"Саясат мырза министр қызметінің құлағын ұзақ ұстамауы мүмкін"

2606

Сарапшылардың байламынша, жоғарғы білім саласына бұған дейін жауап берген шенділердің қырсыз тірлігі "қасіретті қаңтарға" ықпал етті. Мысалы, өңірлік арзан университеттерді жаппау керек еді.

"Саясат мырза министр қызметінің құлағын ұзақ ұстамауы мүмкін"

Жалпы Асхат Аймағамбетовтен Саясат Нұрбекке ауыр мұра қалғанға ұқсайды. Бір жағынан, Аймағамбетовтың командасы 2019 жылы 13 маусымнан бері жоғарғы білім саласында терең реформалар жүргізді.

Нәтижесінде, қазіргі кезде министрлік ештеңеге де жауап бермейтіні құпия емес. Университеттерге "академиялық еркіндік" берілді, олар не істесе де өзі біледі, бірақ сонысы үшін өздері жауап береді. Мысалы, осыны пайдаланып, университеттер оқу ақысын көтеріп жіберді. Сондай-ақ отандық ЖОО-лар 2021 жылдан бастап, түлектеріне мемлекеттік емес, өзіндік үлгіде дипломдарын таратып жатыр. Бұл да БҒМ-ді жоғарғы білім үшін жауапкершіліктен құтқарды.

Бұдан бөлек, биылғы жылы білім заңнамасына енгізілген түзетулерге сәйкес, бұдан былай кез келген ЖОО-ның лицензиясын министрлік тартып алса, жабылған университеттің студенттерін басқа университетке ауыстыру ісімен бұдан былай министрлік айналыспайды. Бұл – жабылған ЖОО басшыларының, студенттердің өзінің бас ауруына айналды.

Екінші жағынан, министрлік саладағы жағдайды мейлінше күрделендірді. Алпауыт емес, шағын университеттерге қырғидай тиді. Әділін айта кету керек, ЖОО-ларды жабу 2011 жылы Бақытжан Жұмағұлов тұсында басталған. Содан кейін бұл үрдісті Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев, Күләш Шәмшідинова жалғастырды, Асхат Аймағамбетов тұсында қарқын алды. Соңғысы 2019 жылы 125 университетті "қабылдап алыпты". Алайда бүгінде соның 120-дайы ғана қалды. Салыстыру үшін айтсақ, 2005 жылы Қазақстанда 185 университет болған.

"Қазіргі кезде толығымен 15 жоғары оқу орны және 31 колледж жабылды. Тағы 4 жоғары оқу орны және 29 колледж жабылып жатыр. 61 жоғары оқу орнының 500 бағыты бойынша және 375 колледждің 2 200 бағытының лицензиялары қайтарып алынды. Тағы 15 жоғары оқу орны мен 47 колледждің бейініне сәйкес келмейтін лицензиялары қайтару бойынша жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, педагогтерді даярлайтын ЖОО саны 86-дан 50-ге дейін азайды, заңгерлерді даярлайтын білім ордалары 72-ден 61-ге дейін кеміді", – деді таяуда білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Мамандардың айтуынша, бұл бірнеше проблеманы туындатты. Біріншіден, шетелге, соның ішінде әсіресе Ресей мен Қытайға кеткен студенттер саны артты.

РФ Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде Ресейде оқитын барлық шетелдік студенттердің төрттен бірі, яғни 25%-ы – қазақстандықтар. Осылайша, ресейлік білім алатын өзге елдердің шәкірттері арасында саны жөнінен Қазақстан жастары бірінші орында тұр. Мұның қаупі де бар: көрші елде оқитын кейбір қазақстандық бозбала-жігіттердің айтуынша, оларға үгіттеушілер келіп, мол сыйақымен қызықтырып, ерікті түрде контракт бекітуге және Украинадағы "арнайы әскери операцияға" қатысуға шақырыпты. Үш айға барып келсе, оқу орны сақталады екен. Бұған қазақ жастары көнсе, келіссе, ұлтымыздың сүйегіне дақ салатыны сөзсіз.

Нұр-Сұлтандағы "Орыс үйінің" (Русский дом) басшысы Алексей Коропченконың мәліметінше, жыл сайын Ресейде Қазақстанның 70 мыңдай азаматы білім алады. Бұл сан көбейе бермек. Өйткені Орыс үйі және басқа ұйымдар ауыл-қалаларды аралап, қазақстандық жастар арасында "Ресей ЖОО-ларына қалай түсуге болады: гранттар, жеңілдіктер, бағдарламалар" тақырыбында түрлі жиындар, кездесулер, түсіндіру-насихат жұмыстарын өрістетті. Оның үстіне Ресей қазақстандық өрендерді өз ЖОО-ларына тартуға күш салып, оның шарттарын жыл сайын оңайлатуда. Қаласа, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алады екен. Бұл жерде Ресейдегі оқу орындарында тарихты бұрмалап оқытатыны, қазақ жері мен еліне қатысты теріс ұғым қалыптастырып, жастардың санасын улайтыны жасырын емес.

Екіншіден, Қазақстанның ЖОО-ларында оқитын студенттер саны жыл өткен сайын азайып барады. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі бойынша 2005 жылы отандық университеттер мен академияларда 775 762 студент оқыпты. Содан бері азайып келеді. 2019 жылы студенттер саны 604 345, 2020 жылы – 576 557, ал 2021 жылы – 575 511 студент қана қалды.

Жағдайды мемлекеттік гранттар санының соңғы бірнеше жыл ішінде екі есе көбеюі де түзей алмады. Биыл ең көп – 73 мың грант бөлініпті.

Сарапшылардың байламынша, өңірлік ЖОО-лардың жаппай жабылуы ақыр соңында, Алматы, Шымкент секілді мегаполистерде жастардың шектен тыс шоғырлануына соқтырды. Ал "қаралы қаңтар" оқиғалары кезінде дәл осы екі қалада бүлік алапат қуат алғаны мәлім. Ал тәртіпсіздіктерге қатысқандардың көбі – жастар болды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Мәдина Төлегенова қаңтар оқиғаларын талдай келе, өңірлік ЖОО-ларды жаппай жабу қателік болды деген тұжырымға келді.

"Соңғы жылдары өңірлерде жергілікті маңыздағы ЖОО-лар белсенді түрде жабылды. Олардағы оқу ақысының арзан, ал оқу орнының тұрғылықты жерге жақын болуы бұқара халық үшін жоғарғы білімді үнемді әрі қолжетімді ететін. Бәлкім, олардағы білім деңгейі министрлік қойып отырған талаптардан төмен шығар. Бірақ ол жергілікті шағын және орта бизнестің базалық талаптарына сәйкес келетін. Қынжылтатыны сол, билік жергілікті кәсіпкердің сұранысын ескермейді, оны дамытуға баса мән бермейді. Ата-аналар мен жастардың көбі колледжде оқуды лайықты білім санамайды. Бұл жағдайда шағын университеттер – табысы төмен отбасылардан шыққан және жұмыссыз жастар үшін диплом алуға, жақсырақ қызметке тұруға жолдама беретін әлеуметтік лифт еді. Тіпті сапасы жоғары болмаса да, кез келген жоғарғы білім жас адамның тұлғалық өсуіне жағымды ықпал етеді", – дейді М.Төлегенова.

Шағын, арзан университеттерді БҒМ мәжбүрлеп жапқан соң не болды? Жастардың үлкен бөлігі шетелге, Ресейге кетуде, үлкен бөлігі ірі қалаларға ауып, сонда не құны қымбат оқуға түсе алмай, не жұмыс, не баспана таба алмай, ашынған күйге жетуде.

Үкіметтің 2022 жылы грант санын тағы 31 мыңға көбейтуі күтілген нәтиже әкелмеді. Себебі әлеуметтік желіде ҰБТ-да 90-нан көп бал жинаған озат оқушылардың өзіне грант тимей қалғаны туралы дерек жетерлік. Жергілікті университеттер 60 балмен де қабылдай беретін. 

Сонымен Мемлекет басшысы 2022 жылғы 11 маусымдағы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығымен БҒМ-ді екіге жарды. Асхат Аймағамбетовтың қолында тек балабақшалар, мектептер мен колледждер қалады. Ол енді Оқу-ағарту министрі деп аталады.

Ал ғылым мен жоғарғы білім салаларының тізгінін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұстады. Ол нәтиже шығара ала ма? Саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұловтың бұған күмәні бар екен.

Оның пікірінше, жоғарғы білім саласын Саясат Нұрбек бірден ретке келтіреді, тәртіпке түсіреді, биікке шығарады деп сену қиын. Себебі біріншіден, инновациялық білім жобаларын жүзеге асырған белгілі компанияда істегені болмаса, С.Нұрбек – ғылымға қатысы жоқ адам. Екіншіден, оның өзі жоғарғы білім саласының белгілі тобына кіретін, соның мүддесін ілгерілетіп келген маман екені жасырын емес. Ендеше министр ретінде енді әділ болса, барлық тараптарға, барлық ЖОО-ға тең қараса жөн.

"Үшіншіден, Саясат бір орында екі-үш жылдан артық отырмайтын, көп тұрақтамайтын жігіт. Таныс жігіттерге ол: "қызмет деген қолдың кірі ғой, мен бір жерге тісіммен-тырнағыммен жабыспаймын" деген ауанда пікір айтқан деседі. Әрине, кейбір шенеунік сияқты креслосынан тапжылмай, тамыр жаймай, үнемі қозғалыс үстінде болған да дұрыс шығар. Бірақ бұл Саясаттың қызметті шынында құндылық санамайтынын көрсетпей ме? Құндамаса, онда құнтты болмайды емес пе? Тек бір нәрсе үміттендіреді. Қаңтар оқиғалары кезінде аты ҰҚШҰ, заты Ресей әскері бүлікті басып берген соң Қазақстан билігі Ресейдің арттап қалған жоғарғы біліміне бет бұрғандай болды, соның ЖОО-ларын қаптатып ашуға ниеттенді, елді шошынтты. Ал Саясат – батысшыл жігіт. Мысалы, Ұлттық кеңестің ортақ чатын Украинаны және оған Батыстың көмегін қолдауға бағытталған деректермен толтырып тастайтын. Демек оның тұсында Қазақстан батыстың озық білімінен де қол үзбес деген үміт бар", – дейді ғалым.

Қорыта айтқанда, трансформацияға түсіп жатқан жоғарғы білім саласында "бір үміт, бір күдік" дейтіндей дүдәмал жағдай орнағанға ұқсайды. Менеджер Саясат Нұрбектің бұл салаға не жаңалық әкелетіні белгісіз. Жоспар түгіл, әзірге тіпті жаңа министрліктің gov.kz мемлекеттік порталында жеке сайты да құрылған жоқ.

Дегенмен бізде әр келген жаңа министрдің саланы қайта қопарып, төл реформаларын таңатыны – дәстүр мен тәжірибеге айналған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу