Сәуірдегі сауда көңіл көншітпеді

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
5782

Акция нарығының капиталдануы 135,4 млрд теңгеге төмендеді.

Сәуірдегі сауда көңіл көншітпеді

Қазақстан қор биржасы (KASE, биржа) нарығындағы сауда көлемі  сәуір айында 9,9 трлн теңгені құрап, алдыңғы аймен салыстырғанда 2,1%-ға немесе 212 млрд теңгеге азайды. Бұған бағалы қағаздар нарығы сәуір айын -12%-ға, ал ақша нарығы - 9,5%-ға кем көрсеткішпен жабуы себеп болды.

Алматыда БАҚ үшін ұйымдастырылған медиа-брифингте мамыр айының алғашқы күнінде KASE тізімінде 66 эмитенттің 257 облигациясы орналастырылғаны, ал корпоративтік борыштың жалпы көлемі 5,5 %-ға өсіп, 9,1 трлн теңгеге жеткені жарияланды.

Белгілі болғандай, акция нарығының капиталдануы 0,7%-ға немесе 135,4 млрд теңгеге төмендеп, 18,4 трлн теңгені құраған. Капиталданудың төмендеуіне S&P агенттігінің банк рейтингтерін жаңартуы да түрткі болған. Айтпақшы "Астана Банкі" АҚ-ның жай акциялары бірінші мамырдан бастап KASE индексінің өкілетті тізімінен алынып тасталған еді. Осыған қатысты қор қызметкерлері бұған клиенттердің қаржы ұйымына сенімсіздік танытуы ықпал етті дегенді алға тартты.  

Акциялардың сауда-саттық көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 44,3%-ға немесе 8,6 млрд теңгеге төмендеп, 10,8 млрд теңгені құраған. Сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 512,4 млн теңгеден аспаған. Салдарынан  өткен аймен салыстырғанда 52,2%-ға азайған. Есесіне корпоративтік құнды қағаздар нарығындағы сауда-саттық көлемі 10,8 млрд теңгені құрап, алдыңғы аймен салыстырғанда 3,4 %-ға немесе 0,4 млрд теңгеге көбейген.

Мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) нарығындағы жиынтық сауда-саттық көлемі сәуір айында 73,5 млрд теңгені құрап, наурыз айындағы 82,2 млрд теңгеден 10,6% кем түскен. Сәуірдегі МБҚ нарығындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 3 500,1 млн теңгені құраған, ал алдыңғы айда бұл көрсеткіш 4 566,5 млн теңге болған.

Өткен айда шетел валюталарының нарығына KASE-нің 32 мүшесі қатысқан. Нәтижесінде сәуірде шетел валюталары сауда-саттығының көлемі наурызбен салыстырғанда 682,3 млрд теңгеге артқан.

Ұлттық банк биржаның сауда-саттық алаңында мерзімі бір күндік валюталық своп операцияларын, өтімділікті ұсыну, сондай-ақ қайтып алу бойынша шешім қабылдады. Сәйкесінше өтімділікті қайтып алу бір күндік LIBOR мөлшерлемесін қолданумен жүзеге асырылады, ал өтімділікті ұсыну қаржы реттеушісінің базалық мөлшерлемесіне жылдық +2% бойынша орындалады.

Естеріңізге салайық, Ұлттық банк 16 сәуірден бастап пайыздық мөлшерлемелердің симметриялық дәлізін +/-1% мөлшерінде сақтай отырып, базалық мөлшерлемені 9,25%-ға дейін төмендетті. Тиісінше өтімділік беру операциясының мөлшерлемесі -10,25%, ал өтімділікті алу операциясы - 8,25% болды.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу