Саудияға шабуыл шикізат бағасын шарықтата түсті

3077

Йемендегі Иранға жақтас көтерілісшілердің дрондық және зымырандық соққысынан кейін, әлем нарығында мұнай құны бір жылдан бері алғаш рет 70 доллардан асып кетті.

Саудияға шабуыл шикізат бағасын шарықтата түсті

Әлемдегі ең ірі көмірсутегі экспорттаушы ел – Сауд Арабиясы мұнай өндірісін арттырмайтынын ескерткеннен кейін бірнеше күн өткенде, яғни, 8 наурыз күні, оның энергетикалық шикізат нысандары зымырандар мен дрондардың шабуылына ұшырап, мұнай бағасы тіпті көтерілді, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Халықаралық стандарт саналатын Brent баррелінің құны бір жылдан бері алғаш рет 71,38 долларға дейін шарықтап отыр. Жұма күні ол бірден 2,62 долларға қымбаттаған.

Америкалық шикі мұнай (WTI) "бөшкесінің" нарқы болса, 67,19 долларға дейін өсті. Өткен аптаның соңғы сессиясында оның бағасы 2,26 долларға көтеріліп, 66,09 долларға дейін өсті. Дегенмен бүгінгі ақпаратқа жүгінсек, бұның бәрі инфляцияны өршітуі мүмкін. Сондықтан Brent 68,24 долларға дейін қайта арзандады.

Энергияның қымбаттауына АҚШ Сенатының 1,9 трлн долларлық көмек пакетін қабылдауы және осыдан кейін экономиканың өсімі қарқын алып, отынға сұраныс артады деген болжам да әсер етті. Бұған қоса, Құрама Штаттар мен Қытай экономикасының дамуы туралы жағымды деректер де жарияланып отыр.

Биылдың өзінде шикі мұнай 30% - ға қымбаттапты. Өйткені жер-жаһанда жаппай егу науқандары қарқын алып, ғаламдық пандемия аяқталуға бет алып отыр.

Сауд Арабиясындағы шабуылдардан бұрын, яғни, өткен айда Техаста және АҚШ-тың оңтүстігінің өзге бөліктерінде ақтүтек боран мен сарышұнақ аяздан кейін, америкалық мұнай өндірісі күніне шамамен 4 млн баррельге қысқарып, "қара алтын" бағасы бір жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет 60 доллардан асты.

Жаһандық мұнай жеткізіліміне қауіп төніп тұрғаны өз алдына, бірқатар экономистің болжамынша, қазір әлем елдері пандемиядан айығып жатқанда, энергияға деген сұраныс тіпті арта түспек.

Осындай шақта көптеген энергетикалық сарапшылар ОПЕК картелі мен оның Ресей, Қазақстан тәрізді одақтастары шектеулердің көбін алып тастап, мұнайдың нарыққа еркін тасуына мүмкіндік береді деп күткен еді. Бірақ ОПЕК өткен жылы бағаның күрт төмендегенін ескере отырып, мұнай құнын одан жоғары ұстау үшін крандарды ашпауды жөн көріп отыр.

Соңғы апталарда Сауд Арабиясының нысандарына соққылар жиілеп кетті. Бұл жағдай корольдіктің әуе шабуылынан қорғаныс жүйесіне күмәнді күшейтіп, Иранға сүйенген көтерілісшілер Йеменмен арадағы шекара бойында өз мүмкіндіктерін кеңейтті деген алаңдаушылықты туындатып отыр.

Сауд Арабиясы бастаған коалиция жексенбіде Саудияға зымырандармен, дрондармен шабуыл жасаған ираншыл көтерілісшілерден кек алу үшін Йеменнің соғыс өрті шарпыған астанасы мен басқа провинцияларына әуеден соққы бере бастады.

Сауд Арабиясының ресми ақпарат агенттігі Энергетика министрлігінің белгісіз шенеунігіне сілтеме жасап хабарлағандай, бір дрон теңізден ұшып шығып, Сауд Арабиясының мемлекеттік мұнай компаниясы Aramco-ның қарамағындағы Рас-Танура портындағы мұнай қоймасына тиген.

Дегенмен, ол соққы нысанға ешқандай зиян келтірмеді деген мәлімет бар. Saudi Aramco болса, осы оқиғаға қатысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Энергетика министрлігі бұл шабуылды Сауд Арабиясына ғана емес, әлемге энергетикалық отын жеткізу қауіпсіздігі мен тұрақтылығына да бағытталған "диверсиялық акт" деп айыптады.

Сауд Арабиясының негізгі мұнай нысандарына 2019 жылы шабуыл жасалғаннан кейін, келесі күні дүниежүзілік нарықта энергия бағасы бірден 14%-ға көтерілді және де сол соққылар Саудияның күнделікті экспортының жартысынан көбін тоқтатып, әлемдік шикі мұнай өндірісін 5% -ға қысқартты.

Қымбат мұнай энергетикалық шығындарды арттыратыны белгілі. Бұның нәтижесінде инфляция өсіп, пандемиядан зардап шеккен экономиканы қолдау мақсатында рекордтық деңгейге дейін төмендетілген пайыздық мөлшерлемелерді қайтадан көтеруге тура келуі мүмкін.

"Әлемдік экономиканы қалпына келтіруде кез-келген адам қалайтын соңғы нәрсе – мұнай бағасының қымбаттауы. Алайда біз сол қымбатшылық қауіпті активтерге оң емес, теріс әсер ететін уақытқа жақындап келеміз", – дейді Axi компаниясының өкілі Стивен Иннес дүйсенбіде жасаған баяндамасында.

Бағаның өсуі пандемия кезінде миллиардтаған доллар жоғалтқан мұнай өнеркәсібі үшін әрине пайдалы.

Мұнай нарқы былтыр миллиондаған адам үйге қамалып, инфекция жұқтырудан сақтанып, саяхаттан бас тартқанда құлдырады. Өткен көктемде оның фьючерстері тіпті 0 доллардан да арзандап, содан кейін бірнеше ай бойы шамамен 40 долларға саудаланды. Бұл – шикізат өндірушілер үшін тым тиімсіз еді. Сондықтан талай америкалық компания өндірісті қысқартты немесе өздерін банкрот деп жариялап, мұнай өнеркәсібінде еңбек еткен сан мың адам жұмыстан айрылды. 

Сұраныс қалпына келген сайын бағалар да қалпына келе бастады. Қаңтарда Сауд Арабиясы өндірісті тәулігіне 1 млн баррельге қысқартатынын жариялағаннан кейін, америкалық мұнай баррелінің бағасы 50 доллардан асты. Сол қымбаттау ақпан бойы жалғасып, Сауд Арабиясының өндірісті қысқарту туралы келісімі күшіне енгенше тоқтаған жоқ.

Wood Mackenzie Табиғи ресурстар жөніндегі консалтингтік компаниясының болжамынша, биыл сәуірде мұнай 70-75 доллар аралығында саудаланып, оған әлемдік сұраныс 2021 жылы өткен жылмен салыстырғанда күніне 6,3 млн баррельге артық болуы мүмкін.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу