Саяси "әткеншек" тебушілер қоғамға қауіп төндірмесін

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2706

Депутаттар автомектепте оқымай, емтихан тапсырмай, көлік жүргізу куәлігін алушылармен күресуге мықтап кіріскен сыңайлы.

Саяси "әткеншек" тебушілер қоғамға қауіп төндірмесін

Әткеншек – халқымыздың сүйікті ойын-сауық құралдарының бірі. Онсыз бұқаралық ірі мереке, той-думанды көзге елестету қиын. Балалар түгіл тіпті бойжеткен мен бозбала былай тұрсын, егде жастағы адамның өзі екі діңгекке арқан байланып, табанына тақтай бекітілген алтыбақанға аяқ артып, құмары қанғанша тебуді аңсап тұрады. Кейде "әткеншек" қағидатын күнделікті өмірдің ойыннан өзге саласында тамашалау қызықты.

Қазақстан азаматтарына автомектептерді бітірмей-ақ жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндік беруді жақтаушылар мен оған түпкілікті қарсылар өзара күресте ұзақ жылдан бері итжығыс түсіп келеді.

Сейсенбі күні мәжілістің жұмыс тобы осы мәселеге қатысты жаңа заң жобасын қарады. Қолданыстағы "Жол жүру туралы" заңды өзгертуді және әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің бірқатар нормасына түзету енгізуді көздейтін бұл жобаны былтырғы жылдың басында тарап кеткен парламенттің V шақырылымындағы бір топ депутаты әзірлеген және олар кетер алдында, 2015 жылдың 9 желтоқсанында бірінші оқылымда мақұлдап үлгеріпті. Енді автомектептердің мүддесін ілгерілететін бұл лоббистік заңның жобасын екінші оқылымда құптап, өмірге жолдама беру немесе оны мүлдем қабылдамай, қоқыс жәшігіне тастау – парламенттің VI шақырылымындағы депутаттардың еншісіне түсіп отыр.

Бірден айта кетейік, парламентарийлердің біразы бұл жобаға жол ашуға "кетәрі" емес.

Бұл мәселенің мән-жайын түсіну үшін тарихын шолсақ жөн болады. Ішкі істер органдарының тәжірибелі мамандарының айтуынша, Қазақстан заңнамасында жүргізушінің өз бетінше даярлануы бұрыннан болған. Дәлірек айтсақ, сонау 1996 жылдың 15 шілдесінде күшіне енген "Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы" заңның 15-бабы осыны қарастырды: бұл баптың 5-тармағында "тиісті бағдарламалар ауқымында А және В санатындағы көлік құралын жүргізу құқығына куәлік алу үшін азаматтың өз бетінше дайындалуына рұқсат етіледі" деп жазылған.

Алайда бұл норманы жүзеге асырудың нақты тетігі болмапты. Жауапты мекеме арнайы оқуын бітірмей, көлік жүргізгісі келетіндердің білімін қалай және қандай жолмен тексеруге болатынын толық түсіне қоймаған. Оның үстіне заңға қайшы болса да, емтихан қабылдау ережелерінде көлік жүргізуге құқық беретін куәлікті алу емтиханына жіберу үшін азаматтан автомектепті бітіру туралы куәлік талап етілетін. Кейін бұл заңның орнын жаңа "Жол жүру туралы" заң басты да, онда көлік иесіне автомектептен тәуелсіздік әперетін норма алып тасталды.

Алайда артынша "әткеншектің" қайтадан кері серпілетін кезі де туды! Арада жиырма жылдай уақыт өткенде ІІМ 1996 жылғы заңның талабын қалай орындауға болатынын жақсы түсінді. Сондықтан осыдан екі жылдай бұрын "ескі" баптың шаңы сүртіліп, жаңа заңға өзгеріс түрінде енгізілді. Нәтижесінде "Жол жүру туралы" заңның 74-бабының 1-тармағына сәйкес, ішкі істер министрлігінің 2016 жылғы сәуірдегі бұйрығымен емтихан қабылдау және жүргізуші куәлігін беру ережелеріне өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, үміткер жүргізушіге өз бетінше дербес дайындалып, "АА1" және "ВВ1" санатындағы автокөлік құралын – жеңіл көлік, мотоцикл, квадроцикл және трицикл жүргізу құқығына ие болуға мүмкіндік берілді. Бұл норма 2016 жылдың 1 маусымында күшіне енді.

Енді қызықты қараңыз: ІІМ осы бұйрықтың жобасын әзірлеп, оның орындалу тетіктерін түзіп жатқанда, 2015 жылы мәжілістің бір топ депутаты бұған тосқауыл қоятын төл заң жобаларын әзірлеп, жедел түрде жыл жабылар тұста бірінші оқылымда мақұлдап үлгерген. Жаңа жылда бұл жоба заң ретінде толық қабылдануы да ғажап емес-тін. Алайда 2016 жылдың басында Мәжіліс кенет тарап кетті. Осылайша "әткеншек" әзірге ауада қалықтап тұр. Егер алтыншы сайланған парламент бұрынғы депутаттар бастамашы болған әлгі заң жобасын қабылдаса, ол қайтадан автомектептер жағына шайқалып, соларға жеңіс пен табыс әкелмек.

Заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, депутат Қанат Мусиннің айтуынша, бұл жоба автомектепте оқымай, жүргізуші куәлігін алуға тыйым салмақ.

"Өйткені рұқсат ететін шешім қоғамда екіұдай пікір тудырды. Ақпарат құралдарындағы көптеген комментарийде халықтың алаңдағаны байқалды, азаматтар жүргізушінің жеткіліксіз дайындалуы салдарынан жол апаты күрт артады деп мазасызданады. Автомобильшілердің кәсіби бірлестігінің өкілдері де қуатты наразылық білдірді", – дейді депутат.

Ол жүргізуші атануға үміткерлердің өз бетінше даярлану деңгейін "төмен" деп бағалады: "ІІМ дерегіне сүйенсек, өткен жылдың маусымынан биылғы 1 қаңтарына дейін дербес дайындалған 2,8 мың үміткердің тек 20%-ы ғана емтиханды табысты тапсырып, жүргізуші куәлігіне қол жеткізді. Ал жүргізушілер курсын бітірген 500 мыңға жуық үміткердің кем дегенде 50%-ы куәлік алады".

Сол себепті депутаттар жаңа заң жобасы арқылы автомектепте оқуды қайтадан "көлік жүргізу куәлігін алу емтиханына жіберудің міндетті шарты" ретінде бекітпек ниетте.

Жұмыс тобына қатысқан ІІМ Әкімшілік полиция комитеті мемлекеттік автомобиль инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Иманбаев "көлік жүргізуге автомектептен тәуелсіз, өз бетінше үйренетін үміткер жол апатының санын арттырады" деген қауіпті жоққа шығаруға тырысты. Оның айтуынша, олар қатаң сынақтан өтеді және мұқият іріктеледі. Мұны ол статистикамен дәйектеді.

"Азаматтардың өз бетінше дайындалуына тек мамандандырылған ХҚКО-да ғана жол беріледі. Өйткені олар арнайы автоматтандырылған автодроммен жабдықталған. 2016 жылы алғаш рет жүргізуші куәлігін алғандардың небәрі 0,9%-ы ғана өз бетінше дайындалғаны анықталды. Биыл бұл көрсеткіш аздап артып, 3,4%-ға жетті", – дейді Мұрат Иманбаев.

Расында тыйым салушы талаптарды байыпты ету үшін депутаттар "жүргізушілердің өз бетінше дайындалуы коррупция факторларын туындататынын" алға тартады.

Осы тараптағы алып қашпа әңгімелерге тосқауыл қою үшін былтыр ішкі істер министрлігі ниет білдірген барлық журналисті жинап, Алматыдағы мамандандырылған ХҚКО-ға пресс-тур ұйымдастырған болатын. Сонда ІІМ мамандары дербес даярланған жүргізушіге көмектесіп, білімін "қолдан көркейту" мүмкіндігі жоқтығына журналистердің көзін жеткізуге тырысты. Егер автомектеп бітіргісі келмесе, азамат мамандандырылған ХҚКО-дағы жабық автодромда дайындалуы қажет екен: көлік жүретін жолда жүргізуші куәлігінсіз көлік айдауға тыйым салынған. Бүкіл Қазақстанда дәл осындай 11 ХҚКО жұмыс істейді. Олар жоғарыда айтылғандай, тек жеңіл көлік пен мотоцикл жүргізушілерге қызмет көрсетеді.

Жүк көлігін, автобус және басқасын жүргізуге құқық беретін C, D, E санаттағы жүргізу куәлігін алғысы келетіндерге өз бетінше даярлануға рұқсат етілмейді, олар автомектеп бітіруге міндетті. Ал автомектеп саны республикада 9 мыңдай.

Дербес әзірленіп, жүргізуші куәлігін алуға келгендер мамандандырылған ХҚКО-да медициналық тексеруден өте алады: дәрігер де осында отырады, бірақ қызметі ақылы. Рас, азамат мұны қаламаса, өз бетінше мемлекеттік емханада тексеруден тегін өте алады.

Егер көз дәрігері, психолог немесе басқа "ақ халатты" маман қосымша тексеруге жібермесе, онда бірден емтихан тапсыруға аттанасыз. Ол сынақ екі кезеңнен – теориялық және практикалық бөлімнен тұрады. 40 сұраққа 40 минут беріледі. Бұл жерде бар-жоғы 8 рет қана қателесуге рұқсат етіледі, тоғызыншы сұрақта қате жіберсеңіз, компьютер автоматты түрде тестілеуді тоқтатады.

ІІМ компьютер сұрақтарына жауап беру үшін смартфонды немесе басқа да көмекші құралды пайдалану мүмкін емес деген пікірде: әрбір компьютерде камера орнатылған.

Практикалық емтиханды тапсыру кезінде үміткер белгілі бір бағдармен өзара байланысты 12 сынақ жаттығуын орындауға тиіс. Бұл ретте айып-балдың жалпы саны 100-ден аспауға тиіс. Балды автомат санайды. Егер қате саны 100 балдан асса, автомат үміткердің емтиханды тапсыра алмағанын хабарлайды.

Әр жерде қозғалысты бақылау құрылғысы орнатылған, бұл құрылғы емтихан нәтижесін автоматты режимде анықтайды. Ішкі істер министрлігі емтихан нәтижесін қолдан түзету немесе емтихан алушы маманның тікелей қатысу мүмкіндігі толығымен жойылған деп сендіреді.

Оның үстіне ХҚКО-да квадроциклге дейінгі барлық санаттағы автокөлік түрі бар.

Сынақтан құлағандар емтиханды 8 күн өткеннен кейін қайта келіп тапсыра алады. Сонымен бірге ертерек келісімге отыру арқылы жексенбі күні орталықтың автодромына келіп, жүргізу шеберлігін ұштауға болады.

Бірақ тайталасушы қос тарап бір-бірінің дәлел-дәйегіне құлақ аспай, тек өзін әділ санайтынға ұқсайды және әр тараптың спикері аса беделді болып келеді. Мысалы былтыр қыркүйек айында сенатор Ақан Бижанов автомектепте оқымаған жүргізушілердің кесірінен жол қауіпсіздігі деңгейі төмендеп, жол-көлік оқиғасының саны күрт артуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол бұл байламын сарапшылар мен мамандар пікірімен байланыстырды. "Емтиханның өзі кешенді емес, ең көп дегенде бір мезеттік-оқиғалық сипатқа ғана ие және ол білікті жүргізушіні дайындауға қауқарсыз", – деді ол үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.

Одан бұрын, 2016 жылдың сәуірінде ішкі істер министрлігіне оқусыз куәлік беруді тоқтатуды сұрап, 100-ден астам автомектептің басшысы жүгінді.

"Біз бұл тәжірибеге тыйым салуды сұраймыз. Бұл – осы тәрізді сынақтарды еш қорықпай, жүзеге асыра беруге болатын сала емес. Біздің ойымызша, өз бетінше дайындалуға емтиханның дұрыс жауаптарын жаттап алуға бейім тұратын, ал жүргізу шеберлігін тек куәлікке қол жеткізгеннен кейін жолда шыңдауға шығатын азаматтар көп жүгіне ме деп алаңдаймыз. Біреуіне өз бетімен көлік айдауды үйренуге құқық беру арқылы біз басқа азаматтардың жол жүру қауіпсіздігіне деген құқығын кемітеміз", – дейді "Автомектептер қауымдастығы" кәсіби бірлестігінің төрайымы Майя Кан.

Ал ішкі істер министрлігі мамандары автомектептердің оқыту сапасы көңіл көншітпейтінін айтады. Осыған байланысты жол полицейлері арнайы баспасөз мәлімдемесін де таратқаны бар. Онда автомектепті бітіру міндет болған жылдары жол апатының саны артқаны жайлы дәйек келтіріледі. Ал былтыр азаматтарға өз бетінше дайындалуға рұқсат етілді. Демек автомектепті жақтаушылар болжағандай, "жолдағы апат саны күрт өскен" болар? Өзіңіз қараңыз!

Бас прокуратураның дерегіне жүгінсек, биыл қаңтар айында республикада 1 046 жол апаты болып, 1 480 адам зардап шеккен, оның 81-і қаза болған. Ал 2016 жылдың желтоқсан айында 1 669 жол апаты (ЖКО) тіркелді, онда 2 428 адам зардап шегіп, 215 адам қаза тапты.

Бас прокуратураның құқықтық статитиска және арнайы есепке алу комитетінің мәліметіне сүйенсек, республикада 2016 жылдың қаңтар айында 1121 жол апаты болып, 1656 адам зардап шекен. 2015 жылдың қаңтарында 1210 жол апаты тіркеліп, 1737 адамның денсаулығына зақым келген, оның 136-сы қайтыс болған.

Тіпә-тіпә делік, жолдан келер зауал азайып келе жатқандай.

Бұл да бір "әткеншек", қай жаққа әуелей жөнелері беймәлім. Дұрысы, әр азамат жолда және жолды кесіп өткенде барынша абай болғаны жөн. Ал жүргізушіге өз бетінше дайындалуға әрі қарай мүмкіндік беру немесе қайтадан автомектепке тәуелді ету бағытында қызылкеңірдек пікірталас жалғаса беретінге ұқсайды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу