Сардоба апатына жол бергендер сотталды

1026

6 адам сотталып, 11 адам айыппұл арқалады. 

Сардоба апатына жол бергендер сотталды

Өзбекстанның Сардоба бөгетіндегі апатқа қатысты сот процесі аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өзбекстан Жоғарғы сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, іс мемлекеттік құпиямен тікелей байланысты болуына байланысты жабық режимде қаралған.

Бұған дейін Өзбекстан тарапы Сардоба су қоймасындағы бөгеттің жарылуының үш себебін атаған болатын. Өзбекстан Республикасы Төтенше жағдай министрінің бірінші орынбасары Абдолла Құлдашевтің айтуынша, бірінші қателік су қоймасын салуға тапсырыс берген Су ресурстары министрлігінен кеткен. Екінші қателікке нысанды жобалаушы ұйым кінәлі. Мемлекеттік органдардың немқұрайлығы мердігерді де босаңсытса керек, жұмысты сапасыз жүргізгенімен қоймай, кемшілікті бүркемелеп баққан.

"Ең алдымен, Су ресурстары министрлігінің кінәлі екен айдан анық. Өйткені мемлекеттік орган құрылысты ұйымдастыру, жобалау және салу кезінде салғырттық танытқан. Нысан су қоймасын пайдаланудың ережелері бекітілмей жатып қолданысқа беріліп кеткен. Техникалық, нормативтік талаптар да өрескел бұзылған. Ал су қоймасының жобалық құжаттамасын дәзірлеген UzGip жобалаушы ұйымы техникалық-экономикалық негіздемеге өз бетімен өзгертулер қосқан. Салдарынан бөгеттің конструкциясы мен сейсмотұрақтылығы ескерусіз қалған. Нысанды салған мердігер компания мен "Узбекистон темир йуллари" ААҚ-ның  қосалқы мердігерлері жауап береді. Олардың қолындағы қағазға түсірілген деректер мен іс жүзіндегі ахуал бір-бірінен алшақ.  Бөгеттегі топырақтың тығыздығы нақтыланбаған. Сүзгі мен плита қабатының қалыңдығы жобадағы көрсеткіштен әлдеқайда жұқа болып шықты. Қорытып айтсақ, Сардоба бөгетін салу кезінде жобалау кезеңінен бастап қолданысқа берген аралыққа дейін көптеген заңсыздықтарға жол берілген",– деген болатын вице-министр.

Uznews.uz сайтының хабарлауынша, аталған бассыздықтарға жол берген 17 адамға үкім оқылды.  

Сот үкімі бойынша "Узтемирйулкуришмонтаж" ӨБ бас директорының бұрынғы орынбасары-гидротехникалық құрылыстар құрылысы басқармасының бастығы М.Холматовқа 3 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды және материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Ал "UzGIP" жауапкершілігі шектеулі қоғамының бұрынғы бөлім бастығы С.Руднев 3 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды және материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, оған 133,8 млн сум (5,4 млн теңге) айыппұл салынды. Сирдаре сув курилиш инвест" компаниясының бұрынғы бастығы С.Абдуназаровқа басшылық лауазымдарды және материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Оған да 133,8 млн сум (5,4 млн теңге) айыппұл салынды.

"To'Palang hdp Irrigation Systems"  ұйымының бұрынғы басшысы Б.Асадов 4 жылға бас бостандығынан айырылып, 133,8 млн сум айыппұл арқалады.

Осы компанияның тағы бір өкілі, өндірістік бөлімінің бұрынғы бастығы  Л.Тожиддиновтің тергеу кезеңінде қамауда отырғанын ескеріп, сот 133,8 млн сум айыппұлды 125,2 млн сумға (5,07 млн теңге) азайтты.

Аталмыш компанияның бұрынғы директоры К.Рузиевті сот 3 жыл мерзімге кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырып,  97,5 млн сум мөлшерінде айыппұл салды. Дәл осы компанияның тағы бір өндірістік бөлімінің бұрынғы басшысы А.Шүкіров кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айырылып,  125,2 млн сум дайыппұл төлейтін болды.

"Омад дубль" жауапкершілік шектеулі қоғамының бұрынғы басшысы И.Каттабековке 5 жыл бас бостандығынан айыру және 3 жыл мерзімге кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал ел қазынасына 133,8 млн сум айыппұл төлеуге міндеттелді. Осы компанияның бұрынғы бас инженері У.Хамраев та 3 жыл мерзімге кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылып,  133,8 млн сум айыппұл төлейтін болды.

"Омад дубль" ЖШҚ өндірістік бөлімінің бұрынғы бастығы Ш.Мамыровқа, "Sariosiyo qurilish" компаниясының бұрынғы директоры С.Муроулоевқа, "Sariosiyo qurilish" компаниясының директорының бұрынғы орынбасары А.Муруллаевқа, "Trans servis kompleks"  бұрынғы директоры  Ф.Махмудовқа, "Trans servis kompleks" директорының бұрынғы орынбасары З.Джабборовқа  да 3 жыл мерзімге кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы мен  133,8 млн сум айыппұл тағайындалды.

Айып тағылған мемлекеттік орган өкілдерінің арасында Су ресурстары министрлігінің су ресурстары басқармасының бұрынғы басшысы Ш.Кучкаров 22,3 млн сум айыппұл төлеуге міндеттелді. Алайда оның тергеу изоляторында отырған мерзімі ескеріліп, айыппұл көлемі 6,8 млн сумға (275 мың теңге) азайтылды.

"Сардоба" су қоймасын пайдалану және дамыту дирекциясының бұрынғы бастығы Ф.Данабоев 3 жыл бойы басшылық лауазымдарды және материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан және 5 жыл бас бостандығынан айырылды.

Ал "Сардоба" су қоймасын пайдалану және дамыту дирекциясының бұрынғы бас инженері С.Каххоровқа 3 жыл бойы басшылық лауазымдарды және материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 4 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Осылайша, 6 адам 3-5 жыл аралығында нақты мерзімге бас бостандығынан айырылып, қалғандарына 130,8 млн сум (5,4 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Айта кетейік, былтыр мамыр айының басында Өзбекстанның Сардоба су қоймасы бүлініп, Түркістан облысында техногенді төтенше жағдай режимі жарияланған болатын. 

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу