Сенат пен Үкімет жаңа Мәжілісті "сазға отырғызып" кетті ме?

2634

Сарапшылар сенаторлардың жаңа депутаттық корпус жасақталғанын күтпей, ел үшін маңызды заңдарды жанұшыра жалғыз қабылдап жатқанына таң. 

Сенат пен Үкімет жаңа Мәжілісті "сазға отырғызып" кетті ме?

Жасыратыны жоқ, 19 наурыздағы Парламент сайлауы көптеген халықаралық сарапшының көңілін қалдырыпты. Мұны Қазақстандағы парламенттік бәйгенің қорытындысын шығарған шетелдік ақпарат құралдарындағы сараптамалардан байқауға болады. Мысалы, АҚШ-та жарық көретін The Diplomat байсалды басылымы Жаңа Қазақстанның жаңа Парламенті ескі Қазақстанның Парламентінен еш ерекшеленбейтін болды деп байлам жасады.

"Атап өтетін жайт, партиялардың бірде бірі ел басшылығының саясатына қарсы шығып, статус-квоны түзетуге батылы жетпеді, басын қатерге тікпеді, әрі олардан мұны ешкім күтпеген де еді. Ал бірмандатты округтер бойынша сайлау қорытындылары ең көп көңілді қалдырған жайт болды. Себебі, бірмандатты округтерге берілген 29 депутаттық орын арқылы Қазақстан Парламентіне шынайы оппозициялық күштер келе алатын еді. Оның орнына 29 бірмандатты округтің 23-інде мандат билік партиясы ілгерілеткен кандидаттарға тиді. Яғни, жаңа Парламентке бар-жоғы 6 өзін-өзі ұсынушы ғана келмек. Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан" туралы әңгімелері пәрменді заң шығарушы биліктің тегеурінді рөл атқаруын қарастыратын еді. Алайда бұл сайлаудың нәтижесі, яғни біріншіден, оған дауыс беруге сайлаушылардың аз келгеніне, екіншіден, кімдердің жеңгеніне қарасақ, онда мұның бәрі қазақстандықтарды өз үнін биліктің еститініне сендіру қиын болады", – деді саяси шолушы, The Diplomat редакторы Кэтрин Путц (Catherine Putz).

Ал саясаткер, Қазақстанның бұрынғы Үкімет басшысы Әкежан Қажыгелдин ел билігіне халықтан кешірім сұрап, ең құрығанда бірмандатты округтер бойынша қайтадан әділ сайлау өткізуді ұсынды.

Дегенмен, осы аптада жаңа сайланған Парламент Мәжілісі бірінші сессиясына жиналуы мүмкін.

Бұл жерде сарапшылар тағы бір проблема бас көтеріп отырғанына назар аудартты. Оны тіпті Сенат төрағасы да сөз етті.

Қысқасы, Парламентке өткен жаңа партиялардың өз сайлаушыларына берген уәделерін, сайлауалды бағдарламаларын орындауға бюджетте қаржы табылмауы мүмкін екен.   

"Енді міне, Мәжіліске жаңа депутаттар, жаңа партиялар келеді. Олардың төл, жаңа күн тәртібі болады. Олар соған ақша сұрайды. Әрине, олардың өз міндеттерінің бар екені, олар сайлаушылар алдында өз жұмысын көрсетуге тиістігі түсінікті. Бірақ бүгінде Ұлттық қордың қаражатын пайдалану тұрғысынан да, экономиканың дамуы тұрғысынан да ахуал күрделі. Сондықтан біздің бәріміз қаржылық тәртіпті сақтауға тиіспіз. Бір ғана цифр келтірейін. Соңғы 5 жылда бізде республикалық бюджеттің мұнайлық емес табыстары 66% өсті. Алайда осы кезеңде шығыстар 120% артқан. Яғни, біз шығысымыздың өсімін табысымыздан екі есе асырдық. Үкімет ол ақшаны қайдан алады? Ұлттық қордан алады, немесе бюджет тапшылығын арттырып, қарыз тартады. Басқа қаржы көздері жоқ. Мұндағы негізгі месседж мынау: біздің бәрімізге қаржылық тәртіпке мойынсұну қажет болмақ", – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбеав жоғарғы палатаның отырысында .

Сенат басшысы бұдан былай Ұлттық қор қаражатын тек қана стратегиялық шығыстарға шығындау керектігін нықтады.

Осыдан-ақ өзін биліктен тәуелсіз ұстағысы келіп, Үкіметтің ұсынғанын емес, сайлаушылардың талаптарын төл күн тәртібі ретінде қабылдап, соны ілгерілеткісі келетін партиялар мен жекелеген депутаттарды не күтіп тұрғанын аңғаруға болады.

Саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұлов өзін бірнеше жайт тіксінткенін айтты.

"Былтырғы конституциялық реформа кезінде ғалымдардың ұсынғанына қарамастан, Президенттің Мәжілісті тарату құзыры жойылмады. Жаңарған Ата заңның 63-бабында ел Президенті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьермен консультациялардан кейін Мәжілісті тарата алады деп анық жазылған. Тек соғыс басталса немесе Мемлекет басшысының өкілеттігінің аяқталуына 6 ай қалса ғана Президент бұл құзырын пайдалана алмайды. Басқа уақытта Мәжілісті не істеймін десе де, өз еркі. Яғни, тіпті тәуелсіз, азулы Мәжіліс сайланып, ол ел басшылығының халыққа жақпайтын, ел, ұлт мүддесіне қайшы келуі мүмкін шешімдеріне қарсы тұрса, онда ол тарап тынады", – деді сарапшы.

Бұған қоса, ол бұрынғы биліктен жаңа Қазақстан мұраға алған тәсілдеме бойынша Мәжіліс жоқта, Сенат өз бетінше қалаған заңды әзірлеп, жалғыз өзі қабылдап, тікелей Президенттің қол қоюына жолдай алатынына назар аудартты.

Екі-ақ жыл жұмыс істей алған VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісі өзінің соңғы жалпы отырысын биылғы 18 қаңтар өткізіпті. Оның өзінде халықаралық келісімдерді ратификациялаумен ғана шектелді. 63 заң жобасын қарап үлгермеді. Бұған қоса, Смайылов Үкіметі Парламентке жаңа заңдар әкеліпті.

Ал VIII шақырылымдағы Мәжіліс әзірге жұмысына кірісе қойған жоқ.

"Осы уақыт аралығын, time lag-ты пайдаланып, сенаторлар жаңа депутаттарды күтпей, олармен ақылдаспай, бұрқыратып заң қабылдауда. Білуімше, Мәжіліс тарағалы Сенат шамамен 12 жалпы отырысын өткізіп үлгеріпті. Оның үстіне жоғарғы палата маңызы шамалы, қолданысы тар, не бұрынғы Мәжіліс пысықтаған заң жобаларын емес, жаңа депутаттық корпус үшін де аса маңызды заңдарды қабылдап қойды. Мысалы, таяуда 2023–2025 жылдарға арналған нақтыланған республикалық бюджетті қабылдап тастады. Бұл не асығыстық? 6 партиядан тұратын жаңа Мәжілістің іске кірісуін күтіп, солармен бюджетті талқылауы керек еді. Жаңа партиялар өз сайлаушыларына берген уәделерді орындау үшін жаңа жоба, бастамалар ұсынады. Оған бюджеттен қаржы бөлінбесе, қалай жүзеге асады? Үш жылдық бюджет оларсыз қайта қаралып қойды. Сөзінде тұрмай, халқына қарабет болады ғой? Сенат пен Үкімет жаңа Мәжілісті сазға отырғызып кеткен сияқты", – деді саясаттанушы ғалым.

Айтпақшы, заң шығарушы билікте әзірге жалғыз үстемдік еткен Сенат конституциялық заңдарға Қазақстанда әкімшілік реформа жүргізуге қатысты өзгерістер енгізетін қос заңды да қабылдады.

Бұлар елдегі саяси жаңғыруларды өрбітуге арналған аса маңызды құжаттар. Мемлекет басшысы экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет деп еді. Бұл жаңа заң жобалары Үкіметтің кейбір құзыреттерін министрліктерге беруді, басқару жүйесін орталықсыздандыруды және басқа да аса қажет әкімшілік реформаларды қарастыруға тиіс болатын.

Бәлкім, Сенаттың жүрісі қауырт, жұмыс кестесі тығыз болмағанда, Жаңа Қазақстандағы жаңа билікті қалыптастыруға атсалысуға жаңа Мәжіліс те мүдделі болып, қуана қатысатын ба еді? 

Ескі Қазақстаннан қалған Сенаттың ісі асығыс. Бірақ қайда асығып бара жатқаны белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу