Сбербанк тамызда корпоративті салымдардың бестен бірінен айырылды

Камила Абдиева Камила Абдиева
1637

Дәл осы жағдайда бір айдағы өтелмеген қарыздардың көлемі алтыдан бірге қысқарды. Бұл несие қоржыны сапасының жақсарғандығының көрінісі.    

Сбербанк тамызда корпоративті салымдардың бестен бірінен айырылды

Тамызда "Сбербанк" АҚ-ның корпоративті депозиті өткен аймен  салыстырғанда 19,3%-ға қысқарды (107 млрд теңге, 447 млрд теңгеге дейін). Аbctv.kz дәл осындай статистиканы назарға ұсынып отыр. Жеке тұлғалардың депозиттерінің 1,3%-ға (8,8 млрд, 671 млрд теңгеге дейін) өскенін ескергеннің өзінде, банктің жалпы депозиттік базасы тамыз айында 8,8%-ға (98,2 млрд, 1,11 трлн теңгеге дейін) қысқарды.

Назар аударарлығы, Сбербанктің несие қоржыны өсті, ал оның сапасы айтарлықтай жақсарды. Сбербанктің тамыз айындағы кредиттік қоржыны 0,7%-ға (7,8 млрд теңге) өсіп, 1,1 трлн теңгеге дейін жетті. Бұл ретте мерзімі өткен несиелердің үлесі 3%-ға (5 млрд теңге) қысқарып, 162,1 млрд теңгені құрады. Ал сенімсіз кредиттер көлемі (NPL, мерзімі 90 күннен асып кеткен) тамыз айында 16,8%-ға құлдырап (21,4 млрд теңге), 106,2 млрд теңгеге тең болды. Несиелік қоржындағы NPL-дің үлесі қыркүйек айының басында 9,65%-ды құрады.

Дүйсенбі, 9 қазан күні Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі "Сбербанк" АҚ-ның эмитент дефолтына жүргізілген ұзақ мерзімді рейтинг бойынша өз болжамын жақсартты. Атап айтқанда, агенттік болжамын "тұрақтыдан" "оң" деңгейге өзгертті. Сондай-ақ алдын ала берілген рейтингтегі "ВВ+" деңгейін растады.

"Болжамдардың өзгеруі "Сбербанк России" ААҚ-ның эмитент дефолтына жүргізілген ұзақ мерзімді рейтингтегі болжамдарды қайта қараумен байланысты болды. Рейтинг өзінің еншілес банкіне  қолдау қажет бола қалған жағдайда бас құрылымның мүмкіншіліктері ықтимал артатындығын көрсетіп отырады", – деп үзінді келтірді Fitch Ratings-тен банктің баспасөз қызметі.

Депозиттер ағынына байланысты банктің жиынтық міндеттемелері бір айда 6,6%-ға (100,8 млрд теңге, 1,41 трлн теңгеге дейін) кеміді. Осының салдарынан Сбербанктің автивтері 5,9%-ға (99 млрд теңгеден астам, 1,57 трлн теңгеге дейін) қысқарды. Ал банктің ликвидтік активтері 16%-ға (99,1 млрд, 499 млрд теңгеге дейін) төмендеді. Ай қорытындысы бойынша олардың банк құрылымындағы үлесі 35,7%-дан 31,7%-ға дейін қысқарды.

Жалпы банктік сектордағы корпоративті салымдар көлемі 0,8%-ға (74,5 млрд, 8,93 трлн теңгеге дейін) артқан. Сондай-ақ АТФ банкінде – 8,6% (50,7 млрд, 537 млрд теңгеге дейін) және "ЦентрКредит" банкінде 3,4% (15,8 млрд, 447 млрд теңгеге дейін) салымдар ауған. Осы тұста салымдардың көптеп құйылуы Халық банкіне тиесілі (+10% немесе 160 млрд, 1,7 трлн теңгеге дейін). 2017 жылдан бастап корпоративтік депозиттер бойынша кірістілік көрсеткіштері тұтас секторда төмендегенін көрсетеді.

Сбербанк – активтер көлемі жағынан Қазақстандағы банктер арасында төртінші орынды иеленеді (2017 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 1,57 трлн теңге). Тамыз айының қорытындысы бойынша банктің таза табысы 1,2 млрд теңгені құрады. Ал бөлінбеген пайда көлемі жыл басынан бері 9,2 млрд теңгеге дейін өсті. "Сбербанк"-тің иесі – Ресейдегі ең ірі банктердің бірі саналатын "Сбербанк России" ААҚ.

Еркебұлан Қыздарбек, Камила Абдиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу