"Сау малды бруцеллез деп арзанға тапсыруға мәжбүрлеуде"

3828

Ауыл-аймақ жұртшылығы ветеринарлардың "бассыздығы мен арсыздығынан" зардап шегіп жатқандарын айтып арыздануда. 

"Сау малды бруцеллез деп арзанға тапсыруға мәжбүрлеуде"

Қазақстанда мал шаруашылығы үшін биылғы жыл қиын соқты. Біраз өңірді қуаңшылық жайлап, мал қырылды.    

Салдарынан, ірі қара малдың өзі бір ай ішінде 255 мыңға кеміпті. 2021 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша елдегі барлық шаруашылық санатында Зеңгі баба түлігінің саны небәрі 8 млн 112,8 мың басты ғана құрады. Салыстыру үшін айтсақ, осыдан бір ай бұрын, қараша айында ірі қара мал саны 8 млн 368,3 мың болған.

Елде 3 млн 256,1 мың жылқы ғана қалды. 2021 жылғы қарашада "Қамбар ата" түлегінің саны 3 млн 331,1 мың болған. Осы бір айдың өзінде қой саны 19,5 млн-нан 18,8 миллионға дейін ешкі саны – 2 млн 446 мыңнан 2 млн 353 мыңға дейін түйелер саны – 242,5 мыңнан 239,8 мыңға дейін шошқа саны 937,2 мыңнан 902,6 мыңға дейін күрт кеміді.

Енді осы жануарлар қатарының селдіреуіне тағы бір нәубет ықпал етіп жатқаны аңғарылады. Сарып (бруцеллез) дертімен ірі қара мал, шошқа, қой, сирек жағдайда жылқы мен түйе ауырады. Қанынан сарып ауруы табылған мал дереу сойылып, тек ет, шұжық зауыттарына тапсырылуға тиіс. Мамандандырылған кәсіпорындардағы өңдеу нәтижесінде бұл мал індеті залалсызданады деп есептеледі. Ал ет зауыттары болса, ауру малдың етін нарық құнынан екі еседей арзанға алады. Содан ауылдықтар "кейбір ветеринар консерві, шұжық өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың мүддесін ілгерілетіп жүр" деп тұспалдайды.

Қостанайлық Ирина Уфимцева Қостанай облысының Ветеринария басқармасының тірлігіне наразы. Себебі әкімдіктің осы меммекемесі Қостанай ауданының Еңбек кентінде бруцеллез бойынша карантин жариялапты. Жарты жыл уақыт өтті, жоятын емес.

"Басқарма қызметкерлері айына екі рет малдан анализ алғаннан басқа ештеңе істемейді. Күресі қайда? Дүркін-дүркін оның қызметкерлері қорасында мал ұстайтын отбасылардың немесе шаруа қожалығының біріне белгілі бір көлемдегі малды мәжбүрлі түрде союға тапсыру туралы ұйғарым жазып кетеді. Оның үстіне "ауру" малды дәл қандай мал сою пунктіне тапсыруға тиістігін де өздері қатаң белгілейді. Олар бруцеллезбен ауырды деп танылған жануарлардың диагнозы сойып тасталғаннан кейін расталмай жатады. Қан талдауында жіберілген қателер үшін ешкім жазаланбайды", – дейді шағым иесі.

Ереже бойынша мәжбүрлі алынған мал үшін иелеріне 30% өтемақы төленуі керек. Бірақ тұрғындардың айтуынша, жергілікті басқарма бюджеттік өтемақыны рәсімдемейді.

"Соның кесірінен, иелерінен мал нарықтық құнынан әлдеқайда төмен бағамен алып қойылады. Артынан оның еті жоғары бағамен нарыққа жол тартады. Ауылдықтар әбден қиналып бітті. Еңбек кентінің тұрғындарына жарты жылдан бері өз қораларында, жеке қосалқы шаруашылығында өндірген өнімін базарда сатуға тыйым салынған. Жұртшылық ашынып отыр. Ауыл жақта төрт түлік малдан басқа қаржы көзі, кәсіп пен жұмыс жоқ. Адамдарды билік тіршілік қайнарынан айырып отыр. Шенеуніктер халық арасында түсініктеме жүргізбейді. Карантиннің қашан бітетінін айтпайды. Жекелеген тұрғындар оңаша әңгімелесіпті, жергілікті шенділер шекеден қарап, қаласа, барлығының малын алып қоя алатынын және ол үшін бір тиын өтемақы төлемейтінін мәлімдейді екен. Не деген арсыздық", – дейді И. Уфимцева.

Еңбек кентінде оның қарт анасы тұрады. Ол соның жағдайына алаңдайды. Ол Үкіметке жүгініп, Қостанай облысының осы салаға жауапты қызметкерлері әрекетінің заңдылығын тексеруді сұрап отыр.  

Бірақ ұқсас жағдай өзге өңірлерде де қалыптасқан. Бұдан ауыл кәсіпкерлері де задап шегеді.

Ауыл тұрғындары ауру малын жасыру амалын жасай ма?

Бұдан біраз бұрын Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданындағы шаруа қожалықтары да шағымданды. Майрагүл Хамитқызының шаруа қожалығында ветеринарлар ірі қара малдан қан алып, ізінше он бас бұзаулы сиырының бруцеллез жұқтырғанын анықтайды. Фермер анализ қорытындысына шүбә келтіріп, қайталама анализ алуды талап етіп, жергілікті ветеринарлық бөлім бастығына, инспекция басшысына, аудан әкіміне хат жазады. Дәйектеуінше, оның малы өзге табындарға қосылмайды, жеке жайылады. Оның үстіне көрші қожалықтардың малдарында ауру болмағаны анықталған.

"Бұл аурудың қайдан келгенін білу үшін жүгіріп, бармаған жерім жоқ. Қайда барсам да жергілікті бір шенеуніктің адамдары анықтауыма еш мүмкіндік бермейді. Себебі мен қожалық ашқан жерді кезінде сол пайдаланған. Осы жерді алғаннан бері басымнан қырсық кетпеді. Ол кісіге ешкім қарсы келе алмайды екен. Өзінің мал бордақылау кешені, жемазық және басқасын шығаратын цехы бар. Бір жолы 10 бас сау сиырымды ауру қылып шығарды. Екінші рет тағы бір сиырымды ауру деп таныды. Өскеменге дейін жазып, 3 рет барып, қайталап қан алуға рұқсат алдым. Бірақ қайталама анализді Өскеменге емес, Семейге жіберуді белгіледі. Ал ол жақта бұл адамның танысы, группаласы отыр", – дейді шаруа қожалығының басшысы.

Қайталама тексеру нәтижесінде тағы 13 сиырдан ауру табылады.

"Оларды союға тапсырсаң қалғанына вакцина еккізіп береміз деген, екпеді. Одан кейін үшінші рет 2 сиыр, 1 бұқадан бруцеллез тапты. Оларды екінші рет тексерткізгенімде, таза болып шықты. Сонда бұлар мұны жеріме таласып, қасақана істеп жүр ме?! Менің сап-сау малдарымды ауру етіп, бизнесіме бөгет жасады. Бәлкім, малымды азайтып, жерімді тартып алмақ", – деп жорамалдайды кәсіпкер әйел.

Айта кету керек, оның уәждерін ШҚО Аягөз ауданының прокуратурасы тексерген көрінеді. Алайда ветеринарлық қызметкерлердің әрекетінен заң бұзушылықтар таппаған.

АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің дерегінше, жергілікті ветинспекцияның әрекеті заңды:

"Мал иесі сараптама актісімен келіспегендіктен, оның өтініші бойынша комиссия құрылып, қайтадан 46 бас ірі қара малынан және 1 итінен қан сынамалары алынып, тексерілген. Қорытындысында, 12 ірі қара малы және итінің қаны бруцеллезге "оң" нәтиже берген. Алайда ауруға шалдыққан малдар уақытында сойылмаған, ал ит жоғалып кетті деген желеумен жойылмай қалған", – деп түсініктеме берді ведомство.

Жалпы мамандардың айтуынша, зәрезап болып қалған ауыл адамдары, шаруа қожалықтары алдындағы азды-көпті малын сойғызудан аман алып қалу үшін түрлі айла-шарғы қолданады. Мәселен, ауру табылған сиырлардың орнына қайталама сынауға басқа, сау сиырларды ұсынады. Осы мақсатта сиырлардың сырғаларын ауыстырады. Ал сырқат мал "Камазға" тиеліп, өзге өңірлерге, көрші елдерге экспортталып кете барады. "Ақша берсе, ауру мал да аяқ астынан сау болып шығады" дейді олар. Әрине, бұл үлкен қауіп, ауру мал індет таратуы ықтимал.

Мамандар не дейді?

"Шығыс Қазақстан облысы ветеринарлық дәрігерлері" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есенгелді Бәкімбаевтың байламынша, "сарып (бруцеллез) ауруына қарсы қазіргі ережелер талапқа сай емес"

"Оның негізгі кемшілігі – барлық малдан толығымен қан алу мүмкіндігінің жоқтығы. Себебі көптеген малда сырға болмайды, түсіп қалады, ал сырғаның нөмірінсіз зертхана оның қанын қабылдамайды. Мал мамандары жарты күн қан алып, оны екі-үш күн АШМ базасымен сәйкестендіреді, сәйкестендіруге келмеген артық қанды алып тастайды, соның кесірінен талай малдың қаны тексерілмей қалады. Міне, сарып ауруының тарауының бір себебі – осы!", – деді ол.

Бірлі-жарым сиырынан сарып табылған табыннан тездетіп қайта қан алу мүмкіндігі жоқ көрінеді.

"Қайта қан алу үшін материал ПТР-ға (ПЦР) тексерілуі керек. Тек ПТР теріс болғанда ғана қайталама қан алынады. ПТР өткізу үшін көп уақыт кетеді. Осындай бюрократтық кедергілер салдарынан көбіне қайтадан қан алынбайды да, фермерлер жасырған ауру мал табында қалып қояды. Сарып ауруына ұшыраған малдарды сойып, етке өткізу де қиын проблема: себебі бұл жұмыс мал сою пунктінде атқарылуға тиіс, егер оның иесі – жеке кәсіпкер одан бас тартса, онда мал соятын басқа жер іздеуге тура келеді. Осы кезде делдалдар пайда болады да, малды тірідей сатып алып, "басқа жақта соямыз" деп анықтама беріп, кетіп қалады. Ол малдардың кейбірі сойылмай, басқа табындарға қосылуы мүмкін, ондай фактілер бар. Соның салдарынан сарып ауруы одан ары таралады", – дейді білікті маман Есенгелді Бәкімбаев.

Ол саладағы кемшіліктерді жою үшін бірнеше ұсыныс айтты. Біріншіден, ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру базасының бағдарламасын жан-жақты талдап, ақауларын жойып, дұрыс жұмыс істейтін дәрежеге жеткізу керек. Екіншіден, "ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер қорының" (АШМБ ДҚ) ережелеріне тиісті өзгерістер енгізіп, ол ережелердің жергілікті жерде орындалуын қамтамасыз еткен маңызды. Үшіншіден, бруцеллез ауруына қарсы іс-шаралар ережесін қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізген жөн.

"Қазіргі пайдаланып жүрген сарып ауруын жоюға арналған ережелер, керісінше оны ары қарай өршітуге септесетін сияқты бірнеше рет өзгертілгеніне қарамастан бұл ережелердің кемшіліктері өте көп. Облыстардан, ғалымдардан түскен қисынды ұсыныстар қабылданбайды. Содан кейін иі қанбаған шикі ережелер бекітіледі де, орындау үшін облыстарға жіберіледі. Ал өңірлерде олар орындалмайды, себебі қате, әрі өмірден алшақ жатады", – дейді Е. Бәкімбаев.

Сарапшы сарып ауруына ұшыраған малдарды сою үшін әр ауданда мемлекеттік мал сою пункттерін салуды ұсынады. Сонда ауру малды жою жеңілдейді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу