Саясаткерлер қоғамның психикасын теріс жаққа күрт өзгертіп жібергені анықталды

3299

Франция "терең саяси дағдарыс" қарсаңында тұр.

Саясаткерлер қоғамның психикасын теріс жаққа күрт өзгертіп жібергені анықталды Фото: mtrk.kz

Францияның жаңа Парламентінде – Ұлттық жиналысында елдің бірде бір партиясы абсолютті басымдыққа ие емес. Бұл осы елде мерзімінен бұрын өткен парламенттік сайлаудың нәтижесі. Ал, Le Monde сарапшыларының байламынша, көпшілік дауысқа ие жалғыз саяси күштің болмауы – парламенттік демократияның жарқын нышаны.

Кеше француздарды ұлттық құраманың EURO-2024 Еуропа чемпионатының финалына өтетін-өтпейтіні алаңдатты. Тиісінше, жұртшылық Франция құрамасының сүреңсіз ойнап, орта жолда сүрінгеніне жаппай қапаланды.

Ал, бүгін қоғам назары қайтадан саясат сахнасына ауды: "Францияның жаңа Үкіметі қандай болады және оны кім басқарады?" деген сауал мазалайды.

Осының алдында, 8 шілдеде Президент Эмманюэль Макрон іс басындағы Премьер-Министр Габриэль Аттальдің отставкаға кету туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Сөйтіп, ол не әрі, не бері емес, екі ортада "ілініп" қалды. Макрон "елдегі тұрақтылықты сақтап қалу үшін" Аттальдан орнында қалуды өтінді.

Елисей сарайының таратқан мәлімдемесінде солай делінген. Бірақ жаңадан қалыптастырылатын Үкіметтің тізгінін бәрібір басқа адам алуы мүмкін. Оның кім болатыны парламенттік партиялар арасындағы "келіссөздер мен сауданың қорытындысында" анықталады.

Германиялық Deutsche Welle жазуынша, Франция Президенті Э.Макрон жаңа Үкіметті қалыптастыруға қатысты аса күрделі, дау-жанжалды процесті Париждегі жазғы Олимпиада аяқталғанға дейін доғарады деп күтілуде. Олимпиада кезінде бұрын соғысты да тоқтата тұратын дәстүр болған. Биылғы жазғы Олимпиялық ойындар 26 шілдеде басталып, 11 тамызға дейін созылатыны мәлім.  

Ұлттық жиналыстың жаңа құрамы І-ші отырысқа тек 18 шілдеде жиналады. Бұл іске соның да араласатынын ескерсек, ар жағында Олимпиадаға дейінгі бір аптадай уақыт ішінде тараптардың жаңа Министрлер кабинеті туралы түпкілікті келісімге келе алуы неғайбыл.

"Сарапшылар жаңа Премьерді таңдау оңайға соқпайтынына сенімді. Олардың байламынша, Франция Бесінші республика тарихындағы ең ірі дағдарыстың қарсаңында тұр. 7 шілдеде аяқталған кезектен тыс парламенттік сайлаудан кейін Франция күшті турбуленттілік дәуіріне аяқ басқанға ұқсайды. Ұлттық жиналысқа кіре алған 3 негізгі саяси күш – "Жаңа халық майданы" (NFP) солшыл альянсы, Макронның "Республика үшін бірге" коалициясы және ультраоңшыл "Ұлттық бірлік" (RN) бір-бірінің бастамаларын, іс-қимылдарын бұғаттайды, сөйтіп, Үкіметтің жұмысын дағдартуы және елді ұзаққа созылатын кризиске жығуы мүмкін", – деп жазады германиялық DW. Сырт көз сыншы деген.

Өткен жексенбіде аяқталған парламенттік доданың алдын ала қорытындылары бойынша 577 орыннан тұратын Ұлттық жиналыстың жаңа құрамында сайлаудың шартты жеңімпазы NFP-ге 182 мандат қана тиеді. Бұл басым көпшіліктен айтарлықтай аз. Қалған екі күштің бірімен келісуі керек. Әрине, "Жаңа халық майданына" макроншылдар жақын. Өйткені солшылдар осы өткен сайлауда Ле Пеннің партиясы билік басына келіп, Францияда "фашистік диктатура" құрғалы жатыр деп ұрандап, сол арқылы өз электоратын жаппай мобилизациялай алды.  

Екінші тұғырға көтерілген президенттік "Республика үшін бірге" партиясы 168 мандат қана еншіледі. Салыстырсақ, Э.Макронның өзі мерзімінен бұрын таратып жіберген алдыңғы Парламентте бұл партияға 250 депутат тиесілі болған.

Парламенттік сайыстың бірінші турында жеңіске жетіп, айды аспанға шығара жаздаған ұлтшылдар – "Ұлттық бірлік" ақырғы айналымда көп сайлаушысынан айрылып қалып, небәрі 143 мандатты қанағат тұтты. "Ле Пен армиясы" бұрын-соңды осынша көп мандатты жиып көрмепті. Мысалы, 2022 жылғы соңғы сайлауда RN-нің Ұлттық жиналыстағы депутаттарының саны 88 ғана болатын. Бірақ бұл жолы қолда тұрған жеңісінен айрылып қалуын бұл жетістігімен жуып-шая алмасы мәлім.  

Би-Би-Си сарапшыларының байламынша, француздар бірінші турда ұлтшылдарды қолдау арқылы олар тіпті перизат Париждің ажарын бұзып, ұсқынсыз еткен қаптаған мигранттарға тегеурінді тосқауыл қояды деп үміттенді. Алайда Ле Пен және оның командасы бұл тұрғыда нақты бағдарлама ұсына алмады. Ресей-Украина арасындағы сұрапыл соғысқа қатысты да кереғар ұстанымымен танылды.

Бірінші турда "Ұлттық бірлік" партиясы Республикалық партиядағы одақтастарымен бірге 33,15% дауыс жинады. Осы үлесін сақтағанда, бұл оған Парламенттегі 577 орынның 270-ін иеленуге, сол арқылы жаңа Үкіметті бір өзі жасақтауға мүмкіндік беретін еді. Ле Пен алғашқы жеңісіне жетісімен, Мәскеу шат-шадыман көңілін жасырып жатпады: 3 шілдеде РФ Сыртқы істер министрлігі француз ультраоңшыл күштерінің жеңісін қолдайтынын мәлімдеді.

"Францияда АҚШ пен Еуроодақтың диктатынан арылуға бағытталған. ұлттық мүдделерге сәйкес келетін егемен, азат сыртқы саясатқа деген сұраныс өсіп келеді. Француз билігі тұрғындардың басым көпшілігінің көңіл-күйіндегі бұл іргелі бетбұрысты бұдан былай елеусіз қалдыра алмайды", – деп мәлімдеді РФ СІМ ақпарат және баспасөз департаменті директорының орынбасары Андрей Настасьин.

Ресей сыртқы саясат ведомствосы ресми аккаунтында осы мәлімдеме астында салтанатына масаттанған Ле Пеннің фотосын басты. Француз және Батыс сарапшылары Ресейдің бұлай ашықтан-ашық қолдауы ультраоңшылдарды жарға жығатынын тұспалдады. Ұзақ жыл Путиннің досы саналған, Мәскеуге талай қыдырыстаған Марин Ле Пен бұл жолы Ресейдің қолдауына шаттанбады. Өйткені Кремльмен тығыз байланысы үшін қоғам тарапынан айыпталып келген француз ультраоңшылдары 2022 жылы Украинада соғыс бастағалы РФ-тан іргесін аулақ салуға тырысып, әлек.

Францияның TF1 бірінші телеарнасының кешкі жаңалықтарының эфиріне шұғыл шыққан Ле Пен Мәскеудің бұл тірлігін Францияның ішкі ісіне және сайлауына араласу деп бағалайтынын айта келе, мұны "арандату" деп атады. Сондай-ақ ол мәскеулік провокацияға өзін еш жауапты емес деп санайтынын нықтады.

Марин Ле Пен "егер партиясы Ұлттық жиналыста басым көпшілік дауысқа ие болса, Украинаны қолдауды жалғастыруға" уәде етті. Дегенмен, Франция әскерилерін Украинаға жібермейтінін, француздың алысқа ұратын зымырандарымен Ресей аумағына соққы беруге рұқсат етпейтінін білдірді.

Ақыр соңында Ле Пеннің партиясы мен одақтастары екінші айналымда оңбай жеңіліп, үшінші орынға түсіп қалды. Оны бірінші тұғырынан тайдыру үшін солшылдар, коммунистер, жасылдар мен макронистер бірікті: ұлтшылдық басым өңірлерде бір-бірімен бәсекелесіп, сайлаушыларды бөле-жармау үшін өзара келісіп, бірінің пайдасы үшін бірі төл кандидаттарын жарыстан алып тастады.

Бірақ дегеніне жетіп, көлігі судан өтіп алғаннан кейін олардың да арасына іріткі түсті. "Жаңа халық майданы" альянсының бейресми көшбасшысы, ультрасолшыл "Бас имеген Франция" (LFI) негізін қалаушы Жан-Люк Меланшон Үкіметті өзі қалыптастырудан үмітті. Бұл ниетін ол сайлаудың екінші турының алдын ала қорытындылары белгілі болысымен, жария етті.

Бірақ солшылдар альянсының өз ішінде де ауызбіршілік байқалмайды. Бұл альянсқа дәл сайлаудың қарсаңында коммунистер, социалистер және жасылдар кірді. Альянс ортақ сайлауалды бағдарламаны тез-ақ әзірлей қойды. Онда басты назар зейнетақы реформасына аударылған. Бұл – тез қартайып бара жатқан француз қоғамы үшін ең бір көкейкесті проблема. Сондай-ақ олар әділетті салық салу жүйесін қабылдауға, білім беру саласын жаңғыртуға уәде етті.

"Макрон лагерімен қайтадан дүрдеараз болғаны сыртында, солшылдардың өз ішінде бірлік жоқ. Альянстың арасындағы алауыздық біраз өршіді. "Жаңа халық майданының" Премьер лауазымына ортақ кандидаттың кім болатыны туралы өз ішінде келісімге келе алмағаны қайран қалдырмайды. Меланшонды Альянстың басқа қатысушылары жақтырмайды. Ол көпшілік үшін тым асыра сілтейтін радикал", – деді Халықаралық қатынастар бойынша еуропалық кеңестің (ECFR) сарапшысы Камиль Лонс.

Осы орайда Жасылдардың көшбасшысы Марин Тонделье көмек сұрап, Президентке үндеу жолдады. Оның айтуынша, Макрон кандидатты ұсынуды сұрап, Альянсқа жүгінуге тиіс.

Сонымен бірге, сарапшылар "Республика үшін бірге" центристік коалициясын әлі де есептен шығаруға болмайтынын қаперге салды. Коалицияға сүйенген Президент Эмманюэль Макрон енді Францияда емін-еркін билік құра алмайды. Үнемі Парламентпен диалог құрып, соның пікірімен санасып отыруы қажет. Әйтсе де, кандидаттарды іріктеуде және Франция Үкіметін нақты кімнің басқаратынын анықтауға Макронның таңдауы – шешуші сөздердің бірі болады.

Мысалы, еуропалық басылымдардың жазуынша, Президент либерал-центристерді және ұстамды солшылдарды өз айналасында топтастырып, жаңа коалиция жасақтауға тырысуы да ғажап емес. Қалай болғанда, жаңа Үкіметтің тізгінін алатын тұлға Президентпен дос болмағанымен, сонымен жақсы қарым-қатынаста болғаны жөн.

Француз эксперті Камиль Лонс бұл сайлаудың тек саяси күштер арасында ғана емес, қоғамда да тектоникалық қозғалыстарға түрткі болғанын қынжыла айтты.

"Ультраоңшылдардың жеңілгеніне қарамастан, Франция қоғамында ұлтшылдыққа, оңға қарай салмақты психикалық бетбұрыс басталды. Ультраоңшылдардың ақпарат құралдарындағы агрессивті агитациясы мен сайлауалды науқаны адамдардың саяси сыпайылықты былай жиып қойып, өз ойындағысын еркін айта бастауына соқтырды. Соның кесірінен расистік, ксенофобтық, гомофобтық көзқарастар енді көшеде ашықтан ашық айтылады. Француздар үшін экстремистік партияларға дауыс беру енді қалыпты нәрсеге айналды", – деп алаңдаушылық білдірді Камиль Лонс DW-ға сұхбатында.

Бұл аз болғандай, егер таяуда француз элитасы келісімге келе алмаса, ұлттық бірлікке де сына қағып, елді ұзақ саяси күйзеліске ұрындыруы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу