Сенаторлар үкімет басшысын "сілкілеуге" кірісті

3363

Алматыда жер сілкіністерінің үдеу қаупі сенаторларды да шошынтып отыр.

Сенаторлар үкімет басшысын "сілкілеуге" кірісті

Сондықтан сенаттың бүгінгі жалпы отырысында палатаның халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған бір топ депутат үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, дабыл қақты.

Бұған негіз де жоқ еместей. Кеше білім және ғылым министрлігінің сейсмология институты зертханасының меңгерушісі Әбдірахман Курскеев Алматы сейсмикалық процестердің жандануы фазасына аяқ басқанын, әсіресе, "Жаңа жыл" мерекесі күндері алматылықтарға оңай соқпауы ықтималдығын жариялады.

"Мұны Қытай аумағындағы және басқа елдердегі жер сілкіністері дәлелдейді. Бізде де алдағы айларда біліне басталады. Біз жер сілкінісі желтоқсанның соңы мен қаңтар айының басында белсенді жүреді деп айта аламыз. Бұл кезең барынша қауіпті", – деді Әбдірахман Курскеев.

Ол биылғы жылы бәрін жаппай қирататын жойқын зілзала күтілмейтінін нақтылады. Дегенмен, артынша-ақ "ғылымның қазіргі даму деңгейі жер сілкіністеріне қатысты қысқамерзімді болжамдар жасауға, яғни бір тәулік немесе бір сағаттан кейін не болатынын да нақты айтуға мүмкіндік бермейтінін" мойындады.

"Жер қабығының белсенді қозғалуы "Жаңа жыл" қарсаңында басталады да, 10-15 қаңтарға дейін ұзайды. Бірақ бұл кезеңде негізінен әлсіз зілзалалар жүреді. Егер әлсіз зілзалалар неғұрлым көп болса, бұл кернеуді де әлсіретеді, сөйтіп, үлкен жер сілкінісінің ықтималдығын жояды. Мен жағдай осы арқылы күрделенбейді деген үміттемін. Жалпы, шағын жер сілкіністері күн сайын болады. Ал біз тек магнитудасы 6,5-7 балдық, адамдар зардап шегуі мүмкін салмақты зілзалалар туралы ғана айтып отырмыз. Біздің материалдарымыз бойынша Алматы аумағында мұндай ірі оқиғалар болады деп ойламаймыз", – деген Әбдірахман Курскеев бұл болжамдарының тек алдағы айларды ғана қамтитынын растады.

Бетін аулақ қылсын, егер Алатау бөктері қатты сілкінсе, сейсмология институтының дерегінше, Алматыдағы көптеген ғимараттар оған шыдамай, қирамақ.

"Сейсмикалық толқын, әдетте, тау жақтан келеді. Демек, қаланың барлық аудандары шайқалады. Бұл ретте "Алматыдағы ғимараттар шыдас бере ме?" деген сауал туады. Шыдас бермейді. Себебі, ондағы ғимараттардың көбі сейсмикалық орнықтылықты ескерусіз тұрғызылған. Қалада ескі үйлер өте көп. Салынып жатқан жаңа үйлердің де 9-10 балдан асатын тербелулерге шыдайтындай етіп салынып жатқанына сенбеймін. Неге дейсіз бе? Мен әлемдегі көптеген зілзаланың эпицентрлік аймақтарында болдым. Жапония, Қытайда үйлерді барлық талаптарға сәйкес салады. Алайда 9-10 балдық сілкіністерден соң, алапат толқын жүріп өтетіні соншалық, ол үйлер не құлап, не қисайып қалады. Біздің болжамымызша, ондай толқын мен қуатқа бірінші кезекте ескі және жеке үйлер шыдай алмайды. Егер Алматыда 9 балдық жер сілкінісі болса, шамамен 300 мыңдай адам қаза табуы мүмкін", – деп мәлімдеді Әбдірахман Курскеев.

Мұндай жантүршігерлік болжамды естіген сенаторлар бүгін үкіметтегілерді осы мәселеге салмақты қарауға шақырды.

Ресми сауалда сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті меморгандардан "кейбір мәселелерді тез арада шешуді" талап етті.

"Жер сілкінісіне төзімді құрылыс саласында "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты" (ҚазҚСҒЗИ) мен сейсмология институты сияқты институттар жұмыс істейді. Бұл институттар қызметі "қалдық қағидаты" бойынша толық емес көлемде қаржыландырылады. Қазіргі уақытта, "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ның инженерлік-сейсмометриялық қызметінің 12 станцияларының 8-і ескірген аналогты аспаптармен жабдықталған. Сейсмологиялық бақылаулардың саласында 63 сейсмикалық станциялардан 57-і ғана жұмыс істейді. Жұмыста ондаған жылдар бойы пайдаланған жабдықтар мен құралдар өз ресурстарын шығарып болған, сондықтан шынайы ақпарат көзі бола алмайды. Бұл жағдай жер сілкінісі туралы деректердің дер өңделмеуіне және ол туралы төтенше жағдайларды басқару мемлекеттік органдарға ақпаратты кешіктіріп беруге әкеледі", – деп алаңдаушылық білдірді депутаттар.

Сенаторлар парадоксты бір кереғарлыққа назар аудартады.

"Мәселен, жер сілкінісі кезінде біздің төтенше жағдайлар органдары шетелдік дереккөздердің мәліметтерін пайдаланады. Өйткені олар 7 минут ішінде жедел және шынайы ақпаратты береді, ал біздің станциялар бұл ақпаратты 15 минуттан кейін алады. Осыған байланысты, мұндай институттарды жаңғырту бойынша және оларды қазіргі заманғы аппаратурамен, бағдарламалық қамтамасыз етумен және байланыс құралдарымен толық қайта жабдықтау туралы шешім қабылдау керек", – делінген премьер атына жолданған хатта.

Бұдан басқа, сенаторлар сейсмикалық қауіпсіздік және геологиялық салада жас әрі білікті кадрлар қажет екендігін айтады. Осыған байланысты, олар үкімет басшысынан "жоғары білікті мамандарды дайындау мақсатында Қ.Сәтбаев атындағы КазҰТЗУ-де "Сейсмология" мамандығы бойынша мақсатты магистратура мен докторантура және "Геофизикалық іздеу әдістері және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау" мамандығы бойынша мақсатты докторантура және басқа да байланысты пәндер бойынша ашылуына көмек көрсетуді" сұрады.

Үкімет басшысына арналған бұл талап-үндеуге сенат депутаттары Дариға Назарбаева, Дархан Кәлетаев, Талғат Мұсабаев, Серік Жақсыбеков және басқалары қол қойған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу