Сәтпаев каналы үшін шайқас жүруде

3290

Алып бөгенді жөндеуге 3,5 миллиард теңге төл қаржысын құйған кәсіпкер сазға отырды, деп жазады Inbusiness.kz.

Сәтпаев каналы үшін шайқас жүруде Фото: total.kz

Екі жылдай бұрын, 2019 жылғы маусымда Қаныш Сәтпаев атындағы арнаның №4 гидроторабының №87 бөгенін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл биліктің осы саладағы ірі жобаларының, әрі болашақ жетістіктерінің бірі еді. Оның қалай салынып жатқанын бақылау үшін құрылыс алаңына биік лауазымды шенділер бірнеше рет барды. Ізінше жергілікті халықпен кездесуінде, телеарналар алдында осындай ірі құрылыстың басталғанын мақтана айтатын. 

Арты не болды?

Жалпы, мемлекеттік ұйым мен мердігер үйлесімді, келісімді қимылдағанда, биылғы жыл басында бөген сән-салтанатымен іске қосылатын еді. Оның орнына олар текетірес жолын таңдап, маңызды жобаның жүзеге асырылуын шым-шытырық оқиғаға айналдырды. 

Қ.Сәтпаев арнасының ұзындығы 458 шақырым. Екі телімге бөлінген. Оның бойында 22 сорғы станциясы, 13 гидроторап, 14 бөген бар. Жобалық қуаты жылына 1,9 млрд текше метр су айдауға жететін. Алайда мамандардың айтуынша, канал өз қуатының 30%-ына жұмыс істеп тұр. 

Жағдайды апатты жағдайдағы №87 бөгетті реконструкциялау түзеуге тиіс еді. Дамбаның биіктігі 17,7 метрге дейін барады. Ұзындығы, мамандар жаргонында "жотасы" 3 252 метрге созылып жатыр. 

Құрылыс құны 5 млрд 863 млн теңгеге бағаланды. 

Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың желтоқсанында аяқталады деп жоспарланды. Бірақ аяқталмады. Шенеуніктер мен мердігер компания бірін-бірі айыптайды. 

Бас мердігер – "Гидроспецстрой" ЖШС президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Владимир Трашиннің айтуынша, тапсырыс беруші – "Қазсушар" РМК-сымен бекітілген келісімге сәйкес, компания қосалқы мердігерлерді тарта отырып, Сәтпаев арнасының №87 бөгенін қалпына келтіру жұмыстарын 70%-ға орындаған. 

"Біз келісімде бекітілген мерзімдер ішінде өз мойнымызға алған міндеттемелерді аяғына жеткізу үшін барлық шараны қабылдадық. Бүкіл жұмысты ешқандай аванстық төлемсіз, өз қаражатымызға орындадық. Бұл мақсатта 3,5 миллиард теңгеден астам төл қаржымыз жұмсалды. Қосалқы мердігеріміз "Коннектор" ЖШС-ның талап етуімен атқарған жұмысына орай 797,6 миллион теңге көлемінде төлем жасадық. Осы кезде тапсырыс беруші еш себепсіз жобаны қаржыландыруды тоқтатты. Салдарынан, құрылыс тұрып қалды. Мұны аз көрсе керек, тапсырыс беруші бізге қарсы негізсіз шағымдана бастады", – дейді В.Трашин.

Қос тараптың кектесуіне не себеп?

Оның байламынша, мердігердің жобалық-сметалық құжаттамаға қатысты сын-ескертпелер айтуы және "бөгеннің қауіпсіздігі декларациясының фальсификациялануына қарсы шығып", оны түзетуге табандауы тапсырыс берушіге ұнамаса керек.

"Жақында Жамбылда әскери қойма жарылды ғой. №87 бөгенде ауқымы және залалы жөнінен одан кем түспес тағы бір төтенше оқиға болуы мүмкін еді. Яғни, бөген жарылып, су далаға арқырай ағып, қаншама елді мекенге нұқсан келтіретін еді. Алайда олай болмады, себебі біздің кәсіпорын гидротехникалық құрылымдарды салу бойынша 59 жылғы тәжірибесі арқасында жобадағы қауіпті тұсты тауып, оны өзгертуге табандады. Осының арқасында 540 млн теңгедей бюджет қаржысы үнемделді. Бірақ жобалаушы мен оның жұмыс жобасын мақұлдаған тапсырыс беруші рахмет айту және өз қателерін мойындау орнына, мердігерге өшікті. Өйткені олар жоба бюджетін қолдан өсіруден және "откат" алудан үміттенсе керек. Онысы жүзеге аспады", – деп жорамалдайды "Гидроспецстрой" ЖШС президенті.

Жобалық-сметалық құжаттамадағы (ЖСҚ) олқылық объектіні қалпына келтіру және кейінгі қолдану кезінде техногендік апатқа соқтыруы мүмкін еді. Өйткені ескі темірбетон плиталарды демонтаждау және көтеру кезінде олардың астында ауқымды әрі терең қуыстар табылған. ЖСҚ-да ол ескерілмепті. Мердігер дереу "Қазсушарға" жүгініп, құжаттамадағы осы өрескел кемшілікті жөндеуді талап етеді. 

Тапсырыс беруші бұл ескертпемен келіскен және ЖСҚ-ны түзетуге кіріседі. Мердігердің мәліметінше, ЖСҚ-ны түзету және сараптама жүргізу белгіленген мерзімде аяқталмай, ұзаған. Салдарынан, құжаттама тек қысқы кезең қарсаңында толық әзір болады. Компания бұл маусымда суда құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу құрылыс нормаларына қайшы екенін ескертіп, қолайлы маусымды күтуді ұсынады. 
Бұл жағдайды тапсырыс беруші өз орайына қолданыпты. Ол жұмыстарды орындау мерзімдерінің сақталмағанын, диафрагма ұстынын цементтеу жұмыстарының сапасыз орындалғанын алға тартып, мердігермен арадағы келісімді бұзды. 2020 жылғы 4 желтоқсанда мердігер шарттың бұзылғаны туралы хабарлама алады. 

Жоба тағдырын сот шешеді

Рас, жаңа жылға өкпе-өшпен аяқ басқысы келмеді ме, іле-шала райынан қайтып, "Қазсушар" 2020 жылғы 31 желтоқсанда "Гидроспецстроймен" қосымша келісімге қол қояды. Ол алдыңғы келісімнің мерзімін 2021 жылғы 1 наурызға дейін созуды қарастыратын. Сондай-ақ жоба 300 млн теңгеге арзандатылған. Алайда қол жеткізілген уағдаластыққа қарамай, ол ақпан айында келісімді біржақты бұзуға қайта шешім қабылдайды. Оны тіпті бөгеннің фильтрациялау жүйесінің ағын сулардың ықпалына шыдас беретінін растаған зерттеу қорытындылары да тоқтата алмапты. Бұған қоса, енді ол "Гидроспецстрой" компаниясының "жосықсыз жеткізуші" деп танылуына қол жеткізуге тырысуда. Ол мақсатына жетсе, мердігер бір жыл бойы бірде бір тендерге қатыса алмайды. 

Кәсіпкер "тапсырыс беруші Сәтпаев каналының №87 бөгенін реконструкциялау мақсатында бөлінген нысаналы мол қаржыға көз сүзіп отыр" деп болжайды. Себебі, мердігер жұмыстардың басым бөлігін өз қаржысына орындаған және ол шығынын мемлекет сол бойы өтемеді.  

"Тапсырыс беруші біздің айыпты екенімізді, келісімдегі міндеттемелерді орындамағанымызды алға тартып, жаңа мемлекеттік сатып алуға бастамашы болды. Тендерде сол бұрынғы жұмыс көлемі көрсетілген. Шынында, бөген 70 пайызға дайын. Яғни, осы жұмыстар үшін бізге төленуге тиісті қаражатты қалтасына баспақ па? Объекті құрылысын аяқтауға шамалы қалды, сонша қаржы қажет емес. Бұдан республикалық бюджетке де нұқсан келуі мүмкін", – дейді Владимир Трашин.

Мердігер мен тапсырыс беруші арасындағы кикілжіңнен жалғыз "Гидроспецстрой" ғана емес, сондай-ақ құрылыс саласына маманданған қосалқы мердігерлер "Батискаф", "Коннектор KZ", "Стройдевелопмент" секілді компаниялар зардап шегуде екен. 
Дау барысында "Қазсушар" кәсіпорнының да, жауапты министрліктің де басшылығы ауысты. Бірақ биліктің ұстанымы өзгермеген көрінеді.

"Қ.Сәтпаев каналының №87 бөгенін реконструкциялау жобасы бойынша бас мердігер жұмысты мерзімінде аяқтамаған. "Гидроспецстрой" бұл құрылыс нысанында келісімдік міндеттемелерін жүзеге асыра алмады. Мерзімдердің бұзылуына және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасыз орындалуына байланысты "Қазсушар" РМК бұл ұйымды жосықсыз жеткізуші ретінде тану туралы Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз түсірді. Бұдан бөлек, бүгінде мердігердің қарсы талап арыздары бойынша сот органдарында бірқатар азаматтық істер қаралуда", – деп жауап қатты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. 

Тараптардың барлық талаптары мен шағымдары осы сот процестерінде қаралмақ. Дауға ақырғы нүктені де сот қояды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу