Саудия спортқа неліктен миллиардтаған доллар жұмсап жатыр?

1758

Бүгінде Роналду, Джошуа, Микельсон тәрізді спорт жұлдыздары арабиялық монархияның мұнайға тәуелді экономикасын өзгерту жоспарының бір бөлігіне айналды. 

Саудия спортқа неліктен миллиардтаған доллар жұмсап жатыр? Фото: aleqt.com

Әлемде мұнай экспорттаудан көш бастап тұрған Сауд Арабиясы өзге бір ұмтылыста жеңіске жетуден үмітті. Оның ендігі арманы – ең танымал спорт түрлерін бағындыру.

Қазір бұл корольдік өз экономикасын мұнайға тәуелділіктен арылтып, әртараптандыруға күш салып жатыр және де Саудия қазба отын мен тапталған адам құқығын еске салатын (былтыр 200 адам өлім жазасына кесілген) имиджін "жуып-шайып", ойын-сауыққа миллиардтаған доллар инвестиция құя бастады. Басты назар футболға ауғанымен, ел үкіметі спорттың өзге түрлеріне де көңіл бөліп отыр. Гольф, крикет, баскетбол... Сауд Арабиясы осының бәрімен халықаралық аренада жарқырауға бар. Ал ақысы төленсе, спорт дүниесі арабиялық монархияның бұл амбицияларын қанағаттандыруға дап-дайын.

Мұндай өзгеріс, әсіресе, жастарға қажет. Саудия тұрғындарының 70 пайызы - 35-ке дейінгі қыз-жігіттер. Олар да басқа елдердегі замандастары тәрізді қызықты тамашалап, шикізат өндірісінен бөлек ойын-сауық салаларында жұмыс істеуді қалайды.

Фото: quincyinst.org

"Мұрагер ханзада жастарды бақытты ету тәсілі ретінде оларға көбірек ойын-сауық мүмкіндіктерін ұсыну арқылы өзінің беделі мен күшін нығайтып жатыр. Сондықтан Сауд Арабиясында Ирандағыдай жастардың ереуілдетіп көшеге шыққанын көрмейсіз",– дейді АҚШ-тың Джорджтаун университетінің ғылыми қызметкері Insider басылымына берген сұхбатында.  

Қысқасы, қазір ханзада Мұхаммед бин Салман (МБС) Путин мен Си тәрізді өз елі қалайтын дүниелерді іске асыруы керек. Ал Америкаға арзан мұнай беріп, есесіне оның қауіпсіздік кепілдігіне ие болу саясаты мына заманда аса пайдалы емес, сондай-ақ ол тәсіл Саудияны мәдени тығырыққа тіреп отыр.

Зерттеулерге қарағанда, спорт АҚШ, Франция, Германия сияқты елдердің жалпы ішкі өнімінің 2-3 пайызын қамтамасыз етіп келеді. Саудия да бұл саладан пайда көруден үмітті.

"Егер спорт Сауд Арабиясының экономикасын көтеретін болса, онда мен онымен айналысуды жалғастырамын. Біздің ЖІӨ спорттан  1%-ға  өсті, ендігі жоспар - 1,5%-ға даму. Оған да қол жеткіземіз",– дейді Мұхаммед бин Салман Американың Fox News телекомпаниясына берген сұхбатында.

Елдің іс жүзіндегі басшысы - 37 жастағы ханзадасының ойынша, спортқа инвестиция салу экономиканы әртараптандыруға ғана емес, сонымен қатар елге туристерді тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестиция әкелуге мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ  спорт жас ұрпақты сау әрі сергек етеді деп санайды.

Британияның Guardian газетінің есебінше, саудиялықтар 2021 жылдың басынан бері спортқа қатысты жобаларға 6 миллиард доллар жұмсаған екен.

Гольф, футбол, формула1, крикет

Гольф: Биыл маусымда US PGA Tour Сауд Арабиясы қаржыландыратын LIV Golf компаниясымен бірігетінін жариялап, жанкүйерлерді төбесінен жай түскендей күйге бөледі.

Фото: golfdigest.com

Өйткені екі ұйымдастырушы бұрын бір-бірімен бәсекелесіп, талай рет араздасты. Оған ойыншыларды өз жағына тарту, монополияға ұмтылыс, трансляция құқығы тәрізді  мәселелер себепші. Енді бұндай тайталасқа жол жоқ.

Футбол: 2021 жылы қазанда Саудия "Ньюкасл Юнайтед" клубын сатып алған консорциумға жетекшілік ете бастады. Осылайша, бұл корольдік құнды саналатын Ағылшын премьер-лигасына өтіп, оны бақылап отыр. Содан кейін Криштиану Роналду 200 млн доллар жалақы үшін саудиялық "ән-Наср" клубына ауысуға келісім берді. Осы тұста айта кетсек, Роналдудың "Интаграмда" 600 миллион плюс "фолловері" бар.

Фото: m.daytimenews.ru

Бұл – Саудия үшін футболдағы салмақтыларды жайлаудың басы ғана еді. Ал маусым айында Мадрид "Реалының" капитаны Карим Бензема саудиялық "әл-Иттихад" клубына қосылды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бұл клубпен "Челсидің" жартылай қорғаушысы Н’Голо Канте де келісім шартқа қол қоюға шақ қалған. Сонымен қатар, Лионель Мессимен екі жылға 1 миллиард долларға келісім жасалады деген қауесет тарады.

Сонымен қатар, Сауд Арабиясы 2030 жылы Мысырмен, Грекиямен бірігіп, футболдан әлем чемпионатын өткізуге ниетті. әр-Рияд тіпті бұл екі ел матчтардың төрттен үш бөлігін Саудияда өткізуге келіссе, Грекия мен Мысырда стадион құрылысына ақша бөлуге қарсы емес. Жеті жылдан кейін өтетін  чемпионат үшін ел таңдауға дауыс беру процедурасы 2024 жылдың қыркүйегіне дейін өтуге тиіс.

Формула 1: Сауд Арабиясының мұнай алыбы Aramco - Aston Martin F1 командасының демеушісі. Спорттық карлар шығаратын "Макларен" болса, шөл далада 500 миллиард долларға салынатын Neom қаласымен стратегиялық серіктестікке қол қойды. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы "Макларен" немесе Астон Мартин осы елді өздерінің негізгі базасы етеді деп үміттеніп отыр.

Фото: vavel.com

"Бұл Сауд Арабиясына автокөліктер немесе технология өндіруге, өз брендтерімізді жасап, интеллектуалдық құқықтарды иеленуге мүмкіндіе берер еді", – деді қаңтарда Motor Sport басылымына берген сұхбатында Сауд Арабиясының автомобиль және мотоцикл федерациясының президенті ханзада Халид бин Сұлтан әл-Файсал.

Осы жылдың басында Сауд Арабиясының Формула 1 турнирін 20 миллиард долларға сатып алуға тырысқаны хабарланды. Бірақ Сауд Арабиясының спорт министрі мұны "таза болжам" деп жоққа шығарған.

Бокс: Боксинг әлемінде өзін таныту үшін Сауд Арабиясы алдағы қыста Тайсон Фьюри, Энтони Джошуа, Александр Усик және Деонтей Уайлдердің қатысуымен мега-ақша тігілетін үлкен турнир өткізбекші. Бұл шараны қаржыландыруға 250 млн доллар жұмсалуы мүмкін. Оның үстіне Сауд Арабиясы қазір әйелдер боксына да көңіл бөліп отыр.

Баскетбол: 2022 жылдың желтоқсанында Саудияның ұлттық баскетбол қауымдастығы (НБА) ұлттық әл-ауқат қорларына, зейнетақы қорларына және қайырымдылық қорларына баскетбол командаларының үлестерін сатып алуға рұқсат беру туралы шешім қабылдады.

Крикет: Сауд Арабиясы гипер табысты Үндістан Премьер-Лигасының (IPL) қатарында жаңа әрі байырақ Twenty20 крикет турнирін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Саудия оған Вират Кохли мен Рохит Шарма сияқты жұлдызды крикетшілердің қатысуын қалайды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Сауд Арабиясының өкілдері осы идея бойынша бірлесіп жұмыс істеу үшін Үндістанның крикетті бақылау кеңесінің шенеуніктерімен кездесу өткізген.

Саудияның олимпиадалық арманы

Сауд Арабиясы 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізуге өткен жылдың қазан айында таңдалды. Шөл далада орын тепкен ел бұл спорттық шараны футуристік Неом қаласында салынатын қысқы спорт кешенінде ұйымдастырмақ.  Содан кейін 5 жыл өткенде Саудия астанасы әр-Рияд 2034 жылғы Азия ойындарын қабылдайды. Бұлардың барлығы дүниежүзілік турнирлерге апаратын баспалдақ іспеттес.

"Олимпиада өткізу - еліміз үшін басты мақсат",– дейді Әл-Файсал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу