енді медициналық көмекке тек шетін жағдайларда, ауруы жай таптырмаса ғана жүгінетін болады. Соның кесірінен дерті меңдеп, ауруы ушығуы мүмкін.
"Олимп" клиникалық-диагностикалық лабораториясының директоры Ержан Жақыповтың пікірінше, саны аз мемлекеттік емханалар науқастардың шағын бөлігін ғана қамтиды. Пациенттердің негізгі бөлігіне жеке клиникалар қызмет көрсетеді.
"Жаңа Салық кодексімен бірге ставкалар енгізілгеннен кейін сол халықтың шамамен 84%-ы мемлекеттік емханаларға оралады. Мұндай алапат лекті олар еңсере алмайды. Салдарынан, тегін медкөмектің кепілдендірілген көлемін (ТМККК) қаржыландыруға және медсақтандыруға жарналарға бағыттайтын мемлекеттің шығыстары күрт артады", – деді Жақыпов.
Соның кесірінен Үкіметке медицинаға енгізген ҚҚС пен КТС-тен тапқан салығынан бірнеше есе көп шығындалуға тура келеді.
"Бұған қоса, еліміздегі барлық ең қымбат, жоғары технологиялық медқызметтерді қосалқы мердігер ретінде тегіс жеке ұйымдар көрсетеді. Мемлекеттік емханалар МӘМС аясында өз сырқаттарын бағыттамамен соларға жолдайды. Оның да бағасы өседі. Мемлекет одан үнемдеу үшін саланың жаңа технологияларын емханаларға жаппай енгізе алмайды. Дамуымыз шектелгендіктен біз де заманауи жетістіктер мен уақыт талабына дер кезінде ілесе алмай қаламыз", – деп ашығын айтты Ержан Жақыпов.
ШҚО кәсіпкерлер палатасы озық елдер медициналық секторды қаптаған алым-салықпен қыспаққа алмай, керісінше, салықтық жеңілдіктермен, субсидиялармен қолдайтынына назар аудартты.
Осы арқылы үкіметтер медқызметтердің сапасын қолдайды, ұйымдардың бәсекелестікте орнықты дамуына септеседі. Өйткені бұл мемлекет үшін стратегиялық маңызды сала.
"Медсалаға жоғарылатылған салықтардың енгізілуі, дәрі-дәрмекке алым-салықтың артуы жалпы медицина саласының құлдырауына, медицина қызметтердің қолжетімсіз болып қалуына соқтырады", – делінген бизнес субъектілерінің үндеуінде.
Сондықтан сала өкілдері жоғарыға ұжымдық үндеу жолдап жатыр.
"Бұл шаралардан мемлекеттің қаржылай пайдасы әрі кетсе бірнеше миллиард теңгені ғана құрайды. Алайда соның кесірінен медицина үшін қауіп-қатер күшейеді, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық шайқалуы мүмкін. Ұлтты сауықтыруға бар күшімізді жұмылдыру орнына біз енді өз құқығымыз үшін күресуге мәжбүрміз!", – делінген ШҚО кәсіпкерлер палатасы таратқан бизнестің үндеуінде.
Салық тек медициналық қызметтерге ғана емес, санаулы әлеуметтік медикаменттерден басқа барлық дәрі-дәрмек үшін көтеріледі.
Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының мүшесі Сұңқар Мәлікұлының айтуынша, дәрілік препараттарға ҚҚС енгізу олардың қымбаттауына түрткі.
"Дәрі – әлеуметтік маңызды өнім. Үкімет онсыз да РФ үлгісінде дәрі-дәрмекті міндетті таңбалауды енгізіп, оның елеулі, орта есеппен 30% қымбаттауына серпін берді. Бұған қоса ҚҚС енгізілсе, дәрі-дәрмек атаулы мүлдем қолжетімсіз болып қалуы мүмкін. Бұл саладағы қымбатшылық бірінші кезекте аз қамтылғандарға, зейнеткерлерге, мүгедектерге соққы береді", – деді Мәлікұлы.
Қауымдастық өкілдері ҚҚС-тің енгізілуі дәріханалардың әрі қарай жабылуына ықпал ететінін айтты. Саланы жұмыссыздық жайлайды.
Сондықтан сала бизнесі медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге ҚҚС-тің бұрынғы нөлдік ставкасын қалдыруды сұрайды.